Елбасы өзінің 5 әлеуметтік бастамасында еліміз үшін маңызды мәселелерді айқындап берген болатын. Оның ішінде әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажеттігін айтып өткен еді. Осыған орай қазір жүйелі жұмыс жасалуда. Оның жай жапсары облыс әкімінің орынбасары Евгений Кимнің төрағалығымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде орта білім беруді жан басына нормативтік қаржыландыру мәселесі бойынша өткен басқосуда айтылды. Оған еліміздің өзге өңірлерінің білім басқармасының басшылары мен орынбасарлары, жергілікті мектеп және колледж директорлары қатысты.
Жиынды ашқан Е.Ким өңірде МЖӘ аясында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Оның айтуынша, бүгінгі күні аймақта 34 млрд теңге көлеміндегі 75 жоба жүзеге асырылады. Оның 10-ы білім саласын қамтиды.
– Қазіргі сәтте сол жағалауда қарқынды құрылыс жұмыстары жүруде. 26 көпқабатты тұрғын үй, 320 орынды балабақша мен «Болашақ» университетінің кампусы және жастар орталығы бой көтеруде. Бұған үлкен құрылыс компаниялары мен инвесторлар ерекше қызығушылық танытты. Сонымен бірге қазір МЖӘ негізінде 200 орынды екі жатақхананың жобасы жүзеге асырылуда. Десе де, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы барысында туындайтын мәселелер де жоқ емес. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын апатты жағдайдағы 13 мектепті қайта салу жоспарланған. Бірақ байқауға ешқандай инвестор қызығушылық танытпады. Әлеуметтік жобаның инвесторлық тартымдылығы болмағандықтан, бұл бірнеше жылға созылып бюджетке шығын әкелетін болды. Осыған байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаларынан бас тартуға шешім қабылданды. Дегенмен, мектеп, балабақша, колледж салуда әріптестік оң тиімділігін береді, – деді ол.
Мұнан кейін сөз алған “Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев елімізде МЖӘ бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға, шілде айында білім заңына енгізілген өзгерістерге тоқталса, орталықтың атқарушы директоры Талғат Тұрсынбаев мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімділігін сөз етті.
– Өздеріңіз білетіндей, Елбасы үндеуінің үшінші бастамасында 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырмасы алға қойылды. “Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы” АҚ құрылыс жұмыстарын жүргізіп қоймай, бұрынғы жатақханаларды қайта жаңғырту жұмыстарын жасау әдісін ұсынып отыр. Бұл мемлекеттік әріптеске де, кәсіпкер үшінде тиімді болмақ. Себебі, кәсіпкер қолданыста тұрған немесе салған ғимаратын жатақхана ретінде бере алады. Оған мемлекет тарапынан қолдау бар. Яғни, мемлекеттік тапсырыс арқылы жаңа құрылыстың әр жатын орнына 122 айлық есеп көрсеткіш, модернизация, қайта құруға 47 айлық есеп көрсеткіш көлемінде қаржы төлейді. Оған қоса, ол жатақхана қарапайым болмауы тиіс. Студенттер үшін қолайлы, қажеттіліктерін өтейтіндей болуы қажет, – деді Т.Тұрсынбаев.
Ал, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Шынтасов өңірде студенттерді жатақханамен қамтуда тиісті шаралардың атқарылып жатқандығын жеткізді. Қызылордада 16 мемлекеттік колледж болса, оның 5-де жатақхана қарастырылмаған. Біреуіне жатақхана салу қажеттілігі туындап отыр.
Жиын барысында “Қаржы орталығы” АҚ департамент директоры А.Қабыланова орта білім беруді жан басына нормативтік қаржыландыру туралы ақпарат берді. Нормативтік қаржыландыру жағдайында білім беру ұйымының ұйымдастырушылық және қаржылық мәселелерін басқарудың тиімділігі артып, білім беру процесінің нәтижелілігі жоғарылайды. Орта білім беруді жан басына нормативтік қаржыландырудың мәні білім беру процесіне шығыстарды республикалық деңгейде орталықтандыруға және қаражатты бір жылда бір оқушыға есептеп бөлуге негізделеді. Бөлінетін қаражаттың көлемі оқушылар санына байланысты.
Басқосуда қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, жан-жақты талқыланды. Шара соңында “Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы” АҚ мен еліміздегі білім басқармаларының арасында әріптестік меморандумына қол қойылды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.