Талсуаттағы тағылым ордасы

Қызылорда қаласының әкімшілік аумағындағы Талсуат елді мекенінде орналасқан №178 орта мектепті білмейтіндер кемде кем. Мен алғаш ұстаздық еңбек жолымды осынау киелі шаңырақтан бастаған едім. Содан бері 26 жыл бойы осы мектепте еңбек етіп келемін.

Өз мамандығыма деген сүйіс­пеншілігімді бала арманына деген адалдықпен ұштастыра отырып, ұстаздық еңбектің талай белестерінен өтіп,  тәжірибе жинақтадым. 

Дипломымды қолға алып, жастық жалынмен жүрегім алып ұшып, ұлағат ұстаханасының есігін айқара ашып, ұстаз деген ардақты жандардың қатарына қосылғаным кеше ғана сияқты еді. Алғашқы қадамыма ақ батасын беріп, ақ жол тілеген ардақты аға, мектебімізде елу жыл ұстаздық еткен Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Сардарбек Нұрмағанбетов болатын. Ағайдың сол кездегі мұғалімдердің іс-тәжірибесінің шыңдалуы мен мектептің білім сапасын жақсарту жолында жасаған еңбектерін ерекше атауға болады. Жас маман ретінде Сардарбек ағайдың ақыл-кеңесін тыңдап, сұхбаттасып, ұлағатты ұстаздан тәжірибе алғанымды еңбек жолымдағы бақытты сәттерімнің бірі деп есептеймін.

Тарихы терең Талсуат мектебінің, білім мен ғылым жолындағы нар тұлғалардың қолтаңбасы қалған қасиетті қара шаңырақтың тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында өткенге көз жіберіп, ой толғамау мүмкін емес. Сондықтан бір сәт кері шегініп, ауыл қарттарының әңгімесі мен сақталған құжаттар негізінде мектеп тарихына шолу жасамақпын.

Талсуатта туып-өскен талай ұрпақтың танымын кеңейтіп, білімін шыңдаған алтын ұяның іргетасы 1929 жылы қаланыпты. «Колос» колхозы тұрғындарының басым бөлігі орыс ұлты болған. Аштық пен қиындық көріп, Ресейден көшіп келгендіктен осында тұрақтап қалған. Сондықтан алғашқыда орыс бас­тауыш мектебі боп ашылған. Оны басқарған Петр ­Павлович  Шкурпело есімді мұғалім екен. 1935-1936 жылдары мектеп жетіжылдық «Шайкөл» орыс-қазақ мектебі болып өзгереді. Сол кезде мектепте жүздің үстінде оқушы болған.

Жыл сайын оқушылар саны көбейе түсіп, мұғалімдер құрамы орыс, неміс, татар, кәріс ұлты өкілдерімен толыққан. Ұлы Отан соғысы басталғанда мұғалімдердің көпшілігі Отан қорғауға аттанады. Сол уақытта мектепте 350-дей оқушы бар екен. Ер мұғалімдердің барлығы да соғысқа кетіп, олардың орнын қарт мұғалімдер алмастырады. Мектеп ұжымы көптеген қиындыққа қарамастан, балаларға білім беруді жалғастыра берді. Бір мезгіл ауыл шаруа­шылығына да көмектесіп отыр­ды. Соғыстан аман оралған ұстаздар Асқар Елеукенов, Бұрқан Бапалақов, Құлмағанбет Қисықбаев, Жаппар Қуанышбаев қыз­метіне қайта кірісіп, соғыстан кейінгі ауыр жылдары мектеп жұмысының өрге басуына көп күш салады. Ал, Жалғасбай Ахметов, Құмыр Тоқабаев, Кемеш Ақдәулетов есімді мұғалімдер майданнан оралмаған.  

1945 жылдан бастап мектепте Сардарбек Нұрмағанбетов пен Мұсылманбек Мажитов ұстаздық етеді. 

1954 жылы көктемде Сыр­дария өзені тасып, елді мекендерді су басады. Сол кезде мектеп үйі де су астында қалыпты. Әр жерді паналап, сабақты тоқтатпаған мұғалімдер 1957 жылы өз күштерімен кесектен мектеп үйін салып, іске қосады. Осы кезде білім алған шәкірттерден кейін ғылым докторлары мен профессорлардың шығуы – мектеп тарихындағы үлкен жетістік. 

1989 жылы бастауыштан негізгі мектепке ауысып, №178 орталау мектебі болып кеңейтілген. Алғашқы жылдары мектептегі 98 оқушыға 17 мұғалім қызмет етіп, мектеп директоры болып Жаңабай Ибрагимов тағайындалды.

Мектептің мұнан былайғы баянына өзім де куәмін. 1996 жылы мектеп бұрынғы балалар бақшасының ғимаратына көшірілді. 2001 жылдан бастап орта мектеп болып қайта  құрылды. 2007 жылы желтоқсан айының 29-ы күні жаңа үлгідегі 150 орындық сәнді ғимараттың есігін аштық.

