ЖЕТІНШІ БАҒЫТ – ІЛІМНІҢ ЖАҢА САПАСЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Елбасының биылғы Жолдауының 7-ші бағыты «Адами капитал –жаңғыру негізі» тақырыбы төңірегінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығы облыстық филиалының директоры София Камалова  және №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Микеева БАҚ өкілдерімен ой бөлісіп, пікірлерін білдірді.
Мұнда София Камалованың айтуынша, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығында педагогтарды кәсіби дамытудың жаңа моделі әзірленген. Мұғалімдер мен мектеп басшыларына арналған білім беру бағдарламалары сабақ беру әдістемесін, технологиясын жетілдіру және тәлімгерлік жүйесі арқылы іске асуда. Ал, орта білім мазмұнын жаңарту аясында жаңа үлгіде әртүрлі категория педагогтары үшін 78 біліктілік арттыру бағдарламалары, оның ішінде  пән мұғалімдері үшін 66 бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылуда.
Ал №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты директорының орынбасары Л.Микеева әрбір тарихи кезеңде қоғамда туындаған талаптарға сай келешек ұрпаққа берілетін білімнің мәні жаңа сипат алатынына тоқталып, Елбасы Жолдауының 7-ші бағыты осының нақты көрінісі екенін атап өтті.
– Жолдауда бүгінгі қоғамның өзекті мәселеcі – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, халықаралық стандарттарға сай келетін жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алған, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу екендігі баса айтылады. Үштілділік мәселесі «Тілдердің үштұғырлылығы» тұжырымдамасынан бастау алып, соңғы жылдары Елбасының әрбір Жолдауында айтылып жүргені белгілі. Алғашқы қадамдар да жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Үштілді білім беруді жүзеге асыратын жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдері курстан өткізілуде,-деді ол.
Бір сөзбен айтқанда, аймақтың білім саласының Жолдауда айқындалған жаңа міндеттерді жүзеге асыруға кәсіби тұрғыдан үлкен мүмкіндіктер бар екені аңғарылды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».

Білім 21 қаңтар 2018 г. 980 0