Жаһандық білімге жол ашқан 100 оқулық

Республикадағы байырғы жо­ғары оқу орындарының бірегейі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғылыми-техникалық кітапханасының мін­деті – пайдаланушыларға дүние жүзіндегі таңдаулы озық үлгілердің негізінде білім алып, ғылымды жетілдіруге мүмкіндік беретін бүкіл ақпарат көздерін насихаттау. Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізінде орындалып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында жарыққа шыққан 49 оқулықты оқырманға таныстырып, насихаттауға басымдық танытудамыз.

Былтыр сәуір айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы  кітапханасындағы «Ұлттық Аударма Бюросы» қоғамдық қорында  аударылған алғашқы жаңа 18 оқулықтың тұсаукесер рәсіміне қатысқан университет ғалымдары оқулықтардың электронды нұс­қасымен ұжымды таныстырған. Мамыр айында ғылыми-техникалық кітапхана қорына жаңа оқулықтардың үш мыңнан аса данасы түсіп, оқырман көзайымына айналды. Осы уақыттан бастап кітапхана қызметкерлері көпшілікті жаңа оқулықтармен таныстыру жұмысын қолға алып, «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» аясында қазақ тіліне аударылған оқулықтардың тұсаукесері және осы тақырып аясында дөңгелек үстел, кітап көрмелерін ұйымдастыра бастады. Бұл іс-шараларға облыстың қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, гуманитарлық ғылыми орталықтардың қызметкерлері, ұстаздар, жас ғалымдар мен студенттер және баспагерлер қатысты. Қатысушылар оқулықтардың жаңа гуманитарлық білімді жетілдірудегі құндылығын атай отырып, жастардың жаппай ғаламтор желісіндегі мәліметтермен шектеліп қалған уақытында мәңгі сарқылмас білім көзі – кітапқа қайта мойын бұрып, әлемдік ілімнен нәр алуға мүмкіндік жасаған Елбасы бастамасына ризашылық білдірді.

«Кемел білім көкжиегі» тақырыбындағы дәстүрлі және виртуалды кітап көрмелері университеттің барлық оқу ғимараттары, облыстың жоғары және орта кәсіптік білім беру мекемелерінің, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы оқу залдарында қойылып, насихатталды. Кітап көрмесіне қатысқан оқытушылар мен білім алушылар жаңа оқулықтарға қызығушылық танытып, мамандардың әрбір оқулыққа берген сипаттамалары мен көзқарастарын зейін қоя тыңдады. Алдағы оқу жылының оқу бағдарламасына мамандықтар бойынша оқулықтар енгізіліп, оқырмандар игілігіне айналатыны мәлімделді. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасымен таныс­тыру мақсатында дәрістер, ашық сабақтар ұйымдастырылып, жобаның құндылығы, жаңа аударылған оқулықтардың мазмұны мен жаңалықтары талқыланды. Жаңа оқу жылының басында кітапхана қорына «100 жаңа оқулық» жобасы кітаптарының 30-ы қосылып, қазіргі уақытта барлығы 49 туындыны оқырман пайдалануда.

Аталған жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқаны бәрімізге мәлім. Оқулықтар философия, әлеуметтану, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес-коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, ориентализм және семиосфера сынды бағыттарды қамтиды.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – үлкен мақсатқа жол салған тың соқпақ, тарихи жаңалық. Себебі,  осы оқулықтар арқылы жалпы гуманитарлық білімнің мазмұны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге көтерілуі тиіс. Бұрын әлемдік гуманитарлық ғылым қазақ тіліне осынша кең бағытта аударылмаған еді. Сондықтан бұл оқулықтар – қазақ тіліндегі гуманитарлық біліммен бірге қазақ тілінің өзін де өрге сүйрейтін  ірі бастама деп қабылдануы заңдылық.

«Білгенге маржан, білмеске арзан» деп қазақтың данасы Абай Құнанбайұлы айтқандай оқырмандарды айтулы басылым­дардың бірқатарына қысқаша сипаттама бере отырып, таныстыруды жөн көрдік.

