Қазіргі заман сынына қарсы тұру үшін оқушының бойында қандай білім мен дағдыны, көзқарастар мен құндылықтарды қалыптастыру керек? Мектептерге ұсынылып отырған жаңа стандарт өзгермелі заманда әлемге тән тенденцияларға сай ма? Оқушының алған білімі өмірлік қажеттіліктерін өтейтіндей түрлі жағдаяттарда шешім қабылдай алатындай, өзіне жауапкершілікті алып, сенімді болуға үйрету ата-ананың, мектептің және барша қоғамның міндеті болуға тиіс. Дәстүрлі тамыз конференциясы жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді талқылауға мол мүмкіндік берген алқалы жиын болды. Онда білім сапасын көтеру, қоғамдағы мұғалім мәртебесін айқындау, адамзат алдында тұрған жаһандық мәселелер қозғалды. Білім беру жүйесіндегі атқарылып жатқан жұмыстардың жалпы бағдары, оны жетілдірудегі мақсат-міндеттер айқындалды.
«Білім және ғылым» тақырыбындағы тамыз конференциясына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова, Парламент депутаттары, жалпы 600-ге жуық сала маманы қатысты.
Алқалы жиынның ашылу салтанатында аймақ басшысы өңірдің білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Білім мен тәрбиенің қазіргі өскелең ұрпақ үшін маңызы ерекше. Облыс әкімі атап өткендей, білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген негізгі көрсеткіштер орындалуда. Дегенмен, одан бөлек, шешімін табуы тиіс бірнеше маңызды мәселелерге де назар аударды.
–Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болу білім деңгейімен өлшенеді. Қазіргі таңда адами капиталды дамыту және білім сапасын жетілдіру – негізгі міндеттеріміздің бірі. Бұл бағытта аймақта ауқымды жетістіктер мен нәтижелер аз емес. Өңірде жаппай білім беруді қолдау жүзеге асырылуда. Облыста балабақшалар желісі жыл сайын артып келеді. Оның 77 проценті жеке сектордың үлесінде. Нәтижесінде 3-6 жастағы балалар 100 процент қамтылып отыр. Балалардың ерте дамуы мемлекеттің табысты болуымен тікелей байланысты. Мұны әлемдік ғалымдар қашанда айтып келеді. Облыста 3 жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар, кейбір балабақшаларда оқу-тәрбие процесі өз деңгейінде жүргізілмейді. Бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көрініс тауып, халықтың сыни пікіріне көп ұшырауда. Осы ретте облыстық білім басқармасына қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бұл проблеманың алдын алу шараларын қарастыруды тапсырамын,– деді Қуанышбек Досмайылұлы.
Соңғы 6 жылда облыста 69 мектептің құрылысы салынды. Нәтижесінде 3 ауысымды және 37 апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешілді. Қазіргі таңда Жаңақорған, Жалағаш аудандарында апатты деп танылған 2 мектептің құрылыс жұмыстары жүруде. Аймақ мектептерінің 60 проценті жаңа модификациялық пәндік кабинеттерімен қамтамасыз етіліп, компьютерлер 100 процент жаңартылды. Ауыл мен қала мектебі, шағын және үлкен білім беру ұйымы арасында білім сапасында айырма болмауы тиіс. Бұл бағытта аймақта пәрменді шаралар қабылданып, мектептердің материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен нығайтуды да баса айтты.
