Ғылым шыңына бастар жол

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев  «Қазақстан – 2050» Қазақстан халқына жолдауында білім беру саласындағы басымдықтардың ішінде «... Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдығы оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибесін біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып оқыту...» деп атап көрсеткен болатын.

Қазіргі уақытта республикамыздағы мектептер біріңғай  бұрынғы бір жүйелі орта білім беретін мектеп емес, сонымен бірге білім алушылардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану және өзге де бағыттар бойынша кең ауқымда, тереңдете білім беруде қамтамасыз ететін жалпы білім беретін және қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны болып табылады. Сондықтан қоғамның даму ағымына сай білім беруден туындайтын сұрақтарды анықтау, оқу бағдарламаларын жүйелеу соған сәйкес оқу әдістемесін жетілдіру, жинақталған тәжірибені негіздеу міндетін шешуге басты назар аударылуда.

Қазiргi мұғалiм үнемi өзгерiсте болып тұратын әлеуметтiк жағдайда жаңаша ойлау, педагогикалық үрдiстiң жүйесiн игеру, өз еңбегiне шығармашылықпен қарау және оқушылармен өз дәрежесiнде қарым-қатынас жасай бiлуі қажет.Ұстаздың мақсаты – өмірден өз орнын таңдай алатын және өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделе алатын, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көптілді меңгерген және  жоғары мәдениетті жеке тұлға қалыптастыру. Білім берудің  он екі жылдық  үлгісіне көшу аясында   аталған міндеттерді шешуде   білім магистрлерінің ролі ерекше болады.

6М010900 – Математика мамандығы  2005-2006 оқу жылынан, ал 6М011000 - Физика мамандығы бойынша 2009-2010 оқу жылдан бастау алған білім магистрлерін дайындауды бастаған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі «Физика және математика» кафедрасы жұмысының негізгі құндылықтарының бірі ретінде тұлғаның аталған мамандықтар бойынша білім беру саласындағы сұраныстарын қалыптастыру және білім беру сапасының үздік деңгейіне жету мақсаттарын қойып отыр. Аталған мамандықтар бойынша білім беру бағдарламасының орындалуына кафедраның профессор-оқытушылары өз үлестерін қосуда. Білім магистрлерін дайындауда кафедраның профессор-оқытушылары жалпы педагогика мен методиканың теориялық-методологиялық негіздері және ғылыми-педагогикалық зерттеудің мазмұны бойынша алған білімдерін қолдана білуге, білім беру саласындағы кәсіби қызметтің барлық түрлерін іске асыруға қажетті болатын білімдерді, біліктер мен дағдыларды пайдалана білуге үйретуде. Білім магистрлерінің өздері таңдаған математика және физика ғылымдары саласының кәсiби маманы бола білуіне «Физика және математика» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Б.Қ.Қалиевтың,  магистранттардың ғылыми жетекшілері ретінде тағайындалған тәжірибелі оқытушылары – физика–математика ғылымдарының кандидаттары, доценттер А.Қоныс, Б.Е.Тұрбаев, педагогика ғылымдарының кандидаттары, профессорлар В.Е.Серикбаева, П.И.Сапарходжаев, доцент С.Қ.Меңліқожаева, аға оқытушылар А.А.Алмағамбетова, Л.С.Қайыңбаевалардың қосқан үлестері орасан зор екенін да атап өткен жөн. Жоғарыда аталған тәжірибелі мамандардан мамандықтардың қыр–сырын үйренген, «Физика және математика» кафедрасы магистратурасының түлектері – магистр-оқытушылар М.Парменова, З.Ерғалауова,  Г.Ешмұрат, А.Смаханова, Ә.Мәделханова, Ә.Бекқожаева, Ұ.Әбітаева – аймағымыздың заманауи  жоғары білімді,  бәсекеге қабілетті  мамандардың жаңа буынын даярлауға өз үлестерін қосып келеді.

Университет тарапынан бітіртуші «Физика және математика» кафедрасын  жоғары білімді мамандармен толықтыру жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Атап айтар болсақ, кафедрадағы математика магистрлері, оқытушылар А.Жүзбаева Қарағанды университетінің, Н.Исаева Қазан федералдық университетінің түлектері – математика саласындағы іргелі білімдері, біліктері мен дағдылары бар жаңа буын өкілдері.

Қазіргі білім мекемелеріне шығармашылық пен ізденіске құштар, жаңа педагогикалық технологияларды жақсы меңгерген, кәсіби шеберліктегі мұғалімдер қажет. Ол бір жағынан педагог-психолог  бола отырып, оқу үдерісін ұйымдастыра білетін технолог та бола алуы қажет, өйткеніі бүгінгі таңдағы орта білім беру политехникалық білімге негізделген. Қоғамдағы ақпараттандыру, дербес компьютерлердің жаппай таралуына орай, оқу үдерісін ұйымдастыра біледі, сонымен қатар білім беру әдістерін елеулі өзгерте де алады. Қазіргі ақпараттардың көлемі мен білім беру тәсілдерінің алуан түрлерін пайдалану кезеңінде  адамзат өмірінде оқытудың тиімді әдістерін таңдай білудің маңызы зор. Осындай тәсілдерді жақсы меңгерген мұғалімдер деп  «Физика және математика» кафедрасының магистратурасын бітірген түлектерді айта аламыз. Оған дәлел ретінде мынадай бір деректі атап өтуіміз жеткілікті. Алматы қаласындағы  физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында өткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері математика мұғалімдерінің I фестиваліне» қатысып, Нұрбол Уақбаев, Мұхтар Бегайдаров, Бекасыл Айғараев, Қанат Қалжанов командалық 3-орынды иеленді. Іс-шара барысында олар мұғалімдік шеберлік бойынша шеберлік-сыныптарын, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізді және оқытудың өзекті мәселелерін талқылады, студенттерді Кембридж халықаралық емтиханына дайындады.  Сонымен қатар жеке турда  пәндік олимпиадада Айгараев Бекасыл мен Қалжанов Қанат қола  медальмен  марапатталды.

Осындай жетістіктері  білім алушылардың кафедрадағы оқытушы–әдіскерлермен үнемі байланыста болуының нәтижесі.

Математика және физика пәндері мұғалімдігін  өздерінің жүрек қалауымен таңдау жасаған магистратураның қазіргі білім алушылары да болашақта өз мамандықтарының бәсекеге қабілетті, білікті мамандары ретінде және ғылым жолындағы биік асуларды қанаттары талмай бағындыра білетіндеріне сеніміміз мол.

А.А.Ибраева 

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік

 университеті «Физика және математика» кафедрасының аға оқытушысы, магистранттар эдвайзері.

Білім 28 наурыз 2018 г. 1 021 0