ЖЕТІНШІ МІНДЕТ БАСЫМДЫҚТАРЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың әр жылғы Жолдауы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа бастамалар іргетасы болып табылады. Осы жылдың басты стратегиялық құжаты еліміздің болашағын айқындайтын 10 түсінікті әрі айқын міндеттерден тұрады.
Еліміз Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне әлеуетті әрі тұрақты экономика, бірлігі жарасқан қоғаммен қадам басып келеді. Қазіргі заманның сын-қатерлері өте қатаң және шұғыл, уақытпен санасқан шешімдерді талап етеді. Сондықтан Елбасының бұл Жолдауы Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Жолдауда адами капиталдың дамуына ерекше назар аударады. Жетінші міндетті қалыптастыру шарттарының бірі ретінде білім берудің жаңа сапасын атап көрсетеді. Жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарттарын дәйектейді.
Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керектігіне тоқталады. Жолдауда айтылған «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігі тек оқу орындарын ғана емес, ата-аналарды, мектеп түлектерін желпінтіп тастағандығы анық.
Жолдаудың жетінші міндетінде педагогтарды оқыту және біліктілігін арттыру жолдары, жоғары оқу орындарына ұстаздарды даярлау жүйесін толықтай қарастыру туралы айтылды. Білім беру процесінде ең негізгі тұлға өз пәнін толық меңгерген, оқытудың әдістемелері мен технологияларын иеленген, шәкірттерінің психологиясы мен жас ерекшеліктерін білетін ұстаз екендігі анық. Жолдауда айтылғандай, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуымен жүзеге асады. Бұл педагогтардың ұдайы түрде өзін-өзі жетілдіруге жол ашады деп ойлаймыз.
Елбасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі, халқымыздың басты құндылықтары ретінде азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім қала беретіндігін баяндады. Мемлекет басшысының осы жылғы жаңа Жолдауы тек мемлекеттік органдар мен құрылымдардың ілгері дамуына ықпал етуімен қатар, барша отандастарымыздың маңызды мақсаттар мен міндеттерді шешу жолындағы ұмтылыстарын туындатады.

Ботагөз ПАРИДИНОВА,
философия магистрі,
«Болашақ» университетінің колледжінің директоры.
Білім 29 қаңтар 2018 г. 1 004 0