КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КІЛТІ

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деп айтылған. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы екені негізіне алынады.
Елбасы айтқандай, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуы тиіс. Оның айқын да бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.
Тәрбие мен білімді ұштастырған жұмыстар біздің облыста да қарқын алған. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы жастар саясатына ең көп қаржы бөліп отырған аймақтардың бірі. Бұл ретте, олардың білім алуына, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жасалған қолайлы жағдайды айрықша атап өткен абзал. Биыл мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Мамандар 97 пайыз тек білім сапасының көрсеткіші ғана емес, оған қоса бұл балалар бейтарап маргиналды жастардың қатарын толықтырмайды деген де сенім бар екенін алға тартады.
Тағы бір айта кетерлігі, 2013 жылы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан, әсіресе, талапты ауылдық жерлердің балаларына аймаққа қажетті мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін әкім гранты тағайындалды. Бүгінде 600-ден аса бала грант иегері болып отыр. Қазір Сырдарияның сол жағалауында құрылыс жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Бір атап өтерлігі, онда бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұсқасы бойынша облыстық музейдің құрылысы жүргізілуде. Тарихқа көз жүгіртсек, Қызылордада дәл осы Қазақ Орталық Атқару комитетінде 1925 жылы бұрын «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымыз «Қазақ» деген түпкі атын ресми иеленіп, тарихи шешім қабылданған болатын. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болады. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ. Сондай-ақ, сол жағалаудан Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді. Онда жастарға жан-жақты даму мәселелерімен айналысуға мүмкіндік туады. Қызылордада екі бірдей жастар орталығы болады. Сонымен қатар, өңіріміз жыл сайын «Серпiн» бағдарламасы бойынша грант алу конкурстарында ең үздік нәтижелер көрсетуде. Бұл бағдарлама аясында бүгінде 4 мың жас оқып жатыр. Келешекте олар тәуелсіз еліміздің нығаюына өз үлестерін қосатынына сенім мол.
Болашаққа бағдар боларлық мақалада «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап өтеді. Сыр елінде бұл бағыттағы жұмыстар да қолға алынған.
Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында облысымыздың 452 түлегі грант негізінде білім алуда. Олар техникалық мамандықтар бойынша, әсіресе, IT, металлургия, технолог, химия салалары бойынша білім алуда. Оған қоса, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий облыс жастары үшін 2018 жылдан бастап Мәскеу мемлекеттік университеті есебінен 20 грант бөлу туралы шешім қабылдады. Келесі жылы Ресейде оқып жатқан жастардың алғашқы легі елге оралады. Қазірдің өзінде оларға қажетті жұмыс орындары дайындалды.
Тәуелсіз елдің ертеңі жастар екені белгілі. Болашақтың бүгіннен басталатынын ескерсек, ертеңіміз деп сенім артқан жастарымызды рухани жаңғыру жолында біріктіруіміз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп тегін айтылмаса керек-ті. Қашанда «бірлік бар жерде тірлік бар» екенін ұлы халқымыз жақсы білген. Біз бүгінгі жетістіктерімізге, мекен етіп жатқан ұлан-ғайыр байтақ жерімізге, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін берік сақтаған елімізге, тіпті, сан ғасырлар бойы арман болып келген егемендігімізге осы бірліктің арқасында қол жеткіздік. Сол себепті, мақсат-мұраттарымызға жету үшін, экономикасы дамыған, саяси әлеуеті бұдан да артқан әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енгіміз келсе, жастарды берік бірлік пен мызғымас тірлікке бастаған жөн. Қалай болғанда да, жастар жайы елдің ертеңімен тығыз байланысты. Кемел келешектің кілті де жастардың қолында.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Білім 05 желтоксан 2017 г. 1 053 0