Бала болашағын баптаған...

Бізге дейінгі немесе кейінгі ұрпақтың өмірдегі өз орнын табуда мектеп деген киелі шаңырақтағы мұғалімнің алар орны ерекше. Олай деуге себеп те көп. Талай дүниенің тетігін ұстаған, әйтеуір, қандай да бір жеткен жетістігін саралайтын кез келген адам, алдымен өз ұстазын еске алары хақ. Ал Жаңақорған кентіндегі №125 орта мектептің оқушыларының  аудан, облыс, республика көлеміндегі додаларда топ жарып жүргені алдымен маңдай терін осы жолда тынбай төгіп жүрген аяулы мұғалімдерінің арқасы десек, артық айтпаспыз. Солардың бірі – бала тәрбиесінің бағбаны бола білген Мөлдір Ақынбекова.

Өзін де, сөзін де түзу ұстап, шәкіртке берер бағытын айқындап, мұғалім деген мәртебелі мамандықты арқалап жүру оңай шаруа емес. Біз әңгімелеп отырған Жаңақорған кентіндегі №125 мектептің химия пәнінің мұғалімі Мөлдір өз ісіне жауапкершілікпен қарайтындардың қатарында. Қысқаша айтсақ, шәкірттерін түрлі сайыстар мен олипиадаға дайындап, жүлдесіз қайтпайтын, ғылыми жобалар мен бітірушілердің тесттік қорытындысынан да үздік нәтиже көрсете білген ізденімпаз жан. Бүгінде Жұлдызай Әлайдар, Арайлым Әбдіқалық, Абылай Бұлдырықов, Нұрайым Балтақожа, Зәру Темірхан, Ақерке Құрманбек, Аяулым Оразбек сияқты мектеп мақтаныштарының Мөлдір апайына деген алғысы шексіз.

Сүйіншілейтін тағы бір жаңалық, Мөлдір жақында ғана Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын кеңінен насихаттау мақсатында республикалық білім беру ұйымдары педагогтарының ара­сында өткен «Жылдың жүз үздік химия пәні мұғалімі» атты республикалық байқаудың арнайы төсбелгісін кеуде­сіне қадап,  жеңімпаз болды. Оның бұған дейін де мұнан өзге жетістіктері толып жатыр. Мөлдір өзінің 13 жылдық мұғалімдік өтілінде мектеп, яки, аудан, облыстан бірнеше рет мақтау естіп, қатырма қағазды мол алса да, өз қыз­метін атақ үшін атқармағанын айтады. Керісінше, баласының бағытын айқындап берген Мөлдірге ұжымдастары да, ата-аналар да риза.

– Педагогтардың еңбегін ба­ғалауда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған кон­­­ференция, семинарларда түр­лі қалалар мен астанамыз Нұр-Сұлтанда да болдық. Жаса­лып жатқан барлық жұмыс­тар бала мен мұғалім арасындағы байланысты жақсартуға көп көмек береді. Сонымен бірге, «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасының қолға алынуы бізді екі еселеп қуантты. Бұйырса, бұл ұстаздарға оң жаңалық әкеледі деген сенімдемін, – дейді жеңімпаз мұғалім Мөлдір Ақынбекова.

Айтпақшы, Мөлдірдің өз әріптесі, осы білім ұясында гео­графия пәнінен сабақ беретін Алма Оразбек те осы жылдың үздік мүғалімі атанғандардың қатарында. Бүгінде Мөлдірден бөлек, Ғалия Бегентаева, Алма Оразбек сияқты дарынды педагог мамандар кейінгі буын – жас мамандарға баланы оқыту мен тәрбиелеудегі сан қырлы әдістемесін үйретуден жалыққан емес. Мектеп біліктілігі де осындай дара ұстаздармен ерекшеленетіні де сондықтан. Ал Мөлдір сынды мұғалім көбейсе, сіз бен біз сенген болашақтың бұлыңғыр болмайтыны тағы да айдан анық екені даусыз дүние.


Ержан ҚОЖАСОВ.

Білім 11 маусым 2019 г. 587 0