Цифрлық сауаттылық әркімге керек

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жаңа технологиялар арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Бағдарлама шеңберінде тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру міндеті белгіленген. Осыған орай, халықтың цифрлық дағдыларын қалыптастыру үшін тренерлерді дайындау семинары өтті. Онда облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітова жаңа технологияға бейімделудің маңызы жайлы айтып өтті.
– «Цифрлық Қазақстан» тек бір ғана IT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыруда 4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, екінші бағыт – экономиканың салаларына цифрлық технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT мамандарды даярлау. Жалпы, мұның бәрі халықтың бақуатты өмір сүруі үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінуіміз қажет. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, еңсесі тік көтерілгенде ғана Қазақстан дамыған өркениетті елдердің қатарына, яғни алдыңғы «отыздыққа» қосыла алады. Ал, бұл мақсатқа жету үшін еліміз Үшінші жаңғыруды еңсеруі тиіс. Алдағы кезде замана көшінен қалғысы кел­меген әрбір азамат, мамандар, ғалым­дар мен студенттер ұялы байланыс, телекоммуникация, сан­дық ТВ, кеңжолақты интернет, ақпа­рат­тық технологиялар, Е-үкімет, Е-сауда, интерактивті жарнама және әлеуметтік медиа саласындағы жаңа­лықтардан тыс қалуына болмайды, – деді И.Ақжігітова.
ХҚКО көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға және автоматтандыруға мүмкіндік берді. Проактивті түрде көрсетілетін қызметтердің қатары арта түсті. Бүгінде тізілімдегі мемлекеттік қызметтердің барлығы 746 болса, соның 621-і «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілген. Бұл барлық қызметтің 83 процентін құрайды. Оның 452-сін үйден шықпай-ақ Egov порталы арқылы алуға болады.
– Электронды қызметтер үлесі аймақта өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 30 процентіне артты. Бүгінде департамент қызметкерлері халықтың көп шоғырланған жер­лерінде жергілікті халықтың компью­терлік сауаттылығын арт­тыру бойынша оқытулар жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта халықтың цифр­лық сауаттылығын арттыру бағы­тындағы шаралар жалғасын таппақ, – деді «Халыққа қызмет көр­сету  орталығы» департаментінің дирек­торы А.Тобаева.
Семинарға облыстағы 293 жалпы орта білім беретін мек­теп­тің информатика пәні мұға­лімдері, қалалық,   аудандық білім бөлімдерінің және аудан әкім­діктерінің жауапты мамандары қатысты. Онда облыстық білім бас­қармасы, «Қазпошта» АҚ, «Азамат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның облыстық ақпараттық технологиялар орталығы мамандары сала бағыттары бойынша дәріс оқыды.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
Білім 29 сәуір 2018 г. 1 016 0