БІЗ НЕ БІЛЕМІЗ?

Қазіргі уақытта көптеген елдерде цифрландыру дамудың стратегиялық басымдығына айналды. Әлемдік сарапшылардың болжамдарына сәйкес, 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың төрттен бір бөлігі цифрлық технологияға көшетін болады.

«Зерде» ұлттық ақпараттық-ком­му­ни­­кациялық холдингінің бас­қар­ма төрағасы Руслан Еңсебаев­тың пікірінше, бүгінгі таңда әлемнің 15-тен астам елі цифрландырудың ұлттық бағдар­ламаларын іске асыруда. Олар­дың қатарында Дания, Норвегия, Ұлыбритания, Канада, Германия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур, Австралия, Жаңа Зеландия және Қазақстан бар.

Қазақстанда 90-шы жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бойынша мемлекеттік бағдар­лама іске қосылды, «Болашақ» халықаралық білім беру бағдар­ламасына бастамашы болды. 2005 жылы электронды үкіметті қалып­тастыру жұмыстары басталды. Сон­дай-ақ, бүгінгі таңда Қазақстанда инновациялық экожүйенің бірқатар эле­менттері құрылды, «Алатау» ИТП» арнайы экономикалық аймағы, «Назарбаев университеті» жұмыс жа­сайды, Astana Нub халықаралық технопаркі іске қосылды.

Алматыда Н.Назарбаевтың баста­масымен ЕАЭО-ға мүше мемлекет­тердің басшылары мен цифрлық технологиялар саласындағы халық­аралық сарапшылардың қатысуымен «Жаһандандыру дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы өтті.

Форум жалпы нарық және жаһандық аумақта бәсе­кеге қабі­леттілікті жылдам дамыту шек­теріндегі ұлттық эконо­мика­лардағы цифрлық түрлендіруді іске асыру қажеттілігін айқын нақтылады.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, «Цифрлық Қазақстан» – еліміз үшін өте маңызды бағдарлама. Оның табысты іске асырылуы, ең алдымен, цифрландыру процестеріне мемлекеттік органдардың, нарықтың және халықтың атсалысу деңгейіне байланысты. АКТ секторын жүйе­лі түрде дамыту, цифрлық иннова­циялық технологияларды тартуға қолайлы орта жасау, талантты жастарға қолдау көрсету арқылы мем­лекеттік бағдарламада көрсетілген нәтижелерге қол жеткізуге болады.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев форумда Қазақстан биыл екінші жыл цифрлық технологияларды енгізуге күш салып жатқанын, онда тек экономика ғана емес, электронды үкімет, агросектор, көлік, энергетика, білім, кәсіпкерлік және өзге де жүйелер қамтылғанын айтты. Сондай-ақ, Үкімет басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, еліміз алдағы төрт жылда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға 310 млрд теңге жұмсамақ. Ол соманың 169 млрд теңгесі квазимемлекеттік субьектілердің есебінен алынса, 141 миллиарды республикалық бюджеттен бөлінеді. Қазіргі таңда 15-тен астам ел сандық технологияларды қарқынды түрде қолданысқа енгізіп жатыр. Қазақстан да бес бағыт-бағдардан тұратын мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, дамудың жаңа сатысына шығуды көздеп отыр. Жоба ойдағыдай іске асса 2025 жылға қарай салық түсімін 1,7-2,2 триллион теңгеге жеткізіп, 300 мың адамды жұмыспен қамтуға жол ашылмақ.

Форумның пленарлық сессия­сының жұмысы барысында өз пікірлерін ортаға салған Армения Республикасының Премьер-Министрі Карен Карепетян, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сапар Исақов, Ресей Федерациясының Премьер-министрі Дмитрий Медведев, Өзбекстан Республикасының Пре­мьер-министрі Абдулла Арипов, Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Махмадтоир Зоир Зокирзода бүгінгі жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ел Үкіметіне ризашылықтарын білдіріп, мұнда талқыланған әр мәселе цифрландыру саласының дамуына серпін беретінін айтты.

Форумның тақырыптық сес­сия­­сында сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жаһандық деңгейдегі бұл басқосудың Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынғанын айтып, Еуразиялық экономикалық одақ елдерін кешенді цифрландыру осы жиыннан бастау алу керектігін атап өтті. «Қазақстан үшін «цифрлық алшақтық» өте өзекті мәселе. Өйткені, ресми мәлімет бойынша Қазақстан халқының 45%-і ауылдарда тұрады. Аумағымыз өте үлкен. Халықтың тығыздылығы да жоғары емес. Енді бұл форум біздің бірлесе жұмыс істеуіміздің бастамасы болады деп ойлаймын», – деді ол.

