ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ

Біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі – саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақ­сат-міндеттері, басымдықтары мен оған жет­кізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыс­тары­мыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз – деп атап көрсеткен болатын Елбасы Н.Назарбаев өз жолдауында.

Бұл жетістікке қол жеткізу үшін әрине бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажет.
Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсы­на алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, соны­мен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбекресурстары болуы мүмкін.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты  жолдауында: «Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.
Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі таңда келесідей қадамдар жасалуы қажет.
Бірінші, Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті. Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек.
Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс», - деп атап көрсеткен.

80 жылдық тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша бірқатар бағыттарда   жұмыстар  атқарып отыр.

Біріншіден, қазіргі таңда барлық мамандықтар бойынша «Кәсіпкерлік негіздері»  атты пән оқытылуда. Басты мақсат - құрылыс саласы, ауылшаруашылығы, педагогикалық бағыттар және басқа да салалар бойынша оқып жатқан студенттерге кәсіпкерлікпен шұғылданған жағдайдаоның қыр-сырларын үйрету.

«Кәсіпкерлік» пәнін оқытуда студенттерге жалпы бизнес жоспар құрылымы, бизнес этикасы, бизнестегі қаржылық сауаттылық, алынғын қаржыларды қайтару мәселесі қарастырылады.

Яғни, Бизнес-жоспар - бұл кәсіпкерлік іскерлікпен байланысты басқарушылық шешімдерді кешенді, жүйелі түрде түсіндіретін, алдына қоятын мақсаттарды және одан шығатын міндеттерді анық көрсететін, сыртқы және ішкі жағдайларды объективті тұрғыда бағалайтын, мақсаттарға жету үшін қажетті ресурстарды анықтайтын , берілген шешімнің тиімділігін дәлелдей алатын құжат.

Бизнес-жоспар жасауда төмендегі сұрақтарға баса назар аударылғаны жөн:

Сізге қанша құрал қажетті?

Сізге берілген ақша қалай жұмсалады?

Сіз өз өніміңіз немесе қызметтеріңізді қай жерде және қалай сатпақшысыз?

 Өз инвесторларыңызға ақшаны қалай қайтармақшысыз?

Екіншіден, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлары, аспиранттары, магистранттары және студенттерінен құралған Қазақстан Республикасы Ғылым комитетінің 2015-2017 жылдарға ғылыми зерттеу жұмыстарын гранттық қаржыландыру  аясында «Отбасылық бизнес – халықтың өмір сүру жағдайын жақсартудың инновациялық тәсілі ретінде» тақырыбындағы жоба  бойