« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген ғибратты нақылдың өзге емес, ұстаздар қауымына бағытталуы тегін емес. Шәкірттерін адалдық пен әдептілікке, имандылық пен ізгілікке, өзге де игі қасиеттерге үндеген ұстаздар қауымының өзіне бағыт-бағдар беріп, №92 қазіргі Қ.Күлетов атындағы мектепті табан аудармай ширек ғасырға жуық басқарған Ахиқат Нияздың саладағы еңбегі ерен. Ол ұжымының аудан, облысқа танымалдығын арттырып, іргелі білім ошағына айналуына өлшеусіз тер төкті. Мұндай адамды «білім саласының адастырмас шамшырағы» дегеніміз орынды шығар.
Бүгінгі әңгімемізге арқау қылған облысқа айрықша еңбек сіңірген зейнеткер, көптеген мерекелік медальдардың, республикалық, облыстық, аудандық салалық марапат-мадақтаулардың иегері, бірнеше мәрте ауылдық, поселкелік, аудандық кеңестің депутаты, өзге де алқалы жиындардың делегаты атанған байырғы ұстаз, өсіп-өнген әулеттің отанасы, немерелерінің сүйікті әжесі Ахиқат Нияз осындай жан.
«Адамның тағдырына есімінің де әсері мол» дегенді естіген шығарсыз?! Біздің кейіпкеріміздің өмір жолына да азан шақырылып қойылған Ахиқат аты аз үлес қоспаған сыңайлы. Есімінің өзінен адалдық аңғарылып тұрған ардагер ұстаздың балауса кезеңінен бастау алып, ел анасы шағына дейін ұласқан еңбек өтілінде арына дақ түсірмеуі соның айғағы.
– Ахиқат Ниязқызы бізге орыс тілі пәнінен сабақ берді. Әрі мектеп директоры болатын. Ұстазымыз тәртіптің, әділдіктің үлгісіндей еді. Дауыс көтергенін естімесек те, қатты сескенетінбіз. Апайдың езуіне күлкі ұялап тұрғанның өзінде жүзіне тура қарауға батылымыз жетпейтін. Жаңа сабақты түсіндіргенде тура миыңа құйып жібереді. Апай мектепке кіргеннен тым-тырыс, шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнайды. Жайшылықта алысып-жұлысып жүретін балалар моп-момақан кейіпке енеді. Ахиқат апай ешкімді жазықсыз жазғырмайтын. Өз басым «тура биде туған жоқ..» деген нақыл осы кісіге арналғандай сезінем. Кінәлісің бе, туған ұлы болсаң да жауап бересің. Апайдың алдында басың салбырап, сәл уақыт тұрсаң, көп уақытқа дейін тыныш жүруге тырысасың, – дейді ұстаздың көптеген шәкіртінің бірі Бақытбек Қазыбаев.
Ахиқат Нияз Ұлы Отан соғысы тұтанған жылы дүниеге келді. Бұл тұстағы елдегі ауыртпалық баршаға аян. Қаршадайынан білімге құштар ол қалай да жоғары білім алуды алдына мақсат қылды, әрі солай болды. Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ) педагогикалық институтын үздік бағамен бітірген Ахиқат Ниязқызы еңбек жолын №24 Ү.Түктібаев атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде бастады. Осында өткен жылдарда білікті де жігерлі жас маман оқушыларға сапалы білім беруде, қоғамдық жұмыстарға қатысуда ерекше көзге түсті. Жалын жігерлі жастың келешегінен үміттенген басшылық әйелдер кеңесінің төрайымы, кеңшардың үгітші-насихатшы қызметін сеніп тапсырды. Ұйымдастырушылық шеберлігі жоғары бағаланып, аудандық комсомол комитетінің мақтау грамоталарымен марапатталды.
Еңбек еш кеткен жоқ. Жергілікті басылымда Ахиқат Нияз туралы көлемді мақалалар жарық көрді. Поселкелік, аудандық кеңестің депутаттығына сайланып, комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Мұнан соң ол аудандық партия комитеті жанындағы кешкі партия мектебін, Фрунзе қаласындағы Бүкілодақтық комсомолдың зоналық мектебін тәмамдап, аудан жастарын жақсы істерге тәрбиелеуде ізгі істердің бастамашысы болды. Комсомолдардың республикалық ІІ съезіне аудан жастарын бастап баруы да сол кезеңдегі елеулі оқиға болатын.
– Мектепке басшылыққа келген сәттен педагогикалық ұжымды игі істер бастауға, әрбір мұғалімнің жағдайын жете білуге көңіл бөліп, олардың жемісті еңбек етуіне жағдай жасап, ата-аналармен тығыз байланыс орнаттым. Жас мұғалімдерге үнемі ақыл-кеңес беріп, қамқорлыққа алдым, – деп өткен күндерді тебірене еске алады А.Нияз.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |