Директордың мұғалімді жұмысқа қабылдау құзіреті алынып тасталуы мүмкін

Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіледі және аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қойылатын жауапкершілік жоғарылайды. Бұл туралы бүгін Түркістан облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау туралы мәжілісінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңір басшысы парақорлыққа, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң шара қолданылатынын айтып, қызметкерлеріне ескерту жасады. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Садықованың айтуынша, өңірде коррупцияның алдын алу үшін басқарма тарапынан бірқатар қызметтерді цифрландыру шаралары қолға алынған. Мәселен, мектепке дейінгі білім беру ұяларына жолдама беру және кезекке қою автоматтандырылып, 12 мыңнан астам бала балабақшаға орналасқан. Яғни, адами фактор азайып, өтініштер электронды түрде реттелген. 902 орта мектеп mektep.sitcen.kz жүйесіне қосылып, оқушылар осы арқылы мектепке қабылданып жатыр. Бүгінде 53031 оқушы электронды түрде 1-сыныпқа қабылданған. Сонымен қатар, 902 білім ұясында jumys.sitсen.kz жүйесі енгізіліп, 2718 өтініш келіп түскен. Жүйе қызметі арқылы 321 мұғалім жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда жүйеде 652 бос жұмыс орны туралы мәлімет тұр. Енді ұстаздарға директорға немесе басқаларға жолықпай жұмысқа орналасу жүргізілуде. Ал, техникалық қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды мектеп директорының құзіретінен алып тастап, аутсорсингке өткізу ұсынысы қарастырылып жатыр. Жиында жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар да талқыланып, сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның жұмысын күшейту керектігі айтылды. Облыс әкімі Ж.Түймебаев басқарма басшыларының есебін тыңдап, елге шынайы отаншылдық сезіммен адал қызмет ету керектігін айтты.  «Сыбайлас жемқорлық - қоғамның індеті. Сондықтан халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары қолға алынып, білім беру ұйымдарында мәдени-ағартушылық жұмыстары атқарылсын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы жанынан ішкі талдау жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы тобы құрылуы тиіс. Мемлекеттік мекемелер ашық әрі елге жақын болып, сапалы қызмет көрсетсін. Сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген әрі осы індетке қарсы тиісті дәрежеде қадағалау жүргізбеген лауазымды қызметкерлердің мәселесі қатаң қаралатын болады»,- деді Жансейіт Түймебаев. Облыс әкімі жиынды қортындылап,  аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөнінде тапсырма берді.


Білім 07 қазан 2018 г. 951 0