ТҮЛЕКТЕРДІҢ 97 ПАЙЫЗЫ ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ ОРТА ОҚУ ОРЫНДАРЫНА ТҮСТІ

Экономикалық өсім де, қоғамның жаңаруы да, тұрмыс-тіршілігіміздің  түзелуі де, қысқасы, өміріміздегі  барлық  игілік адам қолымен жасалуда. Мұндайда білімнің,  жаңа ғасырдың айқындаушы факторы – ақпараттық, цифрлық технологиялардың маңызы зор.  Аймақта бiлiм сапасын арттыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі көз алдымызда.
Өткен жылы облыс бойынша ҰБТ орташа балы – 82,4. Бұл  республикалық орташа деңгей   80,5-тен едәуір жоғары. Сырбойылық түлектердің 97 проценті жоғары және орта оқу орындарына түскен. Білім алған адам кәсіпсіз, жұмыссыз қалмайды. Сондықтан мұндай нәтижемен мақтануға толық негіз бар.  
 «Серпін» бағдарламасымен оқуға гранттар ұтып алуда ең үздік нәтижелерді біздің түлектер көрсетіп отыр. Қазір 4000 студент осы бағдарлама бойынша білім алуда.
2014 жылдан бастап облыс мектептерінің 452 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің гранты бойынша оқып жатыр. Біздің аймақ – талапты жастарға осындай мүмкіндік ұсынған  бірден-бір облыс. Осы жазда алғашқы 65 түлек қанат қағып, қолдарына диплом алады.
Енді біздің түлектер М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтарында оқи алады. Жақында жыл сайын 20 грант бөлу туралы келісімге қол жетті. Оған қоса жыл сайын 20 адамды облыс есебінен ақпараттық және цифрлық технологиялар мамандықтарына Иннополис университетінде оқыту туралы келісім бар.
Жыл сайын облыс әкімінің грантымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан ауыл балалары аймаққа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсуде. Бүгінде осындай гранттармен 700-ге жуық судент білім алып жатыр. Биыл  тағы 159 дарынды баланы оқытуды, оның 70 процентін болашағы бар ІТ мамандықтарына бағыттау жоспарлануда.

5 ЖЫЛДА 2 МИЛЛИОН ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ БЕРІЛДІ
Егер 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асып түсті. Қызылорда қаласының өзінде ғана соңғы жылдары 14 жаңа шағын аудан бой көтерсе, облыста 5 жыл ішінде 2 млн шаршы метр тұрғын үй берілді.
Соңғы 3 жылдың өзінде 309 отбасы апатты үйді жаңа жайлы пәтерге алмастырды. Ал 2013 жылдан бері жаңа пәтерлерге 500-ден астам отбасы ие болды.  
Баспана мәселесіндегі ең күрделі түйткіл – алдын ала төлем. Бұл әлеуметтік жағынан осал топтардың алдына кедергі бола береді. Сондықтан алдын ала төлем жасауға қабілетсіз азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін былтыр 3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» әзірленді.  
 Ол бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын  2 млрд теңгеден қаржы бөлінбек. Бұл үйлерді тұрғындар кейін өтеу құқығымен алғашқы төлемсіз ай сайынғы жалға алу құны шартымен алады. Осылайша екі бөлмелі пәтерге ай сайын 42 мың теңге,  үш бөлмелі пәтерге 52 мың теңге төлейді.
Өткен жыл Сырдария өзенінің сол жағалаудағы жаңа қаланың құрылысы басталған тарихи кезең болды. Қазір онда Қазақ Орталық Атқару комитетінің бұрынғы ғимаратының сызбасы бойынша "Рухани жаңғыру" орталығы, 320 орындық балабақша мен «Болашақ» университеті кампусы, Жастар ресурстық орталығы, 18 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүрзілуде. Жаңа қаладағы жаңа үйлердің әр шаршы метрі 120 мың теңге көлемінде. Бұл – еліміз бойынша ең төмен баға.  
Білім 19 ақпан 2018 г. 1 288 0