Түркияға қалай оқуға түсуге болады?

Тіл үйрену адамның миын тиімді пайдалануына, жаңа нейрондық байланыстардың түзілуіне көмектеседі. Ал жалқау адамның ми жасушалары ақырындап өле бастайды. Жақында ми жұмысы туралы осындай зерттеу жұмысын оқып, тың мәліметтерге қанық болдым. Сөйтіп жаңа тіл меңгеруді жоспарладым.

Түріктердің сериалдарын көріп, әндерін жиі тыңдайтындықтан, түрік тілін оқу туралы ойланып жүр едім. Инстаграмда Түркияда оқып жатқан әріптесім Әсел Сарқыт жақында қазақтарға түрік тілін үйрететін онлайн курс бастайтынын хабарлады. Қуанып кеттім. Жұмыс уақытына да ыңғайлы болғасын, бірден жазылдым. Бір айдың ішінде түрік тілінің А1 деңгейін аяқтадық. «Әселден жақсы ұстаз шығады екен» деп қойдық. Кейін оқуға қалай түскенін, түрік тілін қалай үйренгенін сұрадық. Оның арманы да жақсы ұстаз болу екен. Әселмен болған әңгімені назарларыңызға ұсынамыз. Мұнда шетелде оқу, тіл үйрену, ортаға бейімделу туралы пайдалы ақпарат көп.

Түркияға алғаш рет 2019 жылдың ақпан айында ғылыми тағылымдамадан өту үшін бардым. Ол кезде ҚазҰУ-дың магис­тратурасында оқып жүрген едім. Тағылымдамадан өту үшін Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің журналистика факультеті деканынан шақырту алдық. Деканы Закир Авшан бізді қабылдап, факультет жұмыстарымен таныстырды. Кейін декан орынбасары Мехмет Топлу аудиторияларды аралатып, біздің саламызға қатысты кітаптарды көрсетті. Ол кісінің кабинетіне кіргенде, кішігірім кітапхана ма деп қалдық. Аядай ғана бөлменің бір қабырғасы толы журналистика туралы кітаптар екен. Бізге оның төрт-бесеуін сыйға тартты. Сол кезде «осы университетте оқысам ғой» деген арман жылт етті.

Түркияда оқуға арналған «Түркие бурслары»бағдарламасы туралы бұрын да білетінмін. Былтыр құжаттарымды жинап жүргенде ата-анам қарсы болған соң, тапсырмай қалғанмын. Тағылымдамада жүргенде «осы бағдарламаға тағы тапсырып көрсем бе екен?» деген ойым беки түсті. Қазақстанға келген соң бірден құжаттарымды жинадым. Уақыт өте тығыз болды. Құжат қабылдаудың соңғы үш күнінде бәрін жинап, тапсырып үлгердім.

«Түркие бурслары» бағдарламасының арнайы сайты бар. Өтінімді сол жерде онлайн жасау керек. Қажет құжаттардың тізімі сол жерде көрсетілген. Құжаттарды тапсыру үшін ешқайда барудың керегі жоқ. Бәрін онлайн тіркесеңіз болды.

Мектеп бітірген кезде бастауыш сыныптағы мақтау қағаздарының не керегі бар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ол да бір нәрсеге жарайды екен. Осы бағдарламада бастауыштан бастап, соңғы оқыған жеріңізге дейін барлық мәліметті сұрайды. Оқу үлгеріміңіз, жетістіктеріңіз, қоғамдық белсенділігіңіз – бәрін анықтап жазу керек. Мәліметтерді растайтын құжаттардың сканерленген нұсқасын сайтқа тіркеу керек.
Сосын барлық бағдарламадағы сияқты мотивация хаты (уәждемелік хат) мен ұсыныс хат жазу керек. Негізі сайттағы ақпаратты қай тілде толтырғаның маңызды емес дейді. Бірақ шәкіртақы иегерлерінен сұрасам, барлығы түрік не ағылшын тілінде толтырыпты. Сәйкесінше, мен де өтінішті толық ағылшын тілінде жазғанмын. Сондықтан сайтты осы екі тілде толтырған дұрыс деп ойлаймын.

Жалпы бұл шәкіртақыға іріктеу екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – сайтта толтырған мәліметтер арқылы іріктеу. Екіншісі – бағдарлама өкілдерімен кездесіп, әңгімелесу.
Екінші кезеңге шақыртуды мамыр айында алдым. Әңгімелесуге сайтта көрсеткен барлық құжаттың түпнұсқасын апару керек. Оны бағдарламаның үш өкілі және бір аудармашы қабылдады. Әңгімелесу тілін өзіңіз таңдай аласыз. Маған қазақ тілі ыңғайлы болды. Әңгімелесу кезінде барлық құжатты мұқият қарайды. Алғашқы сұрақ жұмыс істеп жүрген салама қатысты болды. Ол кезде «Ана тілі» газетінде бөлім редакторы болатынмын. Ол жердегі қызметім, қандай тақырыптарда жазатынымды, оқуға түсіп кетсем, қай тақырыпты зерттейтінімді сұрады. «Қазір жап-жақсы жұмысыңыз бар екен, Түркияға оқуға кетіп қалсаңыз, бітірген соң бәрін басынан бастау керек болады.

