БІЛІМ АРАЛЫНДАҒЫ ТОҚСАН ЖЫЛ

Биылғы жыл біз үшін ерекше кезең болып тұр. Еліміздің тұңғыш астанасы болған Қызылорда қаласына – 200, ең алғашқы медициналық білім беретін іргелі оқу орны – Қызылорда медициналық жоғары колледжіне 90 жыл  толғалы отыр. Тарихы терең Қызылорда медициналық жоғары колледжі өңіріміздегі кәсіби маман дайындайтын бірден-бір оқу орны.

Бұл оқу орны бүгінде республика­мыздағы сапалы білім беретін іргелі білім ошағының бірінен саналады. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында ашылып, сол дәуірде үлкен әлеуметтік-саяси маңызды білім ордасы болды. Қы­­зылордада медициналық білім беру, осы өңір үшін кадр дайындау ісінің барлығы да 1928 жылы ашылған «Аймақтық акушерлік техникумның» медицина мамандарын дайындайтын бесжылдық мектептен басталды. Сондықтан да бүгінгі күні тоқсан жыл­­дығын мерекелегелі отырған Қы­зылорда медициналық жоғары кол­леджін Сыр өңіріндегі медициналық кадр дайындау мектебінің іргетасы, негізі деп атауға әбден болады. Қаншама  орта буын медицина мамандарын ең алғаш білім нәрімен сусындатқан оқу орнының өңірдің денсаулық сақтау саласына қосып келе жатқан үлесі орасан. Бірегей оқу ордасы талай қаракөздердің болашағына сенім ұялатты, үміт отын жақты, үлкен өмірге жолдама сыйлады, 30 мыңнан астам орта буын  білікті мамандарды түлетіп ұшырды. Олар қиян түкпір, шалғай ауылдардан бастап бүкіл облыс, тіпті республика халқының денсаулығын сақтауға үлестерін қосты. Алдыңғы буынның ісін кейінгі толқын жалғастырып, адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін аянбай күресіп, адал еңбек етіп келеді. 1932 жылы ең алғаш­қы түлектер сол кезеңде өршіп тұрған түрлі жұқпалы аурулармен күресті. Одан кейінгі  түлектер қызметі Ұлы Отан соғысымен қат-қабат жүріп, кәсіби маман ретінде  майданда шыңдалды. Ұлы Отан соғысына барлық халық секілді ерікті түрде қатысып, жаралыларды соғысқа және өндіріске қайта қосуда тер төгіп, ерлік жасады. Солардың ішінде  оқу орнының 1939 жылғы тү­легі, соғыстан кейінгі қызметін әскер қа­тарында жалғастырған, қазақтың алғашқы генералдарының бірі 18 жыл бойы Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары болған Нұролла Әлмағанбе­тов күллі облысымыздың мақтанышы, республикамыздың мәртебе тұтар ар­дагері. Майданнан аман оралғаннан кейін институт бітіріп, көп жылдар бойы жүйке-психика аурулары диспансерінің бас дәрігері болған Тұрсынбай Әшімов, әскери дәрігер болып істеп, 20 жылдан аса облыстың медицина қызметкерлері кәсіподағын басқарған Кеңесбай Қалиев ағаларымыз өздерінің алғаш ұшқан ұясы­мен қарым-қатынасты үзбей, оқу­шы­лармен жиі кездесіп, ақыл-кеңесі мен естеліктері арқылы болашақ маман кадр­лар тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келді.

Соғыстан кейін еліміз шұғыл түрде халық шаруашылығын қалпына кел­тіру шараларына жоспарлы түрде көші­рілді. Осы жылдары білім алып, облыс медицинасын қалыптастырып, дамытқан буын өкілдері арасында, Ернияз Омаров, Шәріпбай Әлназаров, Варлен Исаев, Базарбай Атабаев сынды мамандар болды. Оқу орнының 50-ші жылдардағы түлектері маман ретінде аймақ медицинасының алға басуына үлес қосты.  Облыс медицина мекемелеріндегі білікті мамандар, мекеме басшылары Д.Шек, Т.Жүнісқұлов, А.Әбдібаев, С.Майлыбаев, Б.Жүнісова, С.Сәрсенбаева, Е.Бейсетаев, К.Оразбахов, Қ.Меңбаев, Ә.Шамкеновтер оқу орны мақтанышы.

Қазіргі уақытта колледждегі «Ру­ха­­ни дамыту» орталығының меңге­рушісі А.Ш.Шарапатовтың басшылы­ғымен оқу орнын бітіріп, еліміздің ден­саулық сақтау саласына елеулі үлес қосқандарды «Мақтан тұтар түлек­теріміз» атты жинаққа енгізу жұмыс­тары жүргізіліп, деректер жинастырылуда.

Колледждің қазіргі тыныс-тірші­лігіне келетін болсақ, өзінің іскерлігі мен жаңашылдығын көрсетіп отыр­ған Салтанат Тасмағамбетованың басшы­лы­ғымен оқу-тәрбие ісіне серпіліс бе­ріліп, тың жаңалықтар енгізілуде. Білім мен тәжірибені арттыру – уақыт талабы. Бұл жолда білім ордасының мақсат-міндеттері айқын. Қазіргі таңда  «Қызылорда медициналық колледжі»  атауы  «Қызылорда медициналық жо­ғары колледжі» болып  өзгертілді. Қа­бырғасынан талай орта буын медицина мамандарын түлетіп ұшырған оқу орны бұл мәртебеге лайық.     

Бүгінде оқу орны сонымен қатар орта буын медицина бакалавр­ларын дайындауда. Енді мұнда жас­тар колледжді бітіргесін білімдерін жалғас­тыра алады.

Өзінің даму тарихында Қызылорда медициналық жоғары колледжі  әр белесте белгілі бір міндеттерді алға қойып, оларды абыроймен атқарып келеді. Болашақта іргелі оқу орнын әлі талай үлкен белестер күтіп тұр деп нық сеніммен айта аламыз.

Эльмира НҰРПЕЙІСОВА,

Қызылорда медициналық жоғары

колледжінің  оқытушысы.

Білім 12 шілде 2018 г. 1 519 0