Байқоңырдағы миллионер мектеп

 Расында, шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі. Мұ­ғалім үнемі ізденісте жүріп жаңалықтарға бейім болуы керек десек, Байқоңырдағы №277 мектеп-лицей ұжымы осы талаптың үдесінен шығып келеді. Шәкірт алдын­дағы міндеттеріне ерекше назар аударған ұжым қызмет­керлерінің бірлігі аудандағы орта білім беру мекемелеріне үлгі ретінде айтылып келеді.

Халық қалаулысы Жұмагүл Тілеуқабылова басшылық ете­тін №277 мектеп-лицейде 1285 оқушы бар. Заманауи үлгідегі кең де жарық оқу бөлмелері қазіргі уақыт талабына сай. Физика, биология және химия, алғашқы әскери дайындық, география мен тарих, сонымен қатар информатика,  робототехника,  ұлдар мен қыздарға арналған технология және өзін-өзі тану сынды 61 сынып кабинеті түгел жабдықталған. Кабинеттеріндегі компьютер­лердің барлығы да интернетке қосылған.

Бірлігі мен ынтымағы жарас­қан ұжым «Үздік нәтиже-2015»,  «Үздік білім орда­сы-2016», «Ынтымағы жарас­қан ұжым-2018» номинацияларын иеленген.

Облыс орталығында өткен білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде өткен оқу жылының қорытындысы жарияланды. Мектеп-лицейдің ақпараттық коммуникациялық-техникалық базасын нығайтудағы, шәкірттерге сапалы білім берудегі тәжірибелі кадрлармен қамтамасыз ету және заман талабына сай  үштілділікті енгізудегі, жаратылыстану пәндерін оқытудағы жетістіктері үздік деп танылып, 17 миллион теңгенің сертификатын алды. Осылайша жас ұрпақтың мектептен саналы да сапалы тәлім-тәрбие алып шығуына еселі еңбек етіп жүрген 120 ұстаздың мерейі өсті.

Білім ұясын соңғы 3 жылда бітірушілердің 10-ы «Алтын белгі», 9-ы «Үздік  аттестат» иегері атанды. 9-сынып бітірушілер арасында 22 оқушы «Үздік куәлікке» ие болды. Шәкірттер пәндік олимпиадалар, спорт және өнер сайыстарында жүлдегер атанып жүр. Түлектер Қытай, Ресей және басқа да шет елдер мен еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары білім алуда.

Оқушылар ана тілімен бірге орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. Жаңа мазмұнда білім берудің барлық талаптарына сай білім ошағының бүгінгі жетістігі – тынымсыз ізденістің жемісі. Дегенмен, бұл барлығына қол жеткіздік деп тоқмейілсуге себеп емес. Марапат пен құрмет педагогикалық ұжымның ұмтылысына қанат бітірді. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеудегі, білім сапасын арттырудағы ауқымды істер жалғасын таба бермек.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Байқоңыр қаласы.

Білім 05 қазан 2019 г. 916 0