РОБОТОТЕХНИКА ЖАН-ЖАҚТЫ ДАМЫТАДЫ

  Робототехника саласы оқушыларға жаңа технологиялық жетістіктермен танысуға, IT-технологияларды жылдам меңгеруге мүмкіндік беруде. Ол қазір дүниежүзінде кең қолданыс тапқан. Біздің өңірде де робототехникаға қызығушылық танытатын жас инноваторлардың саны артты. Олардың көпсалалы ғылымның тереңіне бойлап, зерттеп-зерделеуге деген ынтасы жоғары. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Шахмардан Махметқожаның да бұл салаға беттегеніне біршама уақыт болды. Бірнеше рет аймақтық, республикалық олимпиадаларға қатысып, техникалық көрмелерден жүлдемен оралған өреннің өресі биік. Келешекте ол құлтемірді бағдарламалауды, инновациялық технологияларды одан әрі игеруді ойлайды.

– Біздің заманымыз – робототехника заманы. Бұрын ол таңсық дүние болатын. Ал, қазір медицинадан бастап космонавтикаға дейін адамдар роботтың көмегіне жүгінеді. Төбеде қалықтап жүріп, мерекелік шараларды бейнеге түсіретін күрделі механизмді робот-дрондарға да көз үйренді. Алдағы уақытта мен де осы саланың қыр-сырына толық қаныққым келеді. Қабілетімді арттыру мақсатында түрлі байқауларға қатысып, бағымды сынап жүрмін. Бұған дейін «WRO-2016» республикалық сайысына қатысып, қоқыс сұрыптайтын роботтың жұмысын таныстырдым. Ол гидравликалық негізде қоқысты сұрыптап, қажетті жәшіктерге бөліп тастауға көмектеседі. Бұл жоба қазылар алқасының ерекше қолдауына ие болып, ІІ орынды иелендім. «Казроботикс-2018»  байқауының аймақтық кезеңінде «Күн батареясының тиімділігін арттыру» жобасын ұсынып, І орынға қол жеткіздім. «Hackday Kyzylorda-2017»  идеялар фестивалінде де  «Digital» командасымен бірге жүлделі ІІІ орынға жайғастық. Роботты жалғыз өзің де құрастыра аласың. Дегенмен, оған біраз уақыт кетеді. Ал топ болып істесең, жұмыс əлдеқайда жеңілдейтінін байқадым. Робототехника – əмбебап өнер. Мұнда біреу болашақ роботтың дизайнын ойластырады, екінші адам компьютерлік бағдарламасын дайындай алады, – деді Ш.Махметқожа.

Шахмардан робот құрастыру үшін математика, физика, информатика пәндерін жетік білу керектігін айтады. Биологияның заңдылықтарын сақтауға да тура келеді екен. Мұның өзі білімге деген талпынысты арттыра түсері анық. Жалпы, робототехника жастардың жан-жақты дамуына айтарлықтай әсер етуде. Бұл – білім саласына инновациялық технологияларды енгізуге күш салып отырған зияткерлік мектептің де жетістігі.

 

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

Білім 15 ақпан 2018 г. 897 0