Оған дайынсыз ба?» деп сұрады. Дайын едім. Олар да бұл жауа­быма сенген сияқты. Себебі журналистика факультетінде ұстаздық еткім келетін. Бірақ қатардағы ұстаз болғым келмеді. «Түркие бурсларын» таңдауымның бірден-бір себебі – осы. Жан-жақты ізденіп, жаңа әдіснамаларды меңгеріп, берері бар ұстаз болсам деген ой.

Әңгімелесу кезінде бір адам әңгімеге араласпай тек тыңдап, мұқият бақылап отырды. Оның психолог екенін кейін білдім. Ол үміткер әңгімелесу кезінде өзін қалай ұстады, өтірік айтты ма, жоқ па – бәрін бақылап отырады. Әңгімелесу біткен соң, ең қиыны – күту.

Сүйінші хат екі айдан соң келді. Бір қызығы, қыста өзім тағылымдамадан өткен университетке, дәл сол факультетке грантқа түстім. Бағдарламаның артықшылығы – ай сайын шәкіртақы береді, жатақхана ақысын, медициналық сақтандыру, біржылдық түрік тілі курсын, оқуға түскендегі келу және оқу бітіргендегі қайту билеттеріңді алып береді. Саған артылатын бір ғана міндет бар, ол – үздік оқу.

ЖАҢА ТІЛДІ ТЕЗ ӘРІ  ТИІМДІ ҮЙРЕНУ ЖОЛДАРЫ

Бағдарламаға тапсыру кезінде түрік не ағылшын тілін оқу тілі ретінде таңдайсыз. Ағылшынша білсеңіз IELTS 6.0-ден жоғары болуы керек. Ал түрік тілін кем дегенде С1 деңгейінде білу керек. Егер ағылшынша оқитын болсаңыз, не түрікше білмесеңіз, бір жыл түрік тілін үйренесіз. Біз қазір сол түрік тілін үйрену курсын оқып жатырмыз. Тобымызда Ауғанстан, Мысыр, Йемен, Грек­ия, Джибути, Ираннан келген студенттер бар.

Түрік тілі қазақтар үшін аса қиын емес. Себебі тіл заңдылықтары, ережелері қатты ұқсайды. Тағы бір байқағаным, біздегі көне сөздер – түрікше жаңа сөздер. Түркия мемлекеті құрылған соң тілдерін араб, парсы сөздерінен тазартқан. Мысалы, тазарған сөздердің ішінде «мектеп», «мұғалім» сияқты сөздер бар. Түріктер қазір оны «окул», «хожа» деп ауыстырған. Ал біз қазақ тілінде әлі араб, парсы сөздерін қолданамыз.

Анкараға келгенде түрікше оншақты сөз ғана білетінмін. «Түркие бурслары» бағдарламасының, яғни ҮТВ-ның талабы бойынша, бізді жатақханада түрік қыздардың жанына орналастырды. Бағыма орай, жанымдағы қыздар өте жақсы екен. Көмек беруге даяр, шыдамды. Мен онлайн аудармашыға қарап, айтайын дегенімді аударғанша, жымиып күтіп тұратын.

Курстағы сабақтарымыз басталған соң, тілді тезірек меңгеру үшін түрлі тәсілді қолдандым. Бірінші ютубтағы түрікше онлайн сабақтарды қарадым. Ол жерден үйренген сөздерді Memowords мобильді қосымшасына жазып алып, қайталап жүрдім. Drops, Mondly қосымшаларынан да түрікше сөздер жаттадым. Кейін Жүніс Емре институтының сайтынан (https://learnturkish.com/) тегін онлайн сабақ алдым. Онда түрікшені оқу, жазу, тыңдау және сөйлеу арқылы үйретеді.

Кейін ақырындап түрікше ертегілер тыңдап, оқи бастадым. А1 деңгейі біткен кезде әжептәуір түсінетін халге жеттім. Сол кезде бұл үйренгенімнің де біреуге пайдасы тисе ғой деген ой келді. Сөйтіп, түрікше үйрететін онлайн курс бастадым. Қазақстанда жүргенде құрбыларым түрікше үйренейік десе, қызықпайтынмын. Анкараға келгелі түрік тіліне деген махаббатым ашылды. Роман тілдерінің ішінде әдемісі французша деп жатамыз ғой, меніңше түркі тілдерінің ішіндегі әдемісі түрікше сияқты. Нәзік, қатаң дыбыстары аз. Осы бастамамды Инстаграм арқылы хабарладым. Жиырмадан астам адам жазылып, тілдің бірінші деңгейін аяқтады. Екінші деңгейін наурыз айында жалғастырмақпын. Өзім қазір үшінші деңгейді оқып жатырмын. Әр деңгейді аяқтағанда тест тапсырамыз. Жиыны 100 балдық тесттен 60 балл жинай алмаған адам келесі деңгейге өте алмайды.

