Топ жарған төртеу

Қазалылық оқушылар көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғы ойлап тапты. Жаңа көзілдірік кедергілерді сезуге мүмкіндік береді.

Төрт оқушының да бастамасы батыл. Олар өз бетінше Ресей Федерациясының білім және ғылым министрлігі мен «Фонд новых форм развития образования» мекемесі ұйымдастырған байқауда бақ сынамаққа шешім қабылдапты. Санкт-Петербургта өтетін са­йысқа әлем елдерінен 400 топ қатысуға өтініш білдірсе, со­ның 73-і ғана шақырту алыпты. Мектеп әкімшілігі қарқыны қатты оқушылардың идеясын құп көріп, бастамаға қолдау білдіріпті.

– Төртеуміз топты Qazaq, Тechnology сөздерін бірік­тіретін QTECH деген атаумен атадық. Дайындық бары­сында тек көзілдірікпен шек­тел­мей, арнайы датчиктер орна­лас­қан куртка, етік, кедергі шыға қалса, вибросигнал бере­тін трость (зағиптарға арнал­ған таяқ) ойлап таптық. Ал қо­сал­қы бөлшектер үшін Қы­тайға тапсырыс бердік. Ақтық сында сайыс қазылары құрыл­ғыны бағалау үшін зағип кісіні алдырды. Көзі көрмейтін адам арнайы лабиринттен өтіп, апельсин шырынын тауып ішуі керек. Ол лабиринт­тен сәтті өтті, бірақ шырын­ды таба алмады. Себебі, уақыт аздығынан шырынды табатын бағдарламаны қосып үлгер­медік. Бірақ құрыл­ғыны пай­да­ланған адам жұмы­сы­мызға оң бағасын берді, – деді Нұрсәт Есекеев.

Айта кетерлігі, Мәскеуге жеткенде құрылғының бөл­шектері жүк тасымалы кезінде ажырап, бұзылып қалған екен. «Енді қайттік» деп қол­ды қалтаға салып тұратын уақыт жоқ. Балалар креативті, логи­ка­лық тұрғыда ұтқыр шешім қабылдай білетінін дәлелдеп, бірер күн ішінде көзілдірік пен куртканы қайта құрастырып, байқауға қатысыпты. Осылайша еті тірі, ебі мол оқушыларға жүлделі ІІ орын бұйырған. Айтпақшы, зерек балалардың жетекшілері – физика пәнінің мұғалімі Жаңа­бек Нағашыбаев пен Болат Жолдасбеков.

Жоба авторының бірі Асыл­хан Қанибаев  көру мүм­кіндігі шектеулі азамат­тар­дың туысқандары арқылы құ­­рыл­ғының белгі беру жүйе­сін смартфонға орнатуға болатынын айтты. Сол арқылы зағип жандардың қайда жүр­генін бақылап отыруға болады. Сондай-ақ, олар енді 20-30 сантиметр аумақтағы кедергіні анықтай алатын құрылғы мүм­кін­дігін 1 метр етіп, қайта құрастырмақ.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

Білім 16 сәуір 2019 г. 1 080 0