« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Алыстан дәлел іздеудің керегі жоқ. Біз осы қала шетіндегі Қызылжарма мен Ақжарма ауылының неге солай аталғанын білеміз бе? «Қызылы» мен «ағы» түсінікті. Ал «жарма» сөзі нені білдіреді? Жақында таныс ғалым жарманың «үлкен арық» екенін айтқанда, «е-е, түсінікті» дестік. Қазір біз білетін канал ұғымын бұрынғылар «жарма» деп атаған. Демек, каналды орысша атауымен қабылдағанбыз, ал қазақтың жарма сөзін ұмыта бастадық.
Ойды ой қозғап, әңгімеден оқулықтағы терминдердің жағдайы мәз емесін байқадық. Айталық, су шаруашылығына қатысты «насос» сөзін бір кітапта «сорап» деп атаса, бір жерде «гидравликалық суару машиналары» деп аударған. Мұны айтқанда біз түгілі, сол саланың жілігін шағатын оқытушылардың өзі шатасады. «Суару» мен «суғарудың» да жайы солай. Былай қарасаң, айырма жоқ. Бірақ «ғ» әрпі екеуінің мағынасын бөліп-жарып тұр. Профессор С.Қошқаровтың оқулығы «Суару мелиорациясы» деп аталса, О.Зубаиров кітабын «Суғару мелиорациясы» деп атаған. Студенттер екі сөздің ұқсастығынан шатасып жүр. Сол себепті оны әркім ыңғайына қарай қолданады.
Қызық, терминді қазақшалағымыз келеді, қазақшаласақ қарық қылмаймыз. Мүмкін, «жарма» секілді қазаққа таныс атауларды қайта қолдану керек болар. Бұл туралы биылғы Жолдауда Президент: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы, «ғаламтор» (интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр», − деді. Ұлытау төріндегі сұхбатынан үзінді берсек: «Кейбір ұғымдарды орыс тілінен енген деген желеумен біржақты аударуда. Дүниежүзіне ортақ сөздердің қазақша баламасын тауып жатыр. Талай жазушылармен, композиторлармен сөйлесіп жүрмін. «Пианино», «пиано» деген – халықаралық термин. Оны біз «күйсандық» дедік. Ешқандай жанаспайды. Сандық пен күйдің арасына пианиноны қосуға бола ма? Мысалы, композиторды дүниежүзінде композитор дейді. Біз «сазгер» деп жүрміз. «Саз» деген басқа мағынаны береді. Мұның бәрі неден шығып жатыр? Өйткені орыстың тілінен арылу керек деп ойлаймыз. Біресе түріктен, біресе арабтан, біресе парсыдан аламыз. Сөйтіп, бұзып жүрміз», – деді.
«Жалпы, халықаралық терминге қандай сөздер кіреді, оны аударуға бола ма, болмай ма?» деген сауал төңірегінде филология ғылымдарының кандитаты Болат Боранбаев:
− Термин – тілдегі ғылыми ұғымдардың атауы. Айталық, «аэропорт» сөзі – халықаралық термин емес, халықаралық сөз. Оны неміс немісше, қытай қытайша аударып алған. Ал біз «әуежай» дедік. Алғашында осы секілді сөздерге қазір қолданатын ай аттарына да қарсылық болды, бірақ жас буын бірден игеріп кетті. Біз қалыптасқан жағдайды бұзғымыз келмейді, бірақ шет тіліндегі сөздерді жөнді-жөнсіз қабылдай бермей, қазақ тілінің айтылу заңдылығына сай өзгертіп қолдану керек. Ата-бабаларымыз орыс тіліндегі кровать сөзін – кереует, бревно сөзін – бөрене деп тілдік жүйеге келтірді. Демек, бревно – орыс сөзі, бөрене – қазақ сөзі. Орыстар ағылшын, латын сөздерін аударады, ал біз көбіне орысша нұсқадағы сөзді бейімдеп аламыз. Бұл дұрыс емес. Транслитерация жасағанда сол тілдің өзінен тікелей аударма жасау қажет,-дейді.
