БАҒЫТЫ АЙҚЫН, БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдың 30 тамызында Қызылорда қаласында химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі  ашылған болатын. Бүгінгі таңда бұл мектеп еліміздегі  жетекші білім беру ұйымдарының санатына еніп отыр. Атап айтқанда, Назарбаев Зияткерлік мектебі таңдаулы қазақстандық және халықаралық педагогикалық тәжірибені зерттеу мен ендіру алаңы болып табылады.
Қала орталығындағы заман талабына сай салынған сәнді де сәулетті  мектеп ғимараты 720 орынға есептелген. Жалпы мұнда 120 орындық жатақхана  және  жоғары талғам деңгейіне сай спорт блоктары орналасқан. Спорттық корпуста үлкен және кіші залдар, тренажер залы қарастырылған. Ал  оқу блоктарында барлығы 63 кабинет, оның ішінде 10, 20 оқушыға арналған  кабинеттер,  кең ауқымды жабдықталған әмбебап кабинет және  жеке сабақтар кабинеті оқушылардың қалауына сай қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, лабораториялар, медициналық блок, оранжерея мен телестудия кабинеті, 360 адамға лайықталған мәжіліс залы, сондай-ақ, 360 адамға арналған асхана жұмыс жасайды.
Бүгінде іргелі білім ошағында 200-ге жуық педагогикалық қызметкер жұмыс жасайды. Олардың қатарында шетелдік мамандар да бар. Негізгі бағыты бойынша мектепте химия-биология пәні тереңдетіліп оқытылады. Білім беру жүйесі соңғы био және нанотехнологиялық кұрылғылармен қамтамасыз етілген. Соның нәтижесінде, әрбір өткен сабақ зертханалық жұмыстармен жалғасын тауып, оқушылардың теория жүзінде алған білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік мол. Сондай-ақ, үш тілде білім беру бастамасы қолға алынған. Қазіргі таңда жаратылыстану бағытындағы пәндер ағылшын тілінде оқытылып жатыр. Бұл бағытта оннан астам шетелдік мамандар қызмет етеді. Олардың қатысуымен мектепте оқыту курстары жүргізіліп, болашақта қажетті мамандар даярлау мәселесіне мән беріліп отыр. Жалпы айтқанда, бүгінге дейін 60 мұғалім IELTS сертификатын иеленген.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Назарбаев мектебінің басты қағидасы – жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша оқуға қабілетті балаларды қабылдап, болашақта олардың белгілі қазақстандық және шетелдік технология университеттеріне оқуға түсуіне бағыт-бағдар беріп, қажетті біліммен қамтамасыз ету, қабілетті жастардың әлемдік деңгейде танылуына қолдау көрсету. Сол себепті мұндағы оқу бағдарламасы әдеттегіден күрделі. Бұл мектепті бітірушілер ҰБТ сынағын тапсырмайды. Олар негізгі алты пән бойынша емтихан тапсырып, білім деңгейлерін айқындайды. Оның ішінде тестілеу түрі, тәжірибелік зертхана жұмыстары және тағы басқа талаптар қарастырылған. Ал ағылшын тілі пәнінен Кембридж стандарты бойынша емтихан тапсыратын болады.
Жаңартылған білім мазмұны бойынша мұнда  сабақ барысында  "критериалды бағалау" деп аталатын бағалау жүйесі қолданылады. Оқушылардың танымын кеңейтіп, талғамын арттыру бағытында 40-қа тарта қосымша үйірмелер жұмыс жасайды.
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен мектепте аймақтық экономика кабинеті ашылған, мұнда білім алушылар облыс экономикасын дамытуға арналған жобалармен айналысуға мүмкіндік алады. Жергілікті жердің флорасы мен фаунасының экологиялық ахуалын игеру үшін мектепте экология кабинеті жасақталған, кабинетте Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері құрастырған оқу материалдары жинақталған. Мектеп тек қана білім алу үшін  емес, сонымен қатар оқу үдерісін басқаруға қабілетті соңғы үлгідегі жаңа компьютерлік жүйелермен, мультимедиялық кабинеттермен, жоғарғы өндірісті электронды есептегіш машиналармен, интерактивті электронды тақталармен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен, инновациялық бағдарламалық құралдармен жабдықталған. Бір сөзбен айтқанда, Назарбаев мектебіне дарынды, талантты, жаңаша технологиялар мен әдістемелерді игере алатын қабілетті балалар қабылданады.
Айталық, осы күнге дейін мектепті 250 жас түлек бітірген болса, олар бүгінде Оңтүстік Корея, Түркия, Венгрия, Ресей елдерінде білім алып жатыр. Ал биылғы жылы мектеп қабырғасынан 138 түлек арман жолына аттанады. Олардың қатарында 50 жас түлек Назарбаев университетіне таңдау жасап отыр. Жалпы айтқанда, әлемдік талаптар деңгейінде білім алып жатқан жас өркеннің бағыты айқын, болашағы жарқын.
                                                                                                  Ғазиза ӘБІЛДА.


Білім 27 наурыз 2018 г. 1 616 0