Алғашқы ұстазым

 Атақты педагог, ғалым В.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» деп, ұстаздық өнерге ерекше баға бергені белгілі. Сондай табиғатынан ұстаз болып жаралған адамның бірі – менің алғашқы ұстазым Айдарбек Табынбаев еді.

Алғашқы ұстазым туралы естелік жазу маған оңайға соқпады. Көз алдыма қазіргі Жанқожа батыр сол кездегі Қазақстанның 40 жылдығы атындағы шаруашылық, туған ауылымда орналас­қан шағын мектебім,  сол мектепке атта­ған алғашқы қадамым, балалықтың бал кезеңі, ата-анам, өзім өскен ауылдағы тәлім-тәрбие берген ұстаздарым,  тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрдастарым, бәрі-бәрі тізбектеліп, күні кешегідей орала берді. Қым-қуыт тірлік пен қызу жұмыста жүріп, кейде соның барлығын  еске алуға да  уақыт жете бермейтіні  ойыма келді.

Мектеп табалдырығын аттаған  сонау 1967 жылы бізге ең алғаш әріп үйреткен Айдарбек Табынбаевтың жарқын бейнесі  әлі көз алдымда.

Ағай  сұсты да салмақты адам еді. Өзі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер ұстаз екенін бала болсақ та білетінбіз. Алдында отырған оқушыларының оқыс қылықтарын байқай қоятын. Кейбір тентектеу  балалардың мектепте не далада оқыстау ойнап, ожарлау сөйлегендері болса бәрін көріп, бәрін еститін. Ойлағаныңның бәрін біліп қояды. Көрерін көріп, есітерін естіп кете берсе бір сірә ғой. Жоқ, олай етпейтін. Айқайлап, ақырып-жекірмейтін, салмақтап сөйлеп-ақ сазайыңды беретін. Сондықтан оның алдына екінші рет кінәлі болып барудан  сотқарлау балалар қаймығып жүретін.

Ұстазымның өзіндік оқыту әдісі бар еді. Математика сабағында ойын элементтерін шебер қолданатын. Сыныптастарымның да есінде шығар, ол уақытта Кеңес үкіметінің қызыл тулары дүкендерде кішкене жалауша түрінде сатылатын. Арифметикадан есеп шығарғанда берілген тапсырманы өз бетінше кім алдымен шығарса, сол оқушыға барып туыңды тік дейтін. Қуана келіп, қызыл жалаушаны партамызға орналастыратынбыз. Тігілген туды әрі қарай желбіретіп, құлатып алмау үшін тапсырманы орындауға құлшына кірісетінбіз.

Одан кейін есімде қалған тағы бір жайт, ағай ойнататын  елеуіш ойыны. Бес-алты оқушы тұрады да, көбейту кестесінен ағай сұрақ қоя­ды, сұраққа тез жауап бергендер тез орнына отырады, жауап бермесең сүмірейіп тұра бересің, өз обалың өзіңе. Міне, қазіргі  кезеңдегі оқыту барысында сол ойын элементтерін пайдалану – конс­т­руктивті оқытудың негізгі шарты. Баланы білім алуға ұмтылдыру, мотивация берудің көрінісі. Олай болса, біздің ағай сол уақытта сол оқыту әдістерінің негізін қалаған ұстаздардың бірі де бірегейі болғандығы даусыз.

Мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысатынбыз. Ағай ата-аналар жиналысына келген әкеме  мені көрсетіп, «осы қызың түбінде мұғалім болады» дейтін. Ұстаздың көрегендігі шығар, бүгінгі күні ұстаздық жолда жүргеніме де 35 жылдан астам уақыт өтіпті. Қаншама ұстаздан дәріс алдық, алдымыздан қаншама шәкірттер өтті. Мектеп бітірдік, университет бітіріп, аспирантурада оқыдым. Кандидаттық диссертация қорғадым, академиялық профессор атағын алдым. Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетте ширек ғасырдан астам абыройлы еңбек етіп келемін.

Мен үшін алғашқы ұстазым  Айдарбек ағайдың  орны ерекше. Себебі, оқушы білімінің бастапқы іргетасы қалай қаланса, кейінгі болашақ өміріндегі жолдары жарқын болады. Бізді білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбиесін бойымызға сіңіру жолында аянбай еңбек еткен, бар білгенін үйретуден жалықпаған ұстаздың  біз үшін сіңірген еңбегі орасан зор. Жарық дүниеге әкелген, өмір нәрін сепкен ата-анамызға қалай қарыздар  болсақ,  осынау жарқын өмірге жол сілтеген ұстаздарымызға да сондай қарыздармыз.

Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – ұстаздың  еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне  сіңіру үшін асыл ұстаз – Айдарбек ағай қаншама тер төкті десеңізші!

Клара ДӘРМАҒАМБЕТ,

Қорқыт ата атындағы 

ҚМУ-дың академиялық профессоры.

Білім 08 қазан 2019 г. 585 0