БІЛІМ: АЙРЫҚША ҚОЛДАУДЫҢ АЙҚЫН НӘТИЖЕСІ

Сіз бен біз куә болып жүргендей, өңірде білім беру саласының жаңа дәуірі жүріп жатыр. Бұл салада биыл 15 нысан пайдалануға берілсе, жалпы білім берудің сапасын арттыру бағытында барынша қажетті шаралар қолға алынған. Айталық, жыл сайын ауылдық жерлердегі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасынан шыққан түлектер үшін облыс әкімінің гранты бөлінеді. Бүгінде аталған грантты иеленушілер саны 700-ге жетіп отыр. Осы жылы бұл санаттағы 205 бала еліміздің жетекші оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, қазіргі заман талабына сай облыс әкімі грантының 70 процентін ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға беру қарастырылған.

Жалпы бұл жұмыстар соңғы бес жылда жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы жылдар аралығында мектеп бітірген түлектердің отандық және ресейлік таңдаулы оқу орындарында білім алуына облыс әкімі тарапынан тиісті қолдаулар жасалып келеді. Бүгінге дейін Ресейдің инженерлік оқу орындарында 500-ге жуық аймақ жастары білім алып жатқанын білеміз. Олардың алғашқы легі дипломын алып, елге оралуда. Бұл орайда аймақтағы "КазАтомПром", "Гежуба Шиелі Цемент", "Кристалл менеджмент", тағы басқа бір­қатар кәсіпорын жас мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, алдағы уақытта IT мамандарын даярлауға басымдық беріледі. Оның аясында Татарстан еліндегі "Иннополис" университетімен келісім жасалып, Мәскеудегі "Сколково" инновациялық орталығымен ынты­мақтастық секілді бастамалардың оң нәтиже берері сөзсіз. Оған қоса, биылғы жылдан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің "Киберқауіпсіздік", "Процестерді математикалық модельдеу" мамандықтары бойынша Қызылорда жастарына магистратурада оқу үшін 20 грант бөлінді. Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен Астанада, ЕвраАзЭС-тің парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университетпен ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған жоғары оқу орнында "Юрис­пруденция", "Сервис", "Туризм", "Экономика", "Менеджмент", "Декоративті қолөнер және халықтық кәсіпшілік" сияқты бүгінгі заман сұранысына сай қызмет түрлері бойынша мамандар даярлайды. Облыс әкімі атап өткендей, қазір – қабілеттілікке қол жеткізетін ең қажетті деген маман кадрларды дайындау заманы. Аталған келісім аясында университет жыл сайын  емтиханды сәтті тапсырған Сыр өңірінің түлектеріне 10 білім беру грантын бөлетін болып отыр. Өңір жастары үшін бұл – өте үлкен мүмкіндік.

Әлбетте, мұндай мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін түлектердің таңдауын ерте анықтап, оларға күні бұрын кеңес берудің маңызы зор. Бұл орайда бітіруші түлектердің өз болашағын тиімді жос­парлап, бүгінгі өмір  талабына сай мамандықтар таңдауына барынша жағдай жасалуда.  Атап айтқанда, бітіруші түлектерді ҰБТ-ға дайындау барысында олардың қабілет-қарымына қарай тиімді таңдау жасауына білікті педагогтар тарапынан бағыт-бағдар беріледі.

Дегенмен, жүзден астам оқушы шекті 50 баллды жинай алмады. Бұл жалпы ҰБТ-ға қатысқандардың 2,3%-ін құрады, өткен жылға қарағанда біршама аз. Айта кетейік, олардың ҰБТ-ны қайта тапсырып, қажетті шешім қабылдауына әлі де мүмкіндігі бар. Қалай болғанда да, бұл – жастардың қоғамнан тысқары қалмай, талабы мен талпынысына сай таңдау жасауына лайықты қолдау.

Қай қоғамда да адамзат үшін басты құндылықтардың бірі – білім. Бүгінгі жаһандық даму сатысында бұл тұжырымның  маңызы тіпті арта түскендей. Сондықтан аймақта жас ұрпақ келешегін қоғам талабына сай қалыптастыруда кешенді жоспар бар. Ал тиянақты жүзеге асқан жоспар – бүгіннің игілігі, келешектің кемел жемісі. Демек, Сыр түлектерінің әлі талай асуларды алатынына күмәніңіз болмасын.                                                                                          

 

Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                                                      "Сыр бойы".

Білім 31 шілде 2018 г. 1 193 0