Зияткер ұрпақ – жарқын болашақ

Елімізде зияткерлік мектептер ашу туралы жоба осыдан он жылдан астам уақыт бұрын жүзеге аса бастады. Бұл мектептердің миссиясы – халықаралық тәжірибе мен практиканы ұтымды үйлестіріп, инновациялық білім беру жүйесін әзірлеп, оны енгізу болатын. Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына деген талап мықты, сенім де бөлек. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бірінші қойған НЗМ оқушылары оқуға, ой тоқуға, бастысы білгенін жүзеге асыруға бейім. 

Қызылордада 2013 жылы химия-биология бағытында ашылған зияткерлік мектепте дәл қазіргі уақытта 670 бала білім алады. Жалпы 34 сынып-кешеннің 24-і қазақша, ал 10-ы орысша сабақ беруге лайықталған. Өзі ерекше, ішкі дизайны да көзтартарлық ғимаратта оқушылардың алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасалған. Оқу, жатақхана және спорт блоктарынан тұратын әрі қолжетімді интернет, аса қажет кітаптармен қамтылған мектеп оқушылардың биік мақсатпен білім алуына ықпал етеді.

Айтпақшы, мұнда қай зияткердің үш тілде еркін сөйлей алатынын сұрамайсың! Себебі оқу пәндері үш тілде де жүргізіледі. Осыдан бір ғасыр бұрын Абай  өзгелерден озық болу үшін тіл меңгеру қажеттігін айтқан еді. «Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін, не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі, олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады» деген еді Абай. Расында, көкірек көзің ашылып, дүниені кеңінен тану үшін, өмір салты бұрынғыдан әлдеқайда өзгерген қазіргідей уақытта ағылшын тілін меңгеру қажеттігі дәлелдеуді керек етпейді де. Зияткерлік мектепте «Қазақстан тарихы», «Құқық негіздері», «Қазіргі замандағы Қазақстан», «География», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері ана тілімізде оқытылса, орыс тілінде «Дүниежүзі тарихы» мен «Информатика», «Орыс тілі мен әдебиеті», ал 11-12 сыныпта «Физика», «Химия», «Биология», «Экономика», «Жаһан­дық перспективалар және жобалау жұмыстары» пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі.

Балаларды қоғаммен байланыс орнатуға, елге деген құрметін еселеуге бағытталған «100 кітап», «Туған елге тағзым», буккросинг жобалары да тұрақты, ең бастысы қызықты түрде ұйымдастырылады.

Түлектердің білім көрсеткіші оны мектеп бітірген соң қалай жалғастыруымен де анықталады. Соңғы 5 жылдағы көрсеткіш бойынша, 540 түлектің 502-сі елімізде, ал қалғандары Ресей, Венгрия, Қытай, Оңтүстік Корея, Гонконг, Түркия, Германия, Чехия, Италия мемлекеттерінде білім алып жүр. Айта кетерлігі, 12 жылдық білім сертификатын иеленетін қызылордалық зияткерлер үшін елі­міздегі 13 жоғары оқу орны қысқартылған оқу жүйесін ұсынады. Айталық, Қазақ-Британ техникалық университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Халықарлық ІТ университтеті сынды оқу орын­дарында олар тек 3 жыл білім алады.

Сондай-ақ, осы айда Назарбаев Зияткерлік мектебі аймақтағы 9 жетекші мектеппен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға отырды. Ресми түрде құрылған мектептер қоғамдастығы алдағы уақытта өзара тәжірибе алмасып, білім беру үдерісіне инновацияларды енгізу және дамыту бағытында бірлескен жұмыс атқармақ. Бастысы, қазіргі уақытта зияткерлік мектептің тәжі­рибесі облыстағы басқа да оқу орын­дарына таратылуда.

Облыста мұнан бөлек иннова­циялық мектептердің қатары артып келеді. «Білім-инновация», Е.Әуел­беков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатынан басқа жеке мектептерде ашыла бастады. Айта­лық, өткен жылы құрылған «Ziyatker» инновациялық мектеп-лицейі» ағылшын тілін, математика мен робототехниканы тереңдете үйретуге бағытталған. Мұнда мектепалды даярлық сыныптары және 1-4 сынып оқушыларына қосымша білім беру бағыты бойынша ментальді арифметика, ағылшын тілі, робототехника, дзюдо, футбол, шахмат, жасанды жар­тасқа шығу, би, домбыра, ұлттық ойындар үйірмесі жұмыс істейді.

Жалпы, білім саласында қандай өзгерістер бар? Бүгінде облыста орта білім беретін 293 мектепте 162142 оқушы білім алып жүр. Аймақта үш ауысымда оқитын мектептер 2015 жылы жойылды. Қазір апатты жағдайдағы 2 мектептің құрылысы Жалағаш және Жаңақорған аудандарында жүргізілуде. Сондай-ақ, жеке мектеп қатары көбейіп келеді. Биылғы оқу жылында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашылып, жұмысын бастаған. Ал, қаладағы №4, 12, 187, 217, 278 мектептерге IT-лицей  статусы беріліп, информатика және робототехника пәндерін тереңдетіп оқытуда. Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат енді Арал ауданында да бар.  Қазір оқу орнында 185 бала білім алуда.

Айта кетерлігі, биылғы оқу жылында 5 оқушы әлемдік стандарт негізінде білім беретін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana Garden School» мектебіне қабылданды. Мұндағы мақсат – облыс балаларын халықаралық рейтингісі жоғары әлемдегі ірі университеттерге оқуға түсуге дайындау. Оқушылар арнайы емтихан негізінде қабылданған. Олардың екі жыл мерзіміндегі оқу құны, жатын орны және өзге де шығындар облыс әкімінің гранты негізінде төленеді.

Білімді бірінші қоятын, санасы сергек халықтың қашанда бәсі биік болатыны белгілі. Ал, облыста инновациялық оқу ордаларының артуы – зиялы ұрпақ қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.



Айдана ЖҰМАДИНОВА,
"Сыр бойы".
Білім 10 ақпан 2020 г. 822 0