РОБОТОТЕХНИКА МЕКТЕБІНДЕ 6 ЖАСТАН БАСТАП ОҚУҒА БОЛАДЫ

Қызылордалық жас кәсіпкер Серік­бол Ералиев «Smart Generation» робо­тотехника мектебін ашты. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Кәсіпкерлікпен айналыспас бұ­рын ол қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының робототехника үйірмесіне жетекшілік етіп келді. Мектеп ашуға 2,4 млн теңге қаржы жұмсалған. Оның 500 мыңын «Samruk-Kazyna Trust» әлеу­меттік жобаларды дамыту қоры ұйымдастырған байқауда жеңіп алған.

Робототехника мектебіндегі са­бақ­қа жасы 6-ға толған балалардан бастап кез келген ниет білдіруші жастар қатыса алады. Мектеп ақылы негізде. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін тегін. Сабаққа қатысушылар аптасына 4 сағаттан оқиды.

– Мектепті ашу қазіргі заманның талабынан туындады. Бүгінде робототехника саласы өте қарқынды дамып келе жатыр. Ақпараттық техника саласының мамандары зор сұранысқа ие. Ал оларды қалай дайындаймыз? Мәселе осында. Мамандарды қазірден бастап тәрбиелеуді қолға ал­ғанды жөн санадық. Қажет құрал-жабдықтарды әр елден жинақтадық. Мәселен, кейбір құралдар Даниядан алдырылды, енді бірін Ресей, Қытай, Алматы, Астанадан жеткіздік. Мектепті ашқаннан кейін жұмыстың кешенді болғаны жөн. Сондықтан материалдық базаның толықтығына көңіл бөлдік, – дейді жас кәсіпкер.

Серікбол айына бір рет мектепте оқитын балалардың басын қосып, шара өткізуді ойға алып отыр. Ол бұл қадамын техникаға әуес балалардың момын, томаға-тұйық болатынымен, ал көпшілік шаралар олардың мінезін ашуға көмектесетінімен байланыстырады.

Мектептің ашылу рәсіміне қа­тыс­қан өңірлік кәсіпкерлер пала­та­сының директоры Ғалымбек Жақсылықов:

– Қазіргі цифрланған қоғамды ақпараттық технология мамандарынсыз елестету қиын. Ал мұндай мамандардың жастарды оқытуға ден қойғаны – қолдауға тұрарлық бастама. Серікболмен көктемде таныстым. Сол кезде қалада робототехника мек­­тебін ашқысы келетінін айтты. Инновациялық жобалар байқауына қатысып көрген, бірақ жеңіске жете алмады. Дегенмен, оған ештеңеге қарамастан істі бастауға кеңес берген едім. Серікбол сөзінде тұрды. Бастамасына, алғашқы қадамына қа­рап сүйсініп отырмын. Әріптесіме сәттілік тіледім. Біз де өз тарапымыздан қарап қалмаймыз. Қолдан келгенше көмек береміз, – деді.

 Қазірдің өзінде мектеп ашылатынын естіген 10-нан астам бала оқуға жазылған.
Білім 15 қыркүйек 2018 г. 3 153 0