Жұмыстың жү­йелі ұйымдас­тырылуы, жетіс­тіктерге жетуі тікелей басшысының педагогикалық шеберлігіне қатысты. Сонымен қатар оның адам­гершілігі парасатты, терең білімі де, инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі оқыту мен тәрбиелеу ісінде үлкен рөл атқарады. Мектебіміздің 90 жылдық тарихында шәкірттердің білім нәрімен сусындап, өмірден өз орнын табуына, дүниенің кетігіне бір кірпіш боп қалануына ықпал еткен, қоғамның белсенді азаматтарын тәрбиелеп шығаруда күш-жігерін аямаған директорларының есімдері тарихымыздың төрінен орын алды.

Олар: Петр Павлович Шкурпело (1929-1936), Жармағанбет Есмамбетов   (1936-1942), Әбілда Бәйімбетов (1942-1945), Бұрқан Бапалақов (1945-1950),   Бабаш Жөкенов (1951-1956), Сардарбек Нұрмағамбетов (1957-1989). Қиын-қыстау замандарда нар жүгін көтеріп, білім белесін бағындыра білген аяулы ұстаздардың еңбегі ел есінде, шәкірт жүрегінде мәңгі сақталады. Ке­йінгі жылдардағы басшы болған Ж.Ибрагимов, ­Б.Биятов, ­А.Жәлиев, Қ.Изатуллаев, Ә.Ерсұлтанов, Л.Балатай, Г.Байманова  мектебіміздің өсіп-өркендеуінде өзіндік қолтаңба қалдырды. Ал, Райхан Сәулебекова 2017 жылдың желтоқсан айынан мектеп директоры қызметін атқарып келеді.     

Берікбек Биятов 1993-2004 жылдары мектеп директоры болып қызмет атқарды. Мұғалімдердің тәжірибесін насихаттау мақсатында 2000 жылы респуб­ликалық семинар, 2001 жылы облыстық семинар өтті. Мектептің жұмысы Шымкент қаласында өткен республикалық семинарда насихатталды. 2003 жылы Алматыдағы ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институттан шыққан «Махамбет – тәуелсіздік туын алғаш көтерген дауылпаз ақын» атты жинаққа менің тақырыпқа сәйкес сабақ жоспарым енгізілді. 2003 жылы тағы да облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және ақпараттық технологиялар институтынан «Ізденіс сәулесі» атты жеке іс-тәжірибелер жинағым, мұғалімдерге арналған көмекші құралым жарық көрді. Осындай жетістіктердің нәтижесінде қалалық білім бөлімінің 2003 жылғы қорытындысы бо­йынша «Шығармашыл мектеп» номинациясын жеңіп алдық.   

Есте қалатын жетістіктерімізге жас та болса өз үлесін қосып үлгерген, мезгілсіз бұл дүниеден өтіп кеткен ұстаз, мектеп  директорының бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Гүлнара Есжанованың жарқын бейнесі әріптестерінің есінде мәңгі сақталады. Ол әртүрлі  мамандық  таңдау кештерін ұйымдас­тыру арқылы бітірушілердің  ҰБТ-да  пәнді  дұрыс  таңдап,  өзінің  бейіміне  қарай  мамандыққа қол созуына  бағыт  беріп  отырды.  2008-2009 оқу жылында бірнеше шәкіртіміз  мемлекеттік білім гранты иегері атанды. 2010 жылы қалалық «Абай оқулары» байқауынан 10-сынып оқушысы Гүлбақыт Шаймерден 1-орынды иеленді,  2011 жылы осы оқушымыз Махамбет Өтемісұлының 80 өлеңін түгел жаттап, қалалық, облыстық «Махамбет оқулары» байқауының жеңімпазы атанды. 

Ауыз толтырып айтатын жетістігіміз көп. Бұл – кешегі тарих. Бүгінгі күнге бет бұрсақ, ұжымның ауызбірлігі мен ұйымшылдығының арқасында қаншама жұмыстар атқарылғанын көруге болады. Тараз қаласында өткен республикалық «Үздік ғылыми жоба-2018» байқауына қатысқан бірнеше оқушы ғылыми жобасын қорғап, жүлделі орынмен оралды.

Оқушылардың оқу үрдісіндегі танымдық қызығушылығын арттыру – оқытудың негізгі мәселесі. Өткен жылы  мектеп директоры Райхан Сәулебекованың бастамасымен жалпы ауыл тарихын, мектеп өмірін баяндайтын «Дария  жағасындағы жаңарған ауыл» атты кітап жарық көрді. Оны ардагер ұстаздарымыз дайындап шықты. «Талсуатым – құтты мекенім» деп аталатын мектеп мұражайының ашылу салтанаты болды.

Биыл мектеп жанынан «Жас өркен» атты жылыжай ашылып, мектеп асханасы көкөніспен қамтамасыз етіле бастады. Бұл жұмыстар шағын мектебіміз үшін маңызы зор оқиғалар еді. Сонымен қатар, өткен оқу жылында ҰБТ-ға қатысқан шәкірттеріміз жоғары балл жинап, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім гранты иегерлері атанды.

Мектептің әрбір жетістігі – мұғалімдер еңбегінің жемісі. Ұстаздарға шығармашылық та­быс тілеймін. Тарихы терең, тамырын кеңге жайған Талсуат мектебінің 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!

 

Айнұр ШАЯНБЕКОВА,

№178 орта мектептің мұғалімі.

Қызылорда қаласы.

Білім 19 қазан 2019 г. 1 485 0