ҚАРЛЫҒАШТАР ҚАНАТ ҚАҒАДЫ

Баланың болашағы алған білімі мен игерген кәсібіне байланысты болған­дықтан перзенті мектеп бітіруге жақын­дағанда  ата-ананың көңіліне алаң кіреді. Заманның ағымын, келешекте сұраныста болатын мамандықтарды, бастысы бала­ның бейімін бағамдап, бағыт беруге ұмты­ламыз. Қателеспеуге тырысамыз. Қай ата-ана болсын, өз қолы жетпеген жетістікке баласының жеткенін қалайды емес пе?!

Осыдан 4 жыл бұрынғы балаларымызға ұсынылған зор мүмкіндік – Мәскеу мен  Петербордың техникалық жоғары оқу орындарында емтихан тапсыруға болатыны туралы естігенде қатты қуандық. Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетінің Ресейдегі  рейтингі, тү­лек­терінің еңбек нарығындағы сұранысы туралы деректерді оқып білдік. Оқушылар ресейлік ұстаздарының алдында сынақ тапсырды. Арада көп уақыт өтпей-ақ оқуға қабылданғандары туралы қорытынды әзір болды. Қыркүйектің қарсаңында балаларымызды қимай-қимай жолға шығарып салдық. Көңілімізде үмітпен қатар уайым да бар. Әлемнің ең ірі қалаларының біріне, жаңа ортаға, орыс тіліндегі сабаққа бейімделуі оңай соқпасы анық.

Уақыт деген жүйрік қой. Төрт жылда қимастықпен шығарып салған балаларымыз азамат болды. Балам Асқар университетті бітіруге, диплом алуға әзірленіп жүр. Инженер-материалтанушы болмақ. Болашақта білімін магистратурада жалғастыратын ойы бар. Мәскеудегі қызылордалық студенттердің көшбасшысы. Сабағы жақсы, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Дос­тарына жанашырлық танытып, көмегін аямайды.

Білім – адамның өмір бойғы азығы десек, жеткіншектердің талабын ұштау, үздік техникалық оқу орындарына жолдама беру облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен жүзеге асып келеді. Ресейлік жоғары оқу орындарын бітіретін түлектердің барлығының жұмысқа орналасуы немесе білімін әрі қарай жалғастыруы  назарда тұр. Балаларымыз облыс басшысымен әр кездесуден зор тәлім алғандарын, қамқор пейіл сезінгендерін айтады. Бұған перзентінің  тілеуқоры – аналар қуанамыз, алғысымызды жаудырамыз. Аға буын жас ұрпақты қамқорлығына бөлеп, армандарына қанат бітірді. Ендігі кезекте алған білімдерін кәдеге жарату, елге қызмет ету – біздің балаларымыздың еншісінде. Талаптары оң болсын!

Баршагүл НҰРҒАБЫЛОВА.

Қызылорда қаласы.    

Білім 19 ақпан 2018 г. 1 183 0