Мерейлі мезет

 Қарапайым да жауапкершілігі мол мамандық иелері – мұғалімдер туралы жиі айтылып та, жазылып та жүр. Десе де, саналы  ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне бағыштап, өзгенің баласын өз перзентінен кем көрмейтін абзал қауымды қалай мадақтасақ та жарасымды.

Біздің бүгінгі әңгімемізге ар­­қау болған «ҚР Білім беру ісі­нің құр­метті қызметкері», Ы.Алтын­сарин атындағы төсбелгі иегері, зей­неткер ұстаз  Қалия Дәулетова өзі­нің парасат-пайымы, сабырлы мінезі, білік-танымымен шәкірт­те­рі­нің сый-құрметіне, көп­шіліктің ри­за­­шылығына бөленген жайсаң жан.

Қалия Үкімашқызын тани­тындарға «бұл апай кім, қандай адам?» деген сауал қойсаңыз, «үл­гілі жанұяның тірегі, ардақты ана, балдан тәтті немерелердің әжесі, өмірден ерте кеткен марқұм Марат есімді  есіл ердің «перзенттерімді жеткіз» деген аманатына қиянат жасамаған жар» деген жауап естуіңіз даусыз.

Теңіз төскейінде «Құланды» деген елді мекен бар. Біздің кейіп­керіміз сол Құландыда дүниеге келген. Мәскеу олимпиадасы өт­кен тұста ЖенПИ есімімен бар­шаға аян,  екінің біріне студент атану бақыты бұйыра бермейтін Ал­маты қыздар педагогикалық институтын география және биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген Қалия туған жері – айдынды Аралға жол тартты. Еңбек жолын №83 орта мектепте ұзартылған топтың тәрбиешілігінен бастаған жас маман араға он жыл салып теміржолшылар балабақшасының меңгерушісі қызметіне тағайын­далды. Қалияның өмір жолындағы тәжірибесі де шыңдала түсті. Өз мамандығы бойынша география пәні мұғалімі болып жұмыс істеген аралық оны ұлағатты ұстаз ретінде көпшілікке танытты.

Қалия Үкімашқызы білім беру жүйесінде әлемдік стандартқа бет бұрып, болашақта елі­міз­дің дамуына өз үлесін қоса алатын білікті маман даярлайтын инно­вациялық оқу процесін жолға қойды. Оқушыларға стандартқа сай білім мен тәрбие беріп, оқыту барысында шәкірттерінің таным­дық және шығармашылық белсен­ділігін арттырды. Әрбір сабағын оқытудың озық технологияларын пайдаланып өткізуге баса мән беретін. Ұстаздың «География сабағында дамыта оқытудың тиімділігі» деген өзекті мәселені педагогикалық тәжірибесінде терең зерттегенін кезіндегі әріптестері бізге мақта­ныш­­пен жеткізді. Тынымсыз ізде­ніс, бай тәжірибе өз жемісін бер­генін атап кеткен жөн.

Қалияның қарапайым ұстаз ретіндегі  жеткен жетістігіне  аз-кем тоқтала кетсек. «География саба­ғында дамыта оқытудың тиім­ділігі»  тақырыбындағы оқу-әдіс­темелік құралы жарық көріп, облыс көлемінде таратылуға ұсынылды. Іле-шала педагог қыз­меткерлердің біліктілігін арттыру институтында «Судың табиғатта таралуы, су айналымы» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Педагогтардың біліктілігін қашықтықтан жетілдіру мәселе­лері: ізденіс пен тәжірибе» тақырыбында өткізілген республи­калық ғылыми-практикалық кон­фе­ренциясындағы «Оқытудың инновациялық техно­ло­гияларын пайдалану ерек­ше­ліктері» атты баян­дамасы  жинаққа енгізілді. Сон­дай-ақ,  ғы­лыми мақалалары БАҚ бет­терінде  жиі  жарияланып тұр­ды.  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоға­мының филиалы Қызылорда облысы бойынша педагог қызмет­керлердің біліктілігін арттыру инс­ти­­тутының қолдауымен «География пәнінен электрондық орта» та­қырыбындағы  электронды жинағы жарық көрді. Білім берудегі жаңашыл, шығармашыл, нәтижелі  еңбегі үшін Қызыл­орда облыс­тық білім басқармасы, білім және ғылым қызметкерлері кәсіп­одағы облыстық коми­тетінің «Алтын глобус» номинациясын жеңіп алды.

Елі сыйлағанның есікте отырмасы белгілі жайт. Қалияның №2 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернат директоры қыз­метін атқаруы халқының ықы­ласы, сала басшыларының сенімі бола­тын. Ал сенімге қылау түсіру – біздің кейіпкеріміздің табиғатына жат дағды. Осы жылдары оқушы­лар­ға білім стандартына сай оқу мен тәрбие беруде сіңірген  еңбек­теріне орай «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбел­гісі­мен марапатталды. «Мен тұра­тын үй-2011» интернаттық меке­ме­лер жатақханалары байқа­уын­да жеңімпаз  атанды. Қазір Қ.Дәуле­това ұзақ жылғы ұстаздық еңбе­гінің  зейнетін көріп отырған абзал ана. Сыпайы, мәдениетті, сырбаз, үл­кен-кішімен тіл табыса білетін нағыз ұстаздың өмір жолы көпке үлгі.


Жұмабек ТАБЫНБАЕВ

Арал ауданы.

Білім 06 қазан 2019 г. 547 0