Мектептерде әскери-патриоттық сыныптар ашылады

Қазақстан мектептерінде «Жас сарбаз» әскери мамандандырылған сыныптары ашылады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бұл туралы ҚР Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары, «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдер қозғалысының төрағасы, генерал-майор Мұхамеджан Таласов Орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді. 
М.Таласов Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсартумен қатар, мектептердегі әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуді тапсырғанын атап өтті.
«Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде бірқатар қиындықтар кездеседі. Ең алдымен, тұрақты қаржыландыру көзі мен жеткілікті құқықтық және оқу-материалдық базаның болмауы өзекті. (...) Мектептер жанынан құрылған әскери-патриоттық ұйымдар, сыныптар, секциялар мен үйірмелер сынды жастар ұйымдары бір жүйеге тоғыспаған», - деп түсіндірді ол. 
М.Таласов 2016 жылы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы құрылғанын еске салды. Оның құрамына мемлекеттік орган өкілдері, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері бар.
 «Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы аясында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жетілдіру үшін «Жас сарбаз» қозғалысының өңірлік штабтарын құруды, өңір әкімдерінің жетекшілігімен қозғалысты дамыту бойыша үйлестіру кеңестерін құруды жоспарлап отырмыз. ҚР Білім және ғылым министрлігімен және жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, еліміздің әр мектебінде әскери-патриоттық клубтар мен 5-11 сынып оқушылары үшін әскери мамандандырылған сыныптар ашу да көзделген», - деп атап өтті М. Таласов.
Оның айтуынша, мұндай сыныптардың құрылуы тәртіп пен оқу үлгерімін арттыруға, оқушылардың белсенді азаматтық позициясын қалыптастыруға, мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мамандандырылған сыныптар мен клуб тәрбиеленушілері бірыңғай формамен қамтамасыз етіледі.




Білім 30 қазан 2018 г. 1 234 0