– Бүгінде әлемдік өзгерістердің аса қарқынды жылдамдығын байқамау мүмкін емес. Мұндай жағдайда білім беруді болашақтың даму тенденцияларына бағыттау, жаңа экономиканың талаптарына лайықтау міндеті баршаға ортақ миссияға айналмақ. Шындығына келгенде, біз балаларды қазіргі жасампаз өмірге бейімдеуіміз керек. Сондықтан уақыттан оза жұмыс жасауымыз қажет. Заман талабына сай кей мамандықтардың да еңбек нарығында жоғалу қаупі расталған. Ал сұранысқа ие мамандықтар қатарында ғарыштық туризм менеджері, электронды киімдер сервисінің жобалаушысы, роботтарды басқарушы бар. Жаңа заманның осындай сатыларына біздің балаларымыз дайын болуы керек, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы түлектердің жоғары оқу орны гранттарын иеленуі жыл сайын көбейіп келетінін де тілге тиек етті. Дарынды оқушылардың әлемдік деңгейдегі ең үздік оқу орындарында оқуына жағдай жасалу керектігін де жеткізді. Жаһандық бәсекелестік жағдайда білім берудің сапасын көтеру аса маңызды мәселе. Білім сапасын көтерудің жолы педагог мәртебесін арттырумен айқындалады. Бұл – әрбір педагогтың әл-ауқатына тікелей қатысы бар тарихи жағдай. Мұғалімдер жалақысының мөлшері алдағы 4 жылда екі есеге өседі. Осы ретте білім және экономиканы жоспарлау басқармаларына бюджетті жоспарлау барысында аталған мәселені назарға алуды тапсырды.
Әлеуметтік жағдайы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға барынша қолдау көрсету мақсатында биыл міндетті оқу қорынан 1,5 млрд теңге қаржы бөлініп, балалардың ыстық тамақпен, киіммен қамтылуына және жазғы демалысына жұмсалуда. Оған қосымша жергілікті бюджеттен 390 млн 400 мың теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасап, осы санаттағы мәселелерді жедел жүргізуді қала және аудан әкімдеріне тапсырды. Балаларды әлеуметтік қолдау шаралары бойынша жұмыстар білім басқармасы мен әкімдіктердің бақылауында болуы тиіс екендігін атап өтті.
Облысымызда жүргізіліп жатқан индустриалды-инновациялық жобаларға сәйкес, шағын және орта бизнес өкілдеріне қажетті сұранысқа ие мамандарды даярлау – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Жыл сайын 5 мыңнан аса түлек колледждерді бітіріп шығады. Дегенмен еңбек нарығына сәйкес олардың жұмыспен қамтылуы, өз кәсібін, бизнес жобасын ашу көрсеткіші өте төмен деңгейде. Бұл ретте білім басқармасы колледж жұмыстарын бағалауда осы екі критерийді негізге алуы керек.
Конференция барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова сөз алып, ерте жастан балаларды дамыту бағытына көп көңіл бөлу керектігін айтты.
– Орта білім дамуының жаңа стратегиясы қарастырылуда. 2021 жылдан бастап 12 жылдыққа көшу мәселесі байыппен, асықпай, кезең-кезеңімен, зерделеніп, қайта қарастырылады. Сонымен қатар үш тілділік жүйе әр мектептің, оқушының, сыныптың дайындығына байланысты жүзеге асады. Өздеріңізге белгілі, ауыл мен қала балаларының арасында ерекшеліктер бар. Оларды теңестіру мәселесі де алдағы күннің басты шаруасы болып отыр. Жастарды білім саласына тарту немесе педагогикалық кәсіпке шақыру да үлкен мәселе ретінде қарастырылуда. Биыл жоғары оқу орындарына бөлінген грант саны көбейгенімен, сол мамандықтарға тапсыратын түлектердің білім көрсеткіштері төмен. Мұғалім мәртебесі заң жобасында педагог өзінің білімін арттыру уақытын және мерзімін өзі таңдайтын болады. Сонымен қатар, тек өзінің негізгі жұмысынан басқа қосымша шаруалар жүктелмейді. Сынып жетекшілік пен дәптер тексеру жұмыстарына екі еселік үстемақы қойылатын болады. Бұл заңда педагогті қорғау мәселесі де жеке қаралған, – деді министрлік өкілі.
Конференцияда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы сөз алды.
