ҚР Балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл кеңсесінің өкілдері Қызылорда облысындағы интернаттық үлгідегі балалар мекемелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова хабарлады.
– Зерделеудің басты мақсаты – аталған мекемелердің материалдық-техникалық базасы, ондағы балалардың құқығының қорғалуы, тамақтанудың ұйымдастырылуы, киім-кешекпен қамтылуы, денсаулығын нығайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарымен және алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен танысу, – деді ол.
Сонымен қатар, кеңсе өкілдері қаладағы №278 мектепте кездесу өткізді. Кездесу барысында еліміздегі балалардың құқықтарының қорғалуы бойынша ақпарат берілді.
Олар бүгінде облыста бұл бағытта жақсы тәжірибе қалыптасқанын айтты. Республика бойынша Маңғыстау және Қызылорда облыстары балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстарын нәтижелі жүргізген аймақ саналады. Кеңсе өкілі, балалар мен жасөспірімдерге арналған 111 ұлттық сенім телефоны желісінің жетекшісі Ысқақ Қашқынбайұлы екі күн бойы аймақтағы 10 мекемені аралағанын айтты.
– Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты жұмыстар жақсы жолға қойылғанына көз жеткіздік. Өздеріңізге белгілі, балалар үйінен шыққан жасөспірімдердің қоғамға бейімделуі өте қиын. Солардың бірі – баспана мәселесі. Осы орайда, Сыр өңірі осындай мәселелерге ерекше ықылас танытып отырғанына қуандық, – деді ол.
ҚР Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институты алдымен 2016 жылы қараша айында пилоттық жобамен құрылып, 2017 жылдың қаңтар айынан жұмысын бастады. Сол уақыттан бері әртүрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – балалар мен жасөспірімдерге арналған 111 ұлттық сенім телефоны.
– Қазіргі таңда 30 оператор, 6 психолог, 2 заңгер және 3 талдаушы маманымыз бар. Осы уақытқа дейін 9 мыңға жуық қоңырау бойынша арнайы мамандар жұмыс жасап, 46 зорлық-зомбылық пен 114 суицид жағдайының алдын алды, – деді Ы.Қашқынбайұлы.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».