Келешектің кәсібі

Жасыратыны жоқ, IT саласының жылдам дамуына байланысты оған қатысты мамандықтарға көптің қызығушылығы артты. Бағдарламалау саласына бағытталған арнайы мектептер пайда бола бастады. Бірер жыл бұрын біздің өңірден ашылған «Grand Master» мектебі де келушілерге білмегенін үйретіп, сан қырлы салаға қатысты дүниелерді игеруге септесіп келеді. Заманауи орталық жетекшісі Алмат Қуанышбаев мұнда келушілердің веб-сайт және мобильдік қосымша жасауды меңгеретінін айтады. Сондай-ақ, бағдарламалау мектебінің талабы зор, тәжірибесі кем студенттердің жұмысқа орналасу мәселесін шешуде де көмегі бар.

– Әлемдік IT нарығына көшу әлі де білім мен білікті қажет етеді. Ол үшін әуелі ішкі нарықты реттеу қажет. Ал, ішкі нарықты реттеудің жолы – білімді мамандардың санын арттыру. Бүгінде әрбір бесінші адам ІТ-ға қызығады. Бірақ, оны толығымен игеретіні аз. «ІТ маман қандай программалау тілін меңгергені маңызды емес. Ол музыкант секілді, бастысы есту қабілеті жақсы болса, кез келген музыкалық құралда ойнай алады» деген бар. Икемділік керек. Жалпы жас буынға, ІТ саласына бет бұрған мамандарға айтарым, нарықта қандай талап қойылып жатыр, не нәрсеге сұраныс бар, соны зерттеген дұрыс. Елімізде ІТ компанияларының саны артып келеді, сәйкесінше соған байланысты мамандарға да сұраныс жоғарылайтынын ұмытпайық. Біз де осыны басты нысанаға алдық, жастардың жаңа дүниемен, технологиялармен танысуына ықпал етіп келеміз, – деді А.Қуанышбаев.

Кейіпкеріміз әлемнің Google, Amazon сияқты мықты ІТ компанияларында қазақ жігіттері жұмыс істейтінін, ол айтишниктеріміздің шетелдік үздік мамандармен бір деңгейде дараланатынына тоқталды. Қазақ баласы көп ұзамай IT нарықта топ жаруы тиістігін де айтты.

Расында, біз технологиялық жаңалықтарды жатырқамауымыз керек. Өткенге көз жүгіртсек, айтар дүние көп. Мәселен, Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс осыдан 15 жыл бұрын «ғаламтордан сырт қалған адамның болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін» деп топшылаған. Қазір ол шындыққа жанасып келеді. Сол интернеттің арқасында біз виртуалды өмірмен бетпе-бет келдік. Виртуалды өмірдің арқасында бір-біріне жақын адамдардың арасы алшақтап, бір-бірінен алыс, екі мемлекетте өмір сүріп жатқан адамдардың арасы жақындады. Осыған қарағанда, бүгінгі болжам – ертеңгі ақиқат.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

Білім 08 ақпан 2018 г. 804 0