Айман алған асу

Қасым Аманжолов­тың «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ! Қараймын елесіңе мен таңырқап...» деген жалынды жырын бүгінгі жастарға қарата айтуға болады. Шынында, қазір бізге жол ашық. Сапалы білім алып, кәсіби маман атануға кедергі жоқ. Сондықтан болар, үздіктер қатарынан табылып, жетістікке жету жолында аянып қалмайтын жастар көп. Олардың ішінде жаңақорғандық Айман Назарбекқызы бар. Жуырда Айман «Bilim orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «ХХІ ғасыр көшбасшысы» халықаралық үздік студенттер байқауында топ жарды. 

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқитын дарынды жас оқуда озат. Ілім жолында із қалдырып, тың тәжірибені игеруді қалайды. Осы уақытта бағындырған биігі де  аз емес. Ол – «Оратор» ИПК мүшесі, оқу ордасында студенттер төрайымы.

– Адам – өз өмірінің қожасы. Бірақ, болашағын болжай алмайды, тек жоспарлау­мен шектеледі. Мен де бала кезімнен мектепті үздік тәмамдап, өзім қалаған мамандыққа тапсыруды ойладым. Оқушы кезден-ақ, еліміздегі маңдайалды университетке оқуға түсуге талпындым. «Қолымнан келмесе... » деген ой болды. Бірақ, арман, еңбек пен сенім алға жетеледі. Нәтижесінде қорқыныш билеген түсініксіз сезім артта қалды. Қазір «Механика-математика» факультетінің студентімін. Оқу үлгерімін үнемі жетілдіріп отыру оңайға соқпайды. Дегенмен, қиындыққа мойымаған жөн. Неғұрлым қиындық болған сайын, соғұрлым білікті бола түсесің деп білемін және университеттің қоғамдық өмірінен қалыс қалмауға тырысамын. Байқау жеңімпазы атануым соның нәтижесі, – дейді жерлесіміз.

Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл жай сайыс болмаса керек. Оған қатысуға жүздеген студент ниет білдірген. Байқау барысында әрбір қатысушының креативтілігі, білімі есепке алынған. Мұндайда  қатарластарыңның арасынан суырылып шығуың, өзіңді дәлелдей білуің де үлкен еңбекті талап етеді.

– Жастар мобильді болуға тиіс. Мен осы қағиданы ұстанамын. Шығармашылыққа жақынмын, сайыстардан шет қалған емеспін. Бірнеше бай­қауда  жүлделі болдым, ғылыми жобаларда шыңдалдым. Ал, мына бәсеке маған үлкен мотивация берді. Өзіме деген сенім күшейді, – дейді ол.

Әңгіме барысында біз де Айманның осы қарқыннан таймай, ізденуін жалғастырса, болашақта арманына қол жеткізетініне сенім білдірдік.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

Білім 15 желтоксан 2019 г. 1 315 0