ТАЛАПТЫЛАРҒА ЖОЛ АШҚАН

Қалалардың өсiп, ауылдың iрiленуi – өркениеттi қоғамның жетiстiгi. Алайда, ауылдан бiржола тамыр үзiп қалмау – бүгінгі өзекті мәселенің бірі. Оның үстіне алыптардың көбі осы ауылда дүниеге келгенін ескерсек, болашақта бұл үрдiстiң жiбi үзiлмес үшiн мұнда ұлттық мәдениеттiң ошағы, заманауи бiлiмнiң бастауы сақталуы тиіс.

Бұл ретте мемлекет тарапынан «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл жас­тары», «Жастар кадрлық резервi» секілді бір­қатар тиімді бағдарламалар қа­был­данып, жемісті жүзеге асты. Нәтиже де көңіл көншітерлік. Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы 3-4 жылдың кө­лемінде ауылда жұмыс іс­теуге ниет білдірген жас маман­дардың саны едәуір артқан. Әсіресе, жоғарыда аталған «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасының игілігін көр­ген жастардың қатары қалың. Биыл аталған бағдарлама бойын­ша 52 маманның баспаналы бо­луына республикалық бюджеттен 196 950,0 мың теңге және 109 маманның көтерме жәр­демақыға қол жеткізуіне 19265,8 мың теңге қаржы бөлініпті.

Айгүл Құлшаева осы жеңілдікке қол жеткізгендер қатарында. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде бас­тауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша білім алған. Жоғары оқу орнын тәмам­дағаннан кейін арман қала Астанаға бет алуды да ойлапты. Бірақ, ол туған топырақтан жырақтап кеткен жоқ. Сырда қалып, елге қызмет етуге бел буды. Бала кезінен ұстаз болуды армандаған Айгүл қазір қала ірге­сіндегі Нау­рыз елді мекенінде орна­ласқан №268 мектеп-лицей мұғалімі.

– Мен де өзге замандастарым секілді үлкен қалаға аттанып, мақсатымды жүзеге асыруға асық­қан кездерім болды. Дегенмен, жақын­дарымның жанында қалып, ойдағы армандарымды туған өлкемде іске асыруды шештім. Таңдауыма еш өкін­беймін. Ең бастысы, жастарға беріл­ген осындай мүмкіндікті қалт жібер­мегеніме қуанамын. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы жастар үшін қашанда ерекше маңызға ие. Осы бағдарлама аясында біржолғы көмек пен тұрғын үйге қол жеткіздім. Сондықтан әрбір жас берілген жеңілдіктерді пайдалана отырып, туған жерінің дамуына атсалысса, оны түлетсе деймін. Оның үстіне биылғы жылдың «Жастар жылы» ретінде белгіленуі де үлкен мәртебе, қуаныш. Бұл жылы біз үшін маңызды деген мәселелер шешімін табатынына, әрбірімізге жігер сыйлайтын жаңашылдықтардың орын алатынына сенімдімін, – дейді кейіпкеріміз.

Айгүл әңгіме барысында  маман­дығының қыр-сырымен де бөлісті. Әрбір азаматтың қабілетті болуы ұстаз берген білімге байланысты екеніне, ал ұстаздың негізгі құралы оның берген дәрісінде екеніне тоқталды.

– Ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Әрбір оқушының қабілетіне қарай бағдар беріп, жөн сілтейтін, адам­гершілікке, еңбекқорлыққа тәр­биелейтін мамандық иесі бол­ғанның өзі зор жауапкершілік жүктейді. Оған қоса шәкірттеріңнің озат болуы үшін өтетін сабағың да бірсарынды болмауы тиіс. Оқытудың тың әдіс-тәсілдерін үнемі меңгеріп отыру қажет. Себебі, сенің берген білімің оқушы арқылы көрініп тұрады, – дейді Айгүл.

Талапты жас маманмен тілдес­кен­нен кейін, оның сөйлеу мәнеріне тәнті болып, «Ұстаздың шынайы бет-бейнесі осындай болса керек» деген пікірге тоқталдық. Өйткені, оны кө­кейіндегісін бүкпесіз жеткізетін дағдысы ерекшелендіріп тұр. Қыз­ме­тіне асқан жауапкершілікпен қа­рай­­тын, білім берудегі жаңа­шыл­ды­­ғымен көзге түскен ұстаз абырой биі­гінде келеді. Оқу­шыларының жет­­­кен жетістігі бар жоба. Бұл ретте қажетті білімді меңгерген Айгүл секілді жастардың қарасы көбейгені қуантарлық екенін айтпақпыз. Бойына елжандылық дарыған олардың ел ер­теңі үшін аянбай еңбек ете берері анық.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

Білім 16 наурыз 2019 г. 1 409 0