Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 18 сәуір «Nationalbookdating» акциясының күні ретінде белгіленді. Осыған орай өңірдегі білім ордалары жоба аясында бірқатар шараларды жүзеге асырды. Соның бірі – Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасымен таныстыру мақсатында презентациялық дәрістер ұйымдастырды. Дәрісте 2000-нан астам студент жастарға қазақ тіліне аударылған әдебиеттер туралы мәлімет түсіндірілді.
Мұндай шара «Болашақ» университетінде де жалғасын тауып, дәрісті «Болашақ» ғылыми - зерттеу институтының директоры Мұрат Насимов жүргізді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында бой көтерген «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру тапсырылғаны белгілі. Осы ретте аймақта «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықты» насихаттау бағытында түрлі шаралар өткізілуде. Атап айтсақ, «Қызылорда облысының географиясы», «Қызылорда облысының жануарлар әлемі», «Қызылорда облысының өсімдіктер әлемі» атты оқу құралдарын негізге ала отырып, 5-7 сыныптарға арналған 45 мың дана «Өлкетану» оқулығын шығару жұмыстары қолға алынуда. Бұл да өңірдің ғылыми әлеуетін арттырып, оқулықтар дерек қорының байуына септігін тигізеді.
М.ОТАРАЛЫ