Адамзатты  заманауи компьютерлік технологияға мәжбүр еткен төртінші индустриялық революция заманының бағытын, мүддесін, тарихы мен қазіргі ахуалын толық зерттеген ғалымдардың бірі – профессор Клаус Швабтың «Төртінші индустрия­лық революция» атты кітабы жүйрік ғаламтор және адам санасымен бәсекеге түскен жасанды интеллект, ақылды электронды машиналар туралы сөз қозғайды. Қоғам дамуын бір-бірімен тығыз байланысты физикалық, цифр­лық және биологиялық бағыттарда  жетілдіруді негізге ала отырып, алдағы 2025-2030 жылдарда күтілетін нәтижелерге сараптама жасайды. Автор индустриялық революция жасауда тұрмыстық жағдайға барынша қолайлы мүмкіндіктерді енгізу, жастардың технологиялық білімі мен олардың әлемдік өндірістегі жаңалықтардан хабардар болуының үлкен рөл атқаратындығын да нақтылап қойды. Ал, оқулық «төртінші революция» деп неге аталады, алдыңғы үшеуі қандай төңкерістер екенін айқындауды оқырманның өзіне қалдырамыз.

«Тиімді басқару – ғылым мен өнердің үйлесімі» дейді «Менеджмент» оқулығының авторы Рикки Гриффин. Рикки У.Гриффин 1978 жылы Хьюстон университетінде ғылым докторы дәрежесін алғалы бері АҚШ түрлі жоғары оқу орындарында менеджмент, халықаралық менеджмент, ұйымдық мінез-құлық, адам ресурстарын басқару пәндерін оқытып, осы салаларда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оқулықтар жазып келеді. «Менеджмент» – ғалымның іргелі де күрделі еңбектерінің бірі. 1984 жылы алғаш жарық көрген оқулық содан бері 12 рет халықаралық деңгейде қайта басылып, үздіксіз өңделіп жетілдірілу үстінде. Шын мәнінде ірі бизнес өзегін құрайтын, басқару өнері – менеджменттің тарихы мыңдаған жылды қамти­тындығын жылнамалардан бі­леміз. Мысыр перғауындары мен абыздарының өздері де пирамида салуда менеджменттің жоспарлау, ұйымдастыру және бақылау қызметтерін тиімді қолданған екен. Біздің дәуірімізге дейінгі 400-жылдары өмір сүрген Сократ менеджмент тәжірибесі мен тұжырымдарын саралап, еңбегіне енгізген. Осы айтылған мысалдардан көретініміз, менеджмент – адамзат қауымдасып тіршілік ете бастағанда-ақ қалыптасып, үздіксіз дамып келе жатқан өміршең құбылыс. Екі адамды, тіпті, отбасын басқарудың өзіне де бейімділік керек. Ұйымды басқару, оның мақсаттары мен мүддесін ойлай отырып, қарамағындағы қызметкерлердің сапалы да, өнімді жұмыс атқаруына мүмкіндік жасайтын, сол арқылы бүкіл ел дамуына үлес қосатын басшы мамандар дайындаудың кілті осы оқулықта.

Сол сияқты, экономика және кәсіпкерлік бағытындағы білім беруге қажет оқулықтар қатарынан, атап айтсақ, Джон Гэмбл бастаған авторлық топтың «Стратегиялық менедж­мент негіздері», Ник Уилтонның «HR менеджментке кіріспе», Стивен Роббинс­тің «Ұйымдық мінез-құлық негіздері», Чарльз Хиллдің «Халықаралық бизнес: жаһандық нарықтағы бәсеке», Ларри Ди Маттеоның «Халықаралық бизнес құқығы және заңнамалық орта», Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» атты оқулықтары да кәсіпкерлік құбылысты жан-жақты зерттеп, кәсіпкер болудың қыр-сырына үйретуде таптырмас көмекшіге айналары сөзсіз.

Қазіргі қоғамда адамзатты толғандыратын күрделі мәселелердің бірі – дінтану ілімі. Осы салаға байланыс­ты оқулыққа батыстағы дін тарихы туралы ілімнің әлемге танымал маманы, ағылшын ғалымы Карен Армстронг­тың: «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» кітабы таңдалып, қазақ тіліне аударылыпты. Бұрын автордың «Будда», «Құддыс: Бір шаһар, үш дін», «Мұхаммед Пайғамбардың ғұмырнамасы», «Құдай үшін талас», «Фундаментализм тарихы» сияқты тамаша еңбектері әлемнің 40-тан астам тіліне тәржімаланған.  Оқулықта иудаизм, христандық пен ислам – үш діннің негіздерін зерттеп, бір-біріне қалай ықпал еткеніне ғылыми талдау жасалған. Бір кітаптың шеңберінде монотеизмнің тұтас тарихын қамтыған – Ибраһимнан біздің заманымызға, антикалық философиядан орта ға­сырдағы мистицизмге, қайта өрлеу мен реформашылық дәуірдегі рухани ізденістерден қазіргі заманғы скептицизмге дейінгі Жаратушыны тану тарихын баян еткен. Бұл кітап дінтану, философия, тарих, мәдениеттану пәні мамандарына, магистрант, докторанттар мен көпшілік қауымға арналған. Осы кітаппен танысқан оқыр­ман  қасиетті Құран Кәрім, Ислам дінінің құдіретін тереңдете ұғынары кәміл. Өйткені бұл кітапта Құран мен Інжілдегі кейбір жайттар ашық баяндалған.

