Теория мен өндірістің ұштасуы кәсіби білік пен дағды қалыптастырады

 Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау, жастарға пайдалы білім беру. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беруді жүйелі түрде оқытуға айрықша мән берілуде. Өйткені, экономикалық қуаты артқан еліміз жұмысшы мамандарға зәру.

Кәсіби мамандарға біздің өңірімізде де сұраныс жо­ғары. Осыған орай аймақта индустриалды-инновациялық даму талаптарына сай техни­калық және кәсіптік білім беру жүйесін сапалы түрде дамыту жұмыстары қарқынды жүруде.

Биылғы оқу жылында облыстағы 30 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнында 97 мамандық 167 біліктілік бойынша 20396 студент білім алуда. Кадр даяр-лау үшін жергілікті бюджеттен  3128, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде рес­публикалық бюджеттен мем­лекеттік тапсырыс аясында 500 орын бөлінген. Ал, осы жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша 1515 орынға студент қабылданған.

Аймақта бітіруші түлек­тердің жұмысқа орналасу көрсеткіші де жаман  емес. Мәселен, өткен жылы колледжді бітіруші 5585 сту­денттің (4847 студент) 86,8 проценті, оның ішінде мем­лекеттік тапсырыс бойынша 3809 бітірушінің (3169 студент) 83,2 проценті жұмысқа орналасып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Қазақстан  жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында дуалдық, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру бүгінгі уақыт талабы екенін баса айтқан болатын.  Бұл ретте өңірде дуалды оқыту жүйесі 2014 жылдан бастап қолға алынды. Бүгінгі күні аталған жүйе бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін 25 оқу орнында 87 мамандық бойынша 3254 студент білім алуда.  Ал 48 мамандық бо­йынша модульдік білім беру бағдарламалары оқытылуда.

– Бізде 2014 жылдан бері «Дуалды оқытудың жол картасы» жүйелі жолға қо­йыл­ған. Дуалды оқыту жүйе­­сінің негізі – теорияны өн­ді­ріспен ұштастырып оқыту. Жоба­ның талабы бойынша тео­рия­лық оқу 40 проценттен аспауы тиіс. Себебі, өндірісте практикада болу арқылы білім алу­шы­лар өздерінің кәсіби білік­тілігі мен дағдыларын қалып­тастыруы керек. Сол кезде ғана студенттер түрлі техникамен танысып, білік­ті мамандармен бірлесіп жұмыс істеп, мамандығының маңызын ұғынатын болады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жанна Сқақова.

Саладағы тағы бір ерекшелік – оқу орындарына бірлесіп (корпоративті) басқару жүйесінің енгізілуі. Бүгінде Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі мен «Қызмет көрсету саласы ассоциациясы» бірігіп «Тамақтандыруды ұйым­дас­тыру» мамандығы бойынша бірлесіп (корпоративті) басқаруды жүзеге асыруда. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы “Фирма “Best-Service LTD”, “ГРАНТ Tecnology”, “Кумколь-ЭКО”, “Keysource Kazakhstan” серіктестіктері мүшелік ететін консорциум құру арқылы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграр­лы-техникалық жоғары кол­леджімен бірлесіп кейіннен сатып алу құқығынсыз сенім­герлік басқару бағытында жұмыс істеуде. Мұның бар­лығы – бәсекеге қабілетті маман боламын деген жандарға жасалған бірден-бір мүмкіндік. 

Елімізде колледждерде қолданбалы бакалавр бойынша мамандар даярлау пилоттық жобасының қолға алынғаны белгілі. Бұл дегеніміз білім алушы бакалавр атану үшін жоғары оқу орындарын аралап әуре болмайды. Керісінше, колледжде оқу арқылы да бұл статусқа ие болады. Мұндай жобадан облыстағы оқу орындар да тыс қалмады. Бірінші рет Қызылорда медициналық жоғары коллед­жінде «Медбикелік іс» ма­мандығы бойынша 69 түлек «қолданбалы бакалавр» білік­тілігін алып шықты.

Қазіргі таңда, аймақта бірнеше оқу орны осы жоба бойынша кадрларды даярлауға мүмкіндік алды. Олардың қатарында И.Әбдікәрімов атын­дағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі, Қызылорда медицина жоғары колледжі, Қазалы көлік-техни­калық жоғары колледжі, М.Мәметова атындағы Қызыл­орда педагогикалық жо­ғары колледжі бар.

Студенттердің білімін же­тіл­­діру мақсатында қолға алын­ған жұмыстардың бірі – олардың жатақханамен қамта­масыз етілуі. Бұл тұрғыда облыс бойынша 30 колледждің 19-да жатақхана бар болса,  10 колледждің құрылыс жұ­мыстары үшін 12,5 га жер телімі рәсімделді. Ал, жыл соңына қарай «ДилМаш» ЖШС-ның 330 орындық ғимараты жатақхана ретінде пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасына сәйкес аймақтағы барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылып, өз жұмысын бастады. Орталықтар арқылы студенттер мен колледж қызметкерлері өздеріне қажетті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша анықтамаларды ала алады.

Жалпы теориялық білім тәжірибемен ұштасқанда ғана маман өз кәсібіне төселетінін ескерсек, облыста студенттерді өндірістік тәжірибеге тарту жұмысына да елеулі көңіл бөлініп отыр.

– Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өз Жолдауында «Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет» деген еді. Расымен, еліміздің экономикасының өсуіне байланысты студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, бәсекеге қабілетті, құзыреттілігі қалыптасқан білікті маман да­йындаудың маңызы күннен күн­ге артып отыр. Осы тұста айта кету керек, облыста техникалық және кәсіптік білім алып жатқан студенттерге барынша жақсы мүмкіндіктер қарастырылуда. Соның бірі – өндірістік мекемелермен әріптестік қатынас орнату. Қазіргі таңда, аймақтағы оқу орындары 216 жұмыс беруші әлеуметтік әріптес мекемелермен келісім-шартқа отырды. Соның негізінде 5636 білім алушы оқу-өндірістік тәжірибеден өтті.

Өңірдегі оқу орындары да талапқа сай жұмыс жа­сау­да. Мәселен, 12 оқу орны институционалды және маман­дандырылған аккредитациядан сәтті өтсе, техникалық және кәсіптік білім беретін 8 оқу орны жоғары колледж статусын иеленді. Оған қоса кәсіптік білім беру саласында білім алушылардың жұмысшы мамандығы бойынша бірнеше біліктілікті қатар алып шығуына қол жетті. 11 колледжде 18 мамандық бойынша білім алушылар 38 жұмысшы біліктілігін алатын болады. Өткен жылы 360 инженер-педагог біліктілік арттыру курс­тарын тәмамдаса, биыл 241 инженер-педагог біліктілігін арттыруда. Мұның барлығы білімге, кәсіби біліктілікке жіті назар аударып,  жастардың сапалы маман иесі болып шығуына жасалған жағдай деп білемін, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.

Жалпы облыста жастардың заман талабына сай маман болып қалыптасуы мен өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласының ілгерілеуінде атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Біз атаған көр­сеткіш соның бір парасы ғана. Алдағы уақытта да колледждер кәсіптік және техникалық білім беруді кәсіби стандарттарға негіздеп, экономиканың қажеттілігімен байланыстырады деген сенім бар. Себебі, бәсекеге қабілетті маман – қоғам сұранысы.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Білім 26 қараша 2019 г. 1 640 0