ШЕТЕЛДЕ ЖҮРІП,  ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАНИ ТҮСТІМ

Тіл курсында тіл үйренуден тыс түрік мәдениетімен танысу үшін де түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, әр жұма сайын Османлы отбасы орталығына барып, түрік ән-биін, қолөнерін үйренеміз. Осыған дейін Ебру суға сурет салу өнерімен таныстық. Тіл үйренуге арналған бір жылымды осылай жаңа мәдениетпен танысып, жаңа дүниелерді үйренуге арнап жүрмін.

Бұл жаққа келгелі тағы бір байқағаным, жатақханада танысқан түрік қыздардың көбі Қазақстан туралы ешнәрсе білмейді. Тіпті қай жерде орналасқанын да елестете алмайды. Ал біз Түркияның қалай азаттық алғанын, оның алғашқы басшысы Ататүрік болғанын, Стамбұлдың қалай түріктерге өткенін, кем дегенде бұл елдің байрағын білеміз ғой. Себебі мектепте дүниежүзі тарихы пәнінен, географиядан көп оқыдық. Оқушы кезімде кейбір пәндерді ұнатпайтынмын. Қажеті жоқ сабақ деп те ойлайтын едім. Түркияға барғанда пайдалы болғанда барып қадірін түсіндім.

Қазақстан туралы жергілікті халық біле бермейді. Сондықтан Отанымды жақсы жағынан танытуға тырысып жүрем. Өзгелерге таныстыру үшін өзің де оқып, ізденіп, тани түседі екенсің. Түбі бір түркі халықтары болғанымызбен, түріктер мен қазақтардың салт-дәстүрі, құндылықтары әртүрлі. Мысалы, түріктерде бөлелер, немере ағайындар бір-бірімен үйлене береді. Араб, ауғандарда да солай екен. Қазақтың жеті ата ұғымын түсіндіргенімде қан тазалығына соншалықты мән беретінімізге таңғалды. Бұл біз үшін қалыпты, үйреншікті жағдай боп көрінеді ғой. Ал елден жырақта оның ерекшелік екенін түсінесің. Шетелде жүргенде патриоттық сезімің арта түседі екен.

ТҮРКИЯДАН НЕ ҮЙРЕНУІМІЗ КЕРЕК?

Журналистика саласы бо­йынша факультеттегі сабақтарым 2020 жылы күзде басталады. Сондықтан мұндағы оқу жүйесі туралы әзір ештеңе айта алмаймын. Бірақ Worldwide Press Freedom Index Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексі бойынша Түркия Қазақстаннан алда тұр. Демек, бұл елде сөз бостандығы бізбен салыстырғанда жақсырақ дамыған. Сондықтан бұл елде журналистика тұрғысынан үйренерім көп болады деп ойлаймын.

Түркияда маған бір ұнайтыны – ұстаз бен студенттің қарым-қатынасы. Мұнда біздегі сияқты жоғарыдан төмен жүретін авторитар режим жоқ. Ұстаз бен студент тең. Пікір ашық айтылады, сын да қабылданады.

Қазақстанда «Ана тілі» газетінде жұмыс істеп жүргенде Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD қауымдастығымен бірлесіп, «Қазақ әлемі: Болашақ» атты жаңа жобаны жүргізген едім. Онда Англияда білім алған жастармен сұқбаттастым. Олар да дәл осы тақырыпты қозғағанда, өзім көзбен көрмеген соң, еш эмоциясыз қабылдайтынмын. Қазір өзім көріп, ішінде жүрген соң, бұл біздің білім беру жүйесіндегі сыздауықтың бірі екеніне көзім жетті.

Сондай-ақ, Түркияда студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Қаладағы әр ауданда Жастар орталығы бар. Ішінде спорт кешені, музыка үйірмесі, көркемөнер, би, ишарет тілі, ағылшын тілі сияқты түрлі үйірме бар. Бәрі тегін. Барлық университетте бассейн бар. Ол жерде де студенттер үшін көп жеңілдік жасалады. Мысалы, үш айлық жүзбе абонементі бар-жоғы 9 мың теңге. Ол қыздарға және жігіттерге арналған деп бөлінеді. Қала ішіндегі жолақысымен бірге қалааралық пойыз, автобус билеттері үшін де студенттерге жеңілдік қарастырылған. Ешнәрсеге алаңдамай, оқу оқып, өзіңді дамыту ғана міндеттеледі. Біздің елде де осындай жүйе болса, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылар еді.

P.S. Әсел Сарқытпен болған әңгімені шетелде бәрі жақсы екен, сонда барып оқу керек деген оймен емес, елімізде оқу жүйесіндегі кейбір кемшіліктер жолға қойылса деген ниетпен беріп отырмыз.

Дана МАРАТОВА,

«Ақ желкен» журналы


Білім 15 ақпан 2020 г. 794 0