Хакерлерден қорғану мәселесі де форумда сөз етілді. Соңғы кездері кибершабуылдарға тек біз емес, көрші елдердің де жиі тап болып жатқаны белгілі. Бұл мәселе Қырғызстанды қатты алаңдатады. Сондықтан осы ел Премьер-Министрі Сапар Исақов хакерлерден қорғанудың бірыңғай жүйесін құру туралы ұсыныс жасады. Ал, Дмитрий Медведев: криптовалюта туралы өз ойымен бөлісті. «Крипто­валюта төлем құра­лы ретінде сақтала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Оның бос ауа болуы мүмкін. Бір күні жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан оны халық­аралық деңгейдегі төлем құралы деп қарамау керек. Не де болса, сандық жүйені тек экономика емес, барлық салаға енгізу бойынша алға қойылған жоспар көп. Оның қалай жүзеге асатынын алдағы уақытта көретін боламыз», – деп пікірін айтты.

Басқосудың салалық сессиясында сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі­нің орынбасары Асқар Жұмағалиев Елбасы атап өткен цифрландыру және инновацияларды енгізу – ел эконо­микасының бәсекеге қабі­леттілігін арттыру мен халықтың өмір сапасын жақсартудың басты шарты екенін айтты. «Біз цифрлық экономикаға білікті кадрларды даяр­лау үшін әлемдік тәжірибеге сәй­кес білім беру жүйесін жаңартып жатырмыз. Бастауыш сыныптарда биылғы оқу жылынан бастап ақпа­рат­тық сауаттылық ережесі, бағдарламалау және робототехника сабақтары енгізіледі. Мемлекеттік қызметтің сексен проценті элек­тронды түрде көрсетілетін болады. Астана хабына қатысушылар үшін жақсы шарттар жасалады: тегін кеңсе, үй-жай, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) шеңберінде ағылшын заңы жұмыс істейді, салық жеңілдіктері қарастырылады және дамыған инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Біз Қазақстанда әлемдегі үздік әдістерді қолданбақпыз. Ол үшін біз кәсіпкерлер, сарапшылар және IT қоғамдастығының барлық ұсыныс-пікірлерін қарап, талқылауға дайынбыз», – деді ол.

Форумның күн тәртібінде элек­тронды сауда, мемлекеттер ара­сында сандық жүйені басқару, робот жасау мен жасанды интеллект сияқты инновациялық жобаларды экономикаға енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.

«POSCO ICT» компаниясының мар­кетинг бойынша жетекшісі Джо Сун Вон: «Қазақ елінің цифр­лық жүйеге көшу бастамасы – дұрыс іс. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев­тың стратегиясын құп­тай­мын. Себебі, экономикалық жағы­нан индустрияландыруға маңыз беріп отыр. Бұл зауыт, фабри­калардың жұмысы. Қазір бәрі автоматтандырылып жатыр. Бірақ, техника дамыды екен деп адамдар жұмыссыз қалмауы керек. Мұндай кезде адам олардың көмекшісі болуы қажет», – деп атап өтті.

Венчурлық және стратегиялық әріптестік жөніндегі малайзиялық инновация орталығының жетекшісі Афик Жохар жаңа технологияларды енгізуде Қазақстан жаңа бастамаларды қолға алғандығын, бұл үлгі боларлық іс екендігін, Қазақстан «ЭКСПО» көрмесін жоғары деңгейде өткізгендігін тілге тиек етті.

«Талап» қолданбалы зерттеу орта­лығының басшысы Рақым Ошақбаев еліміздің ауыл шаруашылығы сала­сына «Индустрия 4.0» элементтерін енгізсек, көптеген күрделі мәселелер шешімін табатынын атап өтті. Мысалы, Канада мен Австралия сияқты елдер шамамен біздің жеріміздей аймақтан екі есе артық өнім алып отыр. Өйткені, түрлі технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануда. Сондықтан бізге де аграрлық саланы толық цифрлық технологияға ауыстыру қажет.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бұл тұрғыдағы бірқатар жетістіктерін саралап айтуға болады. Халықаралық рейтингтерге сәйкес Әзербайжан онлайн қызметтер мен инфрақұрылымды дамыту бойынша жақсы көрсеткіштерден көрінсе, Қырғызстан 2016 жылдан бастап онлайн қызметтер мен адами капитал бойынша көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартқан. Көршілес Өзбекстан да ашық деректер порталы бойынша және ТКШ, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын және тағы басқа жобаларды қоғамдық талқылау жүйесін қоса алғанда бірнеше элект­рондық платформаларды іске қосқан. Ал халықтың технологияға қолжетімділігін қамтамасыз ету және электрондық қызметтер мен сервистер бойынша Ресейдің жақсы көрсеткішін атап айтуға болады.

Осылайша, сарапшылар Қазақ­с­тан­ның бастамасына қолдау көр­сетіп, тіпті тәжірибелерімен бөлі­суге әзір екендігін айтты. Себебі, біздің ел цифрлық қолтаңбаны қолданып, электрондық мемлекеттік қызметтерді оңай алып отыр. Мұны ТМД елдерінің арасында алғаш болып бастаған – Қазақстан. Ал, Елбасының тапсырмасына сай, Үкімет мемлекеттің цифрлық экономикасын дамытудың негізін дайындап қойды. Ол  биылдан бастап іске асып жатыр.

Ж.ӘЛМАХАН.

Білім 16 сәуір 2018 г. 865 0