Сыр спортында сүйіншілейтін жаңалық. Талай дарабозды тәрбиелеген Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша студенттер даярлайтын мектеп-интернат-колледжі мәртебесі берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы келіп, ұжымды жаңа оқу жылымен құттықтады.
– 2001 жылы Қызылорда облысында спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болып тұңғыш рет ашылған бүгінгі мектеп-интернат-колледждің тарихы терең. Талай қазақ баласы білім алып, ел игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды. Білім мен тәрбие беру жолында есімдері елге танымал, әлем, Азия чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері түлеп шықты. Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Зайчиков, Олимпиада ойындарының қатысушылары, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов, еркін күрестен 3 дүркін Азия чемпионы Дәулет Ниязбеков, дзюдодан жасөспірімдер Олимпиада ойындарының жеңімпазы, тұңғыш әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қатысушысы Ғалымжан Өсербаев, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының қатысушысы Қуаныш Рахатов сынды спортшыларымызды мақтанышпен айта аламыз. Игі бастамаларыңызға шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен жеңіс, педагогикалық ізденіс, жаңа серпін тілеймін! – деді аймақ басшысы.
Тарлан спортшыларға қанат бітірген қара шаңырақты аралау барысында тынымсыз еңбек пен қажымас күш-жігердің куәсі болдық. Мектеп-интернаттың 5-сыныбында 200 оқушы білім алса, колледжде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша 20 студент оқиды екен. Биыл оқу орнында 8 ҚР спорт шебері, 38 спорт шеберлігіне үміткер даярланып, ұлттық құраманың қатарына 31 оқушы өткен. 2017-2018 оқу жылында мектеп-интернат оқушылары ҚР чемпионаттарында 132 медальға қол жеткізген. Нұрдәулет Аманқосов пен Құндыз Жылқыбай да Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, жерлестердің мерейін арттырды. Сондай-ақ, мектеп және колледж оқушылары арасындағы ҚР 9-шы жазғы спартакиадасында мектеп-интернат оқушылары 28 алтын, 14 күміс, 15 қола жүлде жеңіп алды. Алда жауапты сын көп. Қазан айында Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтетін ІІІ жазғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына мектеп-интернат оқушылары Диас Бахрадин, Эльнура Нұрланова байдарка және каноэден есу бойынша, Ерасыл Ергенбай мен Есенгелді Сәпи ауыр атлетикадан қатысып, жеңісті қолдан бермеуге күш салады.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
Суретті түсірген:
Б.ЕСЖАНОВ.