ҰБТ: НӘТИЖЕ БЫЛТЫРҒЫДАН ЖОҒАРЫ

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова облыста өткен Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Биыл облыстағы білім беру ұйымдарын 7113 түлек бітірсе, оның 4742-сі, яғни 66,6 проценті ҰБТ сынағына қатысып, бағын сынады. Мемлекеттік сынақ  облыста 20, 21, 22 маусым күндері өткізілді. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгерген жоқ. Яғни, талапкер 5 пән бойынша тестілеуден өтті. Оның 3-і міндетті, 2-і бейінді пән. Тестте жоғарыда аталған 5 пән бойынша 120 сұрақ берілді. Ең жоғары балл –140 болса, шекті балл  50 болып белгіленді. Айта кетейік, оның ішінде ұлттық университеттерге түсу үшін 65 баллдан жоғары болуы тиіс.

Қармақшы ауданынан 458 оқушы қатысып, орташа балл – 83,6 болса, Қазалы ауданынан 555 оқушы 82,7 балл, Шиелі ауданынан 518 оқушы, орташа балл  81,4-ті құрады.

Жаңақорған ауданынан 524 оқушы қатысып, орташа 79,7 баллды көрсетті. Жалпы облыс бойынша орташа балл 86,1-ді құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,7 балл  жоғары.

ҰБТ-да ең жоғары балл  135 болды. Бұл нәтижеге Қазалы ауданы,  №249 мектеп-лицейдің түлегі Рат Еркін Қазбекұлы және Қызылорда қаласынан №15 мектеп-лицей түлегі Жалғасбай Абылай Ергешбайұлы қол жеткізді. Ал 1131 түлек 100 және одан жоғары балл жинаған болса, 113 түлек шекті деңгейден өте алмады. Айта кетейік, шекті деңгейден өте алмағандар үшін осы жылдың тамыз айында және 2019 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыруға мүмкіндік берілген. Сондай-ақ, ҰБТ қорытындысымен, 93 бітіруші апелляциялық комиссияға жүгінген. Олардың 19-ын жергілікті апелляциялық комиссия республикалық апелляциялық комиссияға жіберуге шешім қабылдаған. Нәтижесінде, оларға техникалық қатемен 44 балл (Арал ауданы) және оқу сауаттылығы, математика, қазақ әдебиеті, химия, география пәндері бойынша 17 балл қосылған.

Облыста өткен Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысына келсек, алғашқы орында Қызылорда қаласының түлектері, 90,9 балл жинаған. Оның ішінде №4 облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының түлектері орташа 103,2 балл, №10 Білім инновация лицейі – 100,3 балл, №9 Білім инновация лицейі 95,5 балл жинаған. Ал аудандар арасында Жалағаш ауданы көш бастап тұр. Айталық, бұл ауданнан ҰБТ-ға 246 оқушы қатысып, орташа – 87,4 балды құрады. Одан кейін Арал және Сырдария аудандары, яғни Аралдан 451 оқушы қатысып, орташа 85,2  балл болса, Сырдария ауданынан 216 оқушы қатысып, 85,02 балл жинаған.

Облыста ҰБТ 9 тестілеу пунктінде әзірленген 107 аудиторияда өтті. Тестілеу  пункттері алдын ала бекітілген ереже талаптарына сәйкес қажетті құралдармен толық жабдықталды. Елді мекендерден келетін талапкерлерге байланысты тасымалдау, тамақтандыру шаралары ұйым­дастырылды. Олардың қатарында тестілеу пунктінен 50 шақырым қашық орналасқан елді мекен түлектері жатын орынмен қамтамасыз етілді.

                                                        

 Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                  «Сыр бойы».

Білім 26 маусым 2018 г. 1 623 0