Негізгі саладағы нәтижелі іс

Халқымызда «Тәрбие –тал бесіктен» деген тамаша тұжырым бар. Расында, баланың бойына тал бесіктен дарыған тәрбиенің тіні мықты. Одан әрі баланың бітімболмысы, қарым-қабілеті балабақша, орта мектеп сияқты қоғамдық ортада қалыптасады.

Аймақта тәрбие бастауы саналатын балабақшалар саны бүгінде 667  десек, оның 573-і – балабақша, 94-і – шағын орталық. Жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында  61050 бала тәрбиеленуде. Нақтырақ айтсақ, балабақшаларда 3 пен 6 жастағы   балалар толық қамтылған. Бұл бағытта мемлекет пен жекешелік әріптестік аясында жұмыс жасайтын балабақшалар саны басым, яғни олар жалпы балабақшалардың  72 %-ін құрап отыр. Осының арқасында 2010-2020 жылдар аралығын қамтитын "Балапан" бағдарламасы облыста мерзімінен бұрын орындалды.

Білім беру  процесінің  сапасын арттыру мақсатында об­лыстық оқу орталығы тарапынан мектепке дейінгі ­ұйымдардың, соның ішінде  же­­кеменшік мектепке дейінгі ұйым­ның педагогтары үшін оқы­ту курстары, семинар - тренингтер, байқаулар өткізілуде. Нәтижесінде 2019  жылғы  25 - 29 ақпан  аралығында "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың  жаңартылған мазмұнын тиімді іске асыру тәсілдері" тақырыбында өткізілген оқыту семинарына 582 педагог маман қатысып, сертификат  иеленді.


Серпін


Биылғы оқу жылында облыс бойынша 293 мектепте 153 502 оқушы білім алуда. Демек, былтырғы оқу жылымен салыстырғанда, білім алушылар саны 5900-ге көбейген. Әрине, бұл – көңіл қуантатын жаңалық. Осы орайда орта мектептердегі оқушылардың сыйым­дылығын талапқа сай қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Соның бір көрінісі 2018 жылы  1500 орынға арналған 6 мектептің құрылысы пайдалануға берілді. Нәтижесінде бүгінде облыс көлемінде үш ауысымда оқитын мектептер жоқ. Сол сияқты, Жаңақорған, Жалағаш аудандарындағы 2 апатты мектептің мәселесін шешу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды.

Білім саласындағы басты талаптың бірі цифрландыру  жұмыстары десек, қазіргі таңда Қызылорда қаласына қарасты 245 балабақша «Электронды балабақша» автоматтандырыл­ған жүйесіне қосылып, жұмыс жасауда, бұдан бөлек, аудандардағы 414 балабақша  жобаға қосылды. Облыста 293 мектеп кең жолақты интернетке 100% қосылып, WI-FI–мен қамтамасыз етілген.  Барлық  мектеп "Күнделік" электронды жүйесінде жұмыс жасайды.

Мектептер 156 жаңа модификациялық физика, химия, биология пәндік, 92 робототехника кабинеттерімен жабдықталды. Облыстағы 9 Оқушылар үйі "3D-модельдеу" және "Цифрлық білім беру лабораториясы" кабинеттерімен жа­рақтандырылды. Қызылорда қаласындағы Оқушылар үйі "IT-iMAQORDA" ресурстық ор­­та­лығы ретінде ашылды. Ал, 23 шағын жинақталған мектеп BilimBook кешенімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, инновациялық мектептер арасынан Қызылорда қаласындағы №3 мектеп-лицей ­информатика ба­ғытындағы тірек мектебі ретінде ІТ-лицей болып құрылып, интерактивті құралдармен қайта жабдықталды. Осы аталған  жұмыстарға 2018 жылы облыс бюджетінен 1,5  млрд теңге қаржы бөлінді.

Білім саласына енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес 2018-2019 оқу жылында  3, 6, 8 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Осы сынып оқушыларына оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендер сатып алу үшін жергілікті бюждеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, 13 баспадан  1 393 671 дана оқулық алынды.