Британ империясының көпжылдық дипломатиялық байланыстар тари­хынан сыр шертетін «Құпия жазбалар» деген атпен белгілі мұрағат деректері арқау болған «Дипломатия» оқулығы (авт.Роберт Трагер) болашақта халықаралық қатынастың қыр-сырын шеберлікпен меңгергісі келетін жастарға қажет. 2 томдық адамзат пайда болғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі дүниенің тарихи жолын кең ауқымда сипаттайтын «Panorama: Дүниежүзі тарихы» деп аталатын оқулық тарихшыларды бей-жай қалдырмайды.

Әлемнің танымал универ­си­тет­терінің оқу бағдарламасына ен­гізілген «Тіл біліміне кіріспе» оқулығының авторлары – Н.Хайамс, Р.Родман және Виктория Фромкин құнды еңбектерін тілші ғалымдарға, филология факультетінің студенттері мен оқытушыларына және тіл біліміне қызығатын көпшілікке арнаған. Кітап кіріспеден, 12 тараудан және арнайы глоссарийден тұрады. Оқулықта жалпы тіл ғылымының тарихы, фонетика, грамматика, морфология және синтаксис мәселелері қозғалып, олардың өзектілігі баяндалады. Дегенмен, тіл мамандары мен ғалымдары  қазақ филологиясы мамандықтарында бұрыннан қолданып жүрген Т.Қордабаевтың «Жалпы тіл білімі», К.Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» оқулықтарына толықтыру ретінде пайдаланылатын құнды еңбек. Бұл кітап арқылы тіл білімінің ортайған орны сәл де болса толғанын, бірақ осы арқылы тілдік кеңістік қанағаттанды деп айтуға болмайтын пікірлерін алға тартады. Өйткені бұл кітап мәселенің бір ғана қырын қамтитын бір ғана оқулық, ал қанағаттанушылық лингвистикалық ілімді өз ана тіліміздің материалы негізінде түсіндіріп, қазақы ұғыммен бергенде болуы мүмкін. Әрине, ондай күнге де жететінімізге сеніммен қараймыз. Оқулықтың тиімділігі – студенттерге лингвистика мәселелері жөнінде жүйелі білім алуға, оқытушылар мен студенттерге маңыз­ды лингвистикалық зерттеулерден хабардар болуға көмектеседі, яғни тіл және тілді пайдалануға қатысты көкейкесті мәселелерге жауап береді.

Осындай қажетті оқулықтар ішінде профессорлар Джули Ривкин мен Майкл Райанның 5 томдық «Әдебиет теориясы» да бар. Әлемдік әдебиеттану ғылымының соңғы жаңалықтарын жетекші бағыттар бойынша саралаған сүбелі еңбектің отандық сөз өнері ғылымына берері мол. Алдағы уақытта «Жаһандық әдебиет теориясы қазақ тілінде» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастыру жоспарлануда. Дөңгелек үстел барысында ғалымдар, бұл еңбектің қазақша нұсқасының мазмұндық аясы мен құрылымы, тәржімалану деңгейі, білім жүйесіне енгізілуі мәселелеріне кеңінен тоқталады деп ойлаймыз.

Соңғы келген оқулықтар ара­сындағы әлем университеттерінің журналистика және медиа зерт­теушілерінің тәжірибелері негізінде құрастырылған «Медиа этика» (авт.Ли Энн Пек және Гай С.Рил)  «Медиа және журналистика» (авт.Жейсон Бейнбриж, Никола Гок) оқулықтары оқырмандардың қызығушылығын арттырды. Кітаптар тілі қарапайым әрі қызықты, оқуға жеңіл. Оқулықтың  басты құндылығы – медиа маманы болуға талаптанған әрбір жас­ты журналистиканың негізгі принциптеріне баулуы.

Қоғамдағы шиеленіске түскен тағы бір мәселе – жеке тұлға психологиясы мен әлеуметтік қатынастар. Бұл саланың көкейтесті сұрақтарына тиісті жауапты «Әлеуметтік психология» (Майерс Дэвид Г.), «Әлеуметтану теориясы» (Ритцер, Джордж), «Көпке ұмтылған жалғыз» (Эллиот Аронсон) т.б. оқулықтардан табуға болады. Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз» кітабының тақырыбын аударудың өзі – ғалымдардың ұзақ толғанысының нәтижесі. Себебі, бұл кітаптың ағылшынша атауы «The social animal» – ол «Қоғамдық жануар» дегенді білдіреді, ал қазақ аудармашы ғалымдары ақылдаса келе оқулықтың табиғатын ашатын  «Көпке ұмтылған жалғыз» атты атауға тоқталған және тұсаукесер рәсімінде Елбасы да сәтті балама деп ерекше атап өтті.