Елімізде жаңа терминдер мен атауларды бекіту ісімен мемлекеттік терминологиялық комиссия айналысады. Алайда терминком бекіткен терминдердің өзі бір қалыпқа түспеген. Аудармашылар түсінгеніне қарай сөздердің тонын теріс айналдырып қолданады. Бүгінде қоғамдық және гуманитарлық ғылым бойынша «Жаңа гуманитарлық білім», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асуда. Әлемдегі үздік 100 кітапты аудару қозғалыстың басы болмақ. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, бюроға 800-ден астам кітап тізімі ұсынылған. Жұмыс тобы оларды талапқа сәйкес іріктеп, бірнеше сатыдан тұратын ғылыми және әдеби редакцияның қарауына жіберіп, тек әбден електен өткен дүниені елге таратпақ. Бұған ұлттық университеттерден де мамандар тартылған.
Байқауымызша, жоғары оқу орындарында да кәсіби аударма қалыптаспаған. Көркем аудармадан бөлек, қазір ғылыми аударманың жүгі ауыр, халі мүшкіл. Мақалаға себеп болған пікірлесу кезінде кәріз жүйесіндегі суды бірде «төгінді», бірде «сарқынды» деп қолданатынын білдік. «Төгетін су болған соң, «төгінді» деп қолдану ыңғайлы», − дейді мамандар. Мұндай жүйесіздік тілдік қорды бүлдірмесе, байытпайтыны белгілі. Демек, әр университетте кәсіби аударма тобы болса артықтық етпейді.
Бұл мәселе студенттердің ғана санасын сан-саққа жүгіртпейді. Қарапайым халық та «оңы келсе – оңынан, солы келсе – солынан» дегендей, қалағанынша пайдаланады. Ғылыми ұғымның көбін қазақшалап, бір ізге түсірген Ахмет Байтұрсыновтың шеберлігінің арқасында «буын», «нүкте», «зат есім», «сын есім», «жұрнақ», «жалғау», «қаратпа сөз», «қыстырма сөз», «емле», «леп белгісі» секілді жүздеген термин ғылымға қосылды. Алайда, «фонетика», «морфология», «депутат», «дума», «доктор» сынды халықаралық терминдерге тиіспей, сол күйінде қолдануды ұсынған. Осыған қатысты журналист Серікбол Хасан:
− Ал біз Байтұрсыновтан білімді екенімізді байқатып, докторды – дәрігер, заводты – зауыт, солдатты сарбаз деп қазақшаладық. Ақыры дәрігерді қазақшалаған екенбіз, стамотологты – тіс дәрігері, лорды – мұрын мен құлақ дәрігері деп жазады екенбіз, неге онда кардиологты – жүрек дәрігері, невропатологты – жүйке дәрігері демейміз? Тағы да бірізділік жоқ. Дәрігер дегеннен шығады, медсестраның қазақшасын да қарық қыла алмадық. Медбике (әйел), мейірбике (әйел), мейірболат (ер), мейіргер (ер) деп әртүрлі жазып келеміз. «Медсестраны» «медбике» дедік, ал «старшая медсестра» қалай болады? «Аға медбике» ме? Өзі аға, өзі медбике? Тағы түсініксіз. Онда «медбраттың» қазақшасы қалай? Атақ лауазымында «старшийды» «аға» деуге болатын шығар. «Аға лейтенант» дейміз. Бірақ мекеме басшысы ер адам болса «төраға», ал әйел болса «төрайым» деп атайтынымыз қалай? Бәрін бірдей «төраға» дей берсек болмай ма? Міне, терминді аударғанда қашан да таласқа келіп тірелеміз. Бүйткенше, халықаралық терминдерді аудармай, сол күйінде қалдыру керек пе еді?! − дейді.
Руна жазуларын зерттеумен айналысқан ғалым Аманқос Мектептегі: «Орыстар «пишу» сөзін «пішу» деген мағынадан алған, жалпы славян халық тілдерінің төркіні түркі сөздеріне тіреледі», - дейді. Біз де не жаңа атау тауып, сөздерді сындырып, сіңісті етуіміз керек, не әлемге ортақ кейбірін сол күйі қабылдауымыз керек. Сала бойынша сөздік дайындау, ғылыми атауларды бірізді қылу – бүгінгі күннің жұмысы. Әйтпесе, мына түрімізбен тұтас тілді былғауымыз мүмкін.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |