«Бабалар үні» эстафетасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясындағы  іске асырылатын  іс-шаралар   жоспарына  сәйкес «Жас ұлан»  ұйымында  «Жас Ұлан  жаңа  әлемде...»  жылдық  акциясы бастау алған. Осы  акция көптеген шаралар мен жобалардан  тұрады. Соның бірі - «Бабалар Үні» акциясы. Бұл шарада оқушылар эпостық жырларды мәнерлеп оқудан байқауға түседі. «Акция  тәрбие жұмысын түрлендіру бағытында  Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлерін, эпостық жырларды насихаттауға арналған. «Бабалар үні» акциясы аясында үздіктерді интернет желісі арқылы таныстырып, жыр оқу эстафетасын жалғастырып отырмыз», дейді облыстық «Жас ұлан» ұйымының жетекшісі Гүлайым Ақмырзаева.  

Акцияға  5-10 сынып  оқушылары қатысуда, үздік  ұйымға  «Жас Ұлан» ұйымының  туы құрметпен тапсырылады.

Акция қазір түрлі бағытта жақсы насихатталып отыр. Қаңтар айында  «Ақ Бата» жобасы  іске асырылып, оған 81 данагөй ата мен 100-ден аса ақжаулықты әже, 2000-нан аса оқушы қатысты. Жалпы шараларды сынып жетекшісімен бірлесіп, тәлімгер ұйымдастырады. Ай сайынғы шаралар ай сайын өткізіліп, жылдық дәстүрлі шараларға айналады. Бұдан басқа, «Жас Ұлан» ұйымына, «Өзін –өзі  басқаруға», «Шаңырақ»  қауымдастығына арналған жоспарлар жасалып, мектеперде түрлі жобалар іске асырылуда.

Фейсбук әлеуметтік желісінде Қызылорда облысының білім беру ұйымдарындағы тәлімгерлерден құралған «Сыр тәлімгерлері» тобы бар.  Аталған топтан оқушылардың жыр эстафетасын тамашалауға болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен құрылған "Жас ұлан" ұйымына 6 жыл толды. "Жас ұлан" ұйымы тәуелсіз еліміздің болашағы үшін талай игі істерді атқарып келеді. Кең байтақ еліміздің ұландары жұдырықтай жұмылып, болашақтың іргесін бірге қалап, армандарын іске асырып жүр.

Қызылорда облысының білім басқармасы

Білім 22 ақпан 2018 г. 1 754 0