Әрине бір мақала көлемінде 49 әдебиетке сипаттама беру мүмкін емес, сондықтын кез келген оқырман кітапханаға келіп, өзін қызықтырған оқулықтарды алуына және openu.kz сайтынан «Ұлттық аударма бюросында» шыққан барлық кітаптың электронды нұсқасын ашып оқуларына болады.

Қорыта келе, жаһандық бәсекелес­тікке бейімделген мамандар да­йын­дау­да үлкен маңызға ие «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»  жобасының нәтижелері жоғары баға алды.

Мемлекеттік тілге аударылған оқулықтардың басты құндылығы мен жобаның маңызы қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлінен көрінеді.

– Сапалы білімнің қолжетімділігі артып, білім алушы жастар жаһандық ғылымның жетістіктерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Білікті, бәсекеге қабілетті кадрлар толқынын қалыптастырудағы маңызды факторға айналды. Аталған басылымдар тұлғаның ғылыми ой-таным аясының кеңеюіне жол ашты. Жастардың заманауи білім толқынына ілесіп, өз елінің мәртебесін асқақтатуға сенімі оянды. Ғылыми-зерттеу әдіснамалары жаңғырып, сыншылдық көзқарас сапалы арнаға бұрылады.

Жаңа оқулықтар топтамасын оқу үдерісіне енгізу арқылы ЖОО оқыту бағдарламалары тың теориялық, практикалық материалмен толықты. Соңғы жылдардағы қарқын алған жаһандану тенденциясына бағыттала жазылғандықтан, әлемдік экономикаға еркін араласу жолында атқарылатын жұмыстар мен жоспарлаудың барлық түрлері кеңінен түсіндіріліп, кезең-кезеңімен сипатталған. Ғылым саласындағы терминологияның қалыптасуына жол ашып, қолданыстағы терминология мен ұғым-түсініктер шеңберін кеңейтіп, ұлттық терминжасам процесіне қозғау салды.

Гуманитарлық ғылымдардың өзара араласып, синтезделуі нәтижесінде әрбір салада тың пайымдар бой көтеріп, нәтижесінде жаңаша әдіснамалық тұжырымдар  қалыптасты. Әлемдік ғылым тілінің қазақшаланып, қоғамдағы кейбір  күрделі мәселелерді кешенді түрде шешуге мүмкіндік берді. Оқырман ғылым саласынан жалпы мағлұмат алып, әрі қарай ізденуге, сыни ойлауға ықпал етті. Жалпы қазақ тіліндегі кітап индустриясына, ғылыми-көпшілік аударма ісіне серпін әкелді.

Тізе берсек, тарихи жаңалыққа айналған  100 жаңа оқулықтың болашақ жастарымызды тәрбиелеуде пайдасы зор. Әрине кейбір тақырыптардағы еңбектерді рухани ой елегінен өткізіп, қабылдауға әлі де уақыт керек, сонда да әлемдегі ғылыми танымның бағдарына ой түзегеніміз қуантарлық жағдай.  Толық нәтиже шығару үшін әркім өзінен бастау керек, әлемге түрлі көзқарастар тұрғысынан қарап, оны өз ұлтыңның дүниетанымымен қабыстыра білу шарт.

Сөз соңын Елбасының «Осы оқулықтар арқылы біздің ғалым­дарымыз да қуат алып, шабыттанып, түбінде сондай дүниелерді өмірге әкеледі. Түпнұсқасын қазақ тілінде, қазақшалап жазады деген үміттемін. Бұл оқулықтар жас ғалымдарымызға рух беріп, ізденіс жолына салса жөн. Қазақстандықтар да сондай кітаптарды шығаруға қабілетті екеніне сенімдімін» деген сөзімен аяқтай отырып, жаһанданған жаңа заманға сай болу үшін  ұлт болып қолға алынған жобаларды, игі істерді барынша қолдауға, тиімді пайдалануға шақырамыз.

Ж.Әбенова,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ

ғылыми-техникалық кітапхана директоры,

Р.ДОСПАЕВА,

кітапхананың

бөлім меңгерушісі.

Білім 02 қараша 2019 г. 1 877 0