Грант иегерлері 509-ға артты

«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Білім» бағытындағы аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда Президенттің үшінші бастамасы бойынша «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру» бағытындағы жұмыстар жан-жақты пысықталды.
Жалпы облыс бойынша биыл 7112 түлек мектепті аяқтаған. Олардың 4742-сі ҰБТ-ға қатысып, 57,6 проценті мемлекеттік грант иеленген. Грант иегерлерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 509-ға артқан. Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова хабарлама жасап, осы бағыттағы нәтижелі көрсеткіштерді атап өтті.
– Биылғы түлектердің ҰБТ-ға қатысу пайызы 66,6 процент. Орташа балл 85,82-ні құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 балға өсіп отыр. 2733 бітіруші мемлекеттік грант иеленді. Оның ішінде 823-і «Серпін» бағдарламасы бойынша.Талапкерлердің 45,2 проценті техникалық, 25,4 проценті педагогикалық, 7,5 проценті медициналық, 10,3 проценті ауыл шаруашылығы мамандықтарын таңдаса, 11,3 проценті басқа салалардың үлесінде. Жалпы облыс бойынша 6889 түлек жоғары және арнаулы оқу орындарына оқуға түсті, – деді басқарма басшысы.
Жиында  мемлекеттік білім беру тапсырысының орындалуы төңірегінде жоғары оқу орындары мамандары да хабарлама жасады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қабылдау комиссиясының  жауапты хатшысы Абзал Шегенбаевтың айтуынша, 18-26 шілде аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті базасында Ұлттық бірыңғай тестілеу және кешенді тестілеу нәтижелері бойынша 50-ден жоғары балл жинаған талапкерлерден 3651 талапкер мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысып, 2485 талапкер сол тапсырыстың иегер атанған. Олардың 248-і Қорқыт ата атындағы мемлекеттік  университеті мамандықтарын тандаған.
Өңірде, сондай-ақ, мектеп түлектерінің ең үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерінде білім алуына зор мүмкіндік жасалған. Қызылорданың 452 білімді жасы Ресей Үкіметінің грантымен Мәскеу және Санкт-Петербургтің үздік техникалық ЖОО-да білім алуда. Одан бөлек жыл сайын ауылдық жерлердегі көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына облыс әкімінің арнайы 100 гранты бөлінеді. Биылдан бастап бұл гранттың саны 200-ге жетті. Олардың 70 проценті ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға арналған.
Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың Парламентаралық Ассамблеясына қарасты университетпен Меморандумға қол қойылып, өңірдегі үздік мектеп түлектеріне жыл сайын 10 білім беру грантын бөлу туралы келісімге қол жеткізілген.
Осындай жақсы жаңалықтармен отырысты қоры­тындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев комиссия жұмысына оң баға беріп, ендігі жерде олардың сапалы білім алуына бақылау жасау қажеттігін алға тартты.
Білім 18 қыркүйек 2018 г. 1 131 0