ҚСЗИ сарапшысы «Педагогтардың мәртебесі» туралы құжатқа пікір білдірді

Қазақстандағы бүлдіршіндерді білім берудің заманауи стандарттарымен оқытуға назар аударылады. Бұл туралы Елбасы Жолдауына қатысты пікірінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Мәдина Нұрғалиева мәлім етті, -деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2023 жылға дейін білімге, ғылымға және денсаулық сақтау саласына бағытталатын қаржыны Жалпы ішкі өнімінің 10 пайызына дейін арттыру жоспарланып отыр. Әрине, бұл өте маңызды міндет», - деп тоқталды сарапшы. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстан ғылымға ЖІӨ-ге шаққанда 0,14 пайыз деңгейінде, білімге ЖІӨ-нің 3,8 пайызы және денсаулық сақтау саласына ЖІӨ-нің 3,5 пайызы көлемінде қаржы жұмсап келеді. Осы ретте аталған салаларға 7,5 пайыз шамасында қаржы бағытталуда.
«Биылғы Жолдауда өскелең ұрпаққа ерекше назар аударылып отырғанын айрықша байқауға болады. Мемлекет басшысы жалпы білім беру сапасын көтеру мәселесіне екпін қойды. Қазіргі заманғы өмір жағдайы балаларды болашаққа тыңғылықты даярлауды талап етеді. Осы орайда тәрбиешілерге қатысты біліктілік талаптарын қайта қарау ескеріліп отыр. Сонымен қатар, олардың еңбекақы төлеу жүйесін қарастыруға назар аударылды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беруде оқытудың жаңа әдіснамаларын енгізуге қатысты нақты қадамдар іске асырылатын болады. Бұл тұрғыда біздің балалар білім берудің жаңа парадигмасында оқиды», - деді Мәдина Нұрғалиева. 
Сарапшының пайымдауынша, «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау өте маңызды қадам болып отыр. «Осы құжаттың қажеттілігі бұрыннан сезілуде. Мұғалімдер елдегі жаңғырту өзгерістерінің көшбасшысы. Сондықтан да оларды бағалап, сыйластықпен қарап, қамқорлық жасауымыз қажет. Осы орайда мұғалімнің мәртебесі мен атағын көтеру - өте қажетті қадам», - деп түйді Мәдина Нұрғалиева. 
Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында балабақшаларда тәрбиешілер жалақысына қатысты тапсырма берді. Мұнымен қоса Президент мектептегі аяғы жоқ реформаларға соңғы шешім жасалатынын қадап айтты. Жолдау жүктеген міндеттердің арасында ғылым мен денсаулық салаларына қаржыландыру көлемін арттыру мақсаты ескерілген. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданатынын да атап өтті.
Білім 07 қазан 2018 г. 926 0