« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген еді Елбасымыз. Шындығында білім мазмұнын жаңарту аясында мектеп мұғалімдері кәсіби даярлау курстарынан өтіп, жаңалықты тәжірибеге ендіру жұмыстары да қадамдап іске асып келеді. Мұғалімдер дәстүрлі оқыту үдерісінен жаңаша сипаттағы сабақтар даярлауға жаппай бетбұрыс жасауда. ХХІ ғасырдың кең ауқымды дағдыларын меңгерту бағытындағы коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыратын, мұғалім мен оқушының сыни ойлау мүмкіндігін кеңейтуге жұмыс жасайтын тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларының сабақтарда қолданылуы өзгерістің алғашқы сатыларын көрсетуде.
Дәл осындай бағытпен жұмыс жүргізуді жолға қойған Қызылорда қаласындағы М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі БҰҰ-ның Даму Бағдарламасы жариялаған жобаға қатысып, жоба грантын ұтып алған еді.
«SAMSUNG» компаниясы демеушілік жасайтын жоба арқылы мектеп-лицей ұжымы 10 сотық жерге көлемі 200 шаршы метр жылыжай салды. Қазірдің өзінде жылыжайда 360 түп қияр, 40 гүл сұрпы, пияз, аскөк секілді көкөністер құлақтанып тұр.
Жақында осы мектеп-лицейде «Білім мазмұнын жаңарту аясында педагогтың кәсіби шеберлігін дамыту» атты қала мектептерінің мұғалімдері қатысқан семинар болып өтті.
Семинарды ашқан қалалық білім бөлімінің басшысы А.Нұрсейітов мектеп-лицей тәжірибесін пайдалана отырып, басқа мектептердің де жобаларға қатысуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Мұнан соң, мұнай саласы кәсіподағының басшысы, білім жанашыры Елеусін Дүйсенов сөз алып, жаңа бастамаға құтты болсын айтты, батасын берді.
Игілікті істің нәтижесі арқылы оқушылар сабақтағы теориялық білімін іс-тәжірибемен ұштастыруға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге бейімделеді. Сондай-ақ, балалар еңбекті құрметтеуге, туған жерін сүюге, ауыл шаруашылығы мамандығын таңдауға талаптанады. Ал, оқушылар мен ата-аналар бірігіп жасалған өнім мектеп асханасына өткізіледі және ұстаздар ұжымының кіріс көзіне айналады.
Бұл жөнінде мектеп-лицей директоры Күміскүл Серекеева былай деді: «Осыған дейін №268 орта мектеп ұжымын басқардым. Осы мектепте жүргенімде 4 рет Даму Бағдарламасы аясындағы жобаға қатысып, соның нәтижесінде мектептің жылыжайы салынды, жеміс бағы отырғызылды. Әр жылға жылыжай өнімін айтпағанда бұл мектеп биыл алма бақтарының алғашқы жемістерін де жейді.
Мектеп-лицейге келген соң да өз тәжірибеме сүйеніп, ұжыммен бірге тағы да жоба жеңімпазы атандық. Тұрақты демеушіміз бізге жылыжай жабдықтарын, Израйльдің тамшылатып суғару әдісімен қолданылатын құрылғыларын сатып алып берді. Бұл істің де игілігін көретін күн жақын.
Біз тәрбие жұмысындағы еңбектің роліне баса көңіл бөлген мектеп-лицей ұжымына өз тарапымыздан сәттілік тіледік.
Қалалық семинар жұмысы мектеп мұғалімдерінің физика, математика, робототехника, география, қазақ тілі пәндері бойынша өткізілген көрнекі сабақ үлгілеріне жалғасты.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |