Оқулық дайындаушылардың өздері даярлықтан өтеді

Қазақстанда мектеп оқулықтарын дайындау тәртібі өзгеруі мүмкін. Осы жайында толық ақпарат алу үшін ҚазАқпарат тілшісі білім және ғылым министрлігіне сауал жолдаған болатын.
Министрліктің жауабына сүйенсек, оқулықтарға деген талаптың өзгеруіне байланысты оны дайындайтын сарапшылардың құрамы жаңартылмақ. Сарапшылар тізімі баспа өкілдерінен құпия сақталуы да мүмкін.
«Жаңа өлшемдерді ескере отырып, сарапшылар базасын жаңарту және оның құпиялығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, оқулықтағы қателерге мониторинг жүргізіледі. Кеткен қателік кітапты шығарған баспа есебінен жөнделіп, қайта басылады. Осы туралы оқулық дайындау ережесіне өзгерістер енгізіледі», - делінген ресми мәліметте.
Министрліктің мәліметі бойынша, биыл шілде мен қарашада оқу әдебиетінің 600 сарапшысы, «Оқулық» орталығының 300 сарапшысы, сондай-ақ пәндік комиссия мүшелері мен бастауыш білім беру оқулықтарының сарапшылары біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Ал 2020-2021 жылдары Дүниежүзілік банк жобасы аясында оқулықтар сапасын бағалау саласындағы 1000 сарапшы үшін де осындай курстар ұйымдастырылмақ.  


Білім 15 маусым 2019 г. 1 042 0