Жалпы еліміздегі орта білім деңгейі халықаралық ұйымдар тарапынан тұрақты түрде сараланып отырады. Осы орайда 2018 жылы облыс бойынша PISA, TIMSS, PIRLS, IСІLS халықарылық зерттеулеріне 51 мектептен 1500 білім алушы мен 347 мұғалім қатысты. Зерт­теу қорытындысы биыл жарияланады.


Аймақ түлектері 

республикада алда


2018 жылы халықаралық және республикалық олимпиа­далар мен ғылыми жобаларға  110 оқушы қатысып, оның 46-сы жүлделі орындарды иеленді. Оның ішінде 8-і алтын, 18-і күміс, 20-сы қола медаль алды. Ал, 2019 жылғы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысымен облыс командасы ІІ орынды иеленіп, 21 оқушы марапатталды.

2018 жылғы ҰБТ-ға  облы­сы­мыздағы 7113 мектеп бі­тірушінің  4742-і (66,6%) қа­тысты. Қорытындысымен об­­­лыста орташа балл 85,8-ді  құрап, өткен жылмен салыстыр­ғанда 3,4 балға көтерілді. Бі­тіру­­шілердің  97% университеттер мен колледждерге түсті.

Оның ішінде аймақ басшысының қолдауымен, Ресейдің же­текші техникалық жоғары оқу орындарында 436 түлек жаңа технология бойынша білім алуда. Облыс әкімінің гранты негізінде 2018 жылы оқуға түс­кен 200 бітіруші білімдерін жал­ғастыруда. Осы бағыт бойынша Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарында оқыған студенттердің алғашқы легі оқуларын бітіріп, жас маман ретінде туған жеріне оралды.


Кәсіптік білім 

көкжиегі

 

Облыс бойынша 29 техникалық-кәсіптік білім беретін оқу орындарында 97 мамандық, 167 біліктілік бойынша 21078 студент білім алуда. Кәсіптік білім беру саласына 2014 жылы бірінші рет дуальды оқыту технологиясына негізделген білім беру жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда 24 колледжде 78 мамандық бойынша 3500 студент білім алуда. Сонымен қатар,  25 оқу орнында 48 мамандық бойынша модульдік білім беру бағдарламалары енгізілді. 2019 жылғы наурыз айында «WorldSkills Kazakhstan» жобасының Ұлттық чемпионаты облыстық іріктеу байқауына қатысушыларды анықтау мақсатында 17 жұмысшы кәсібі бойынша колледжішілік байқау өткізілді.

2018-2019 оқу жылына "Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру" жобасы бойынша жастардың жұмысшы мамандығын алуына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 3608 орын бөлінді. Ал, ағымдағы жылдың наурыз айында техникалық және кәсіптік, орта білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс облыс әкімдігінің қау­лысымен рәсімделіп, оқу орындарына конкурстық негізде орналастырылды.


Қамкөңіл балаларға 

қамқорлық 


Биылғы жылдың басындағы есеп бойынша облыста жасы 18-ге толмаған аралығында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 851 бала бар. Олардың 758-і отбасында тәрбие алса (қорғаншылық пен қамқоршылықта 659 бала, патронаттық тәрбиеде 99), 93 бала осы санаттағы  балаларға арналған білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында тәрбиеленуде. Айта кетуіміз керек, соңғы жылдары интернаттық мекемелерде тәрбиенушілердің санында  төмендеу тенденциясы байқалады. Мәселен, 2013 жылы бұндай мекемелерде  187-190 балаға дейін тәрбиеленген болса, бүгінгі таңда олардың саны 93 балаға төмендеген.

Мәселен, 2019 жылғы интернаттық мекемелерден 3 бала отбасылық тәрбиеге берілді.


Ғазиза ӘБІЛДА.

Білім 14 мамыр 2019 г. 1 497 0