Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалімдік екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыны мен қызығы бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Осы жолда біз үлгі тұтатын ұлағат иесі бар. Ол – Жаңарық ауылындағы №167 мектепте отыз жеті жылға жуық шәкірт тәрбиелеген Ақжайқын Мұратбайқызы.
Ұзақ жылдар бойы ұстаздық жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Ақжайқын апай жайлы ерекше ілтипатпен айтқым келеді. Оның әр ісінен шығармашылықты, жоғары педагогикалық білік пен ізденімпаздықты байқау қиын емес. Әрқашан адамды өзіне баурап алатын мейірімділігі тек қана өзіне тән. Ұстаз бала алдында өзінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен, яғни, барлық жағынан үлгі бола білді. Ұлы жазушы Л.Толстой «Білім берудің қай түрі болмасын – тәрбие» деп бекер айтпаса керек. Білім беру арқылы тәрбиелікке баулу – Ақжайқын Мұратбайқызының басты мақсаттарының бірі. Қазақ ұлтына тән кішіпейілділік, ізеттілік, үлкенді құрметтеуге тәрбиелей отырып, Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеудің мән-мағынасын әрбір сабақта шәкірттерінің бойына сіңіруді парыз деп білді. Ұстаздық жолдағы ұлағатты өнегесі мен шуақты шарапаты талай шәкірттің бойына тарады.
Қысқасы, талай жанға тәлім мен білім берген ұлағат иесін дәріптей білу біз үшін парыз деп білдік.
Ақниет ЕРАХАНҚЫЗЫ,
№167 жалпы орта
мектеп мұғалімі.
Жаңақорған ауданы.