ШАПАҒАТ ШУАҒЫ

          Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында әлем бойынша қалыптасқан үрдістен бас тартып, ұлттық ұстанымға сай елімізде жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын қолға алу қажеттігін» атап көрсеткен болатын. Бұған байланысты Үкімет тарапынан тиісті шаралар қабылданды. Ал бізде, облыс әкімінің 2015 жылғы 17 сәуірдегі №922 қаулысына сәйкес «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйі» жабылды. 

Оның орнына осы жылы облыстық білім басқармасына қарасты отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы деп аталатын жаңаша нысан  пайдалануға берілді. Жалпы көлемі 2 гектар жерге орналасқан балалар ауылында 80 балаға арналған екіқабатты 8 коттедж үйлері және осында қызмет көрсететін  әкімшілік ғимараты орналасқан. Сыртынан қарағанда-ақ көз тартатын әсем үйлердің ішіне енсеңіз, тіпті таңдана түсесіз. Өйткені  мұнда балалардың отбасындағыдай емін-еркін өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай жасалған. Әрбір үйде он балаға арналған жатын орны, ойын бөлмелері, қонақжай және сабаққа даярлық бөлмесі, санитарлық-гигиеналық жуыну бөлмелері мен асхана орналасқан. Қай бөлмеге енсеңіз де, жанға жайлы жылылық есіп тұр. Күнделікті тұрмысқа қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік ережелері де ескерілген. Ең бастысы, мұнда тәрбиеленіп жатқан 3-18 жас аралығындағы  барлық баланың  өз аналары бар. Олар әрбір баланың талабы мен талпынысын қолдап, мейлінше аналық мейірімге бөлеп, ана тәрбиесін бере білуі тиіс.

         Балалар ауылында балалардың жаңа технологияны кеңінен пайдаланып, жан-жақты білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, олардың сабақтан тыс уақытында спортпен айналысып, шыңдалып, шынығуына арналған үлкен спорт алаңы жұмыс жасайды. Ал кішкентайлар үшін ой-өрісін дамытатын тоғызқұмалақ, асық, дойбы ойындары, сондай-ақ, бүлдіршіндердің қалауына сай басқа да ойын түрлері ұйымдастырылып отырады. Бұл тәрбие жүйесі арқылы біріншіден, балалар бір «отбасында»  өсіп, ересектері кішісіне қамқор болып, бірге туған бауырдай етене жақын болуына мүмкіндік берсе, екіншіден, олар өз-өзіне қызмет көрсетуге, өз-өзін басқаруға, сол секілді, өмірлік таңдау жасауда батыл шешім қабылдауға  қалыптасатын болады.

         Айта кетейік, «Атамекен» балалар ауылындағы үйлерге Үшқоңыр, Сарыарқа, Ұлытау, Байқоңыр сияқты кең байтақ өлкеміздің тарихы терең, табиғаты көркем аймақтарының  атаулары берілген. Туған өлке тарихын тануда мұның да септігі мол. Бұл үйлердің әрқайсысына демеушілік көмек жасап, сондай-ақ, балаларға тұрақты түрде педагогикалық тәлім беріп, психологиялық қолдау көрсету мақсатында облыс аумағындағы ірі мұнай компаниялары мен жоғары және орта арнаулы оқу орындары бекітілген. Негізінен, Балалар ауылының салынуына өңірдегі мұнай компаниялары демеушілік жасады. «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы осы жобаны тікелей қаржыландырып, материалдық жағынан жабдықталуына да қолдау көрсетті.

         Бүгінде балалар ауылының барлық тәрбиеленушілері  мемлекет есебінен тұрғын үй алуға кезекке қойылған. Сонымен қатар, «Бөбек» қорының  қолдауымен, әрбір баланың атына мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша  депозиттер ашылып, оған қомақты қаржы салынған. Білуімізше, бұл қаржы тәрбиеленушінің тек білім алу мақсатына ғана жұмсалатын болады. Айта кетейік, қазіргі таңда мұнда тәрбиеленген жасөспірімдердің алдыңғы легі облыс әкімінің гранты негізінде еліміздегі және шет елдердегі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

        «Атамекен» балалар ауылында өмір сүріп жатқан балалардың болашағын жоспарлау, оның аясында олардың кәсіби тұрғыда даярланып, жұмыспен қамтылуы бағытында нақты іс-шаралар қабылданған. Еліміз бойынша алғаш болып аймағымызда ашылған отбасылық үлгідегі балалар ауылының бүгінгі тіршілік тынысы осындай. 

        Бір сөзбен айтқанда, ата-ана қамқорлығына мұқтаж балалардың әлеуметтік мәселелерін түбегейлі шешіп, олардың қоғамға етене араласуына ерекше  көңіл бөлініп отыр.

                                                                                                       Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                                                                       «Сыр бойы».

Білім 10 сәуір 2018 г. 1 751 0