– Облыста биылғы жылы 165 мыңға жуық бала мектепке келетін болса, оның ішінде бірінші сыныпқа 22 мыңға жуық оқушы барады екен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 2500-ге көп. Демек, жыл сайын демографиялық ахуалдың артқанын көреміз. Жалпы, Қазақстанның білім беру жүйесі үздіксіз дамып келеді. Күні бүгінге дейін жүргізілген толассыз реформалар отандық білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтере алды ма? Барлық мектептерімізді біздің ұрпақтың түсіне кірмеген компьютерлермен, интерактивті тақталармен жабдықтағанымызбен олардың білім деңгейі өсті ме?
Мұғалім мәртебесін көтеру туралы заң қазір министрлікте жазылып жатыр. Сондықтан осы заң көп сұрақтарға жауап береді деп ойлаймын. Тағы бір мәселе – орта мектептердің дамуына қатысты. Астана, Шымкент қалаларында жылына 14-15 мың бала қосылып отырады. Оның барлығына мектеп салуға қаржы көтермейді. Жеке кәсіпкерлер есебінен жеке мектеп ашуға шақыруымыз керек,– деді Сенат депутаты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова биылғы жылдың жаңалығы – балаларды ерте жастан дамыту бағдарламасы енгізілетінін және балабақшаға бару кестесі жаңартылатынын атап өтті.
– Балаларды балабақшадағы инклюзивті ортаға неғұрлым ерте үйретсе, мектепте оқуын жалғастыру соғұрлым жеңіл болады. Орта білім беру деңгейінде кестеге сәйкес жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жалғасады. Барлық қажетті оқулықтар мәселесі шешілді. Бұл мақсатта облыс бюджетінен 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. 10 сыныптың оқу жоспарына «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» жаңа пәндері енгізіледі. Алғашқы әскери дайындық курсының мазмұны толық жаңартылып, «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» жаңа атаумен оқытылады. Сонымен қатар, биылғы жылы 9-сыныптар функционалды сауаттылыққа негізделген жаңа форматтағы мемлекеттік емтихан тапсыратын болады. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді 10-11 сыныптарда ағылшын тілінде оқытуды, мектептердің дайындық деңгейіне қарай кезең-кезеңімен енгізіледі, – деді басқарма басшысы.
Оқушылар санының өсуі орын тапшылығын тудыруы мүмкін. Басқарма басшысы бұл мәселенің бірнеше жолмен шешілетінін жеткізді. Қаладағы №4, 12, 87, 217, 278 мектептерге IT-лицей статусы берілді. Бұл мектептер қойылатын талаптарға сәйкес нәтиже көрсетуі керек. Жаңа оқу жылында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашылады. Биылғы жылдан бастап ыстық тамақпен қамту, лагерьге жолдама беру, тасымалдау, 1-сыныпқа қабылдау қызметтері автоматтандырылды. Наурыз айынан бастап республикада алғашқылардың бірі болып, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау электронды түрде жүргізіле бастады. Қазіргі таңда осы жүйемен 129 мұғалім жұмысқа орналасып үлгерген.
Жиын барысында «Promethean» компаниясының бас консультанты Инна Стивенс, «BTS Digital» білім беру орталығының басшысы Нұрбек Саясат баяндама жасады.
Сондай-ақ, «Дарынды балаларды анықтауда ата-ананың рөлі» тақырыбында мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев, «Жас маманға жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында Сырдария ауданы, №35 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айдана Жакиева сөз алды.
Тамыз конференциясына қатысушылар мен қонақтар «Цифрландыру – білім саласын дамытудың стратегиялық бағыты» атты танымдық көрмені тамашалады.
Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет еселеп арта бермек. Шара соңында бірқатар үздік педагогтар «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, министрліктің және облыстың Құрмет грамоталары, Алғыс хаттармен марапатталды. Ал биылғы «Үздік білім беру ұйымы» номинациясын Байқоңырдағы №277 мектеп-лицейі жеңіп алды. Жеңімпаз білім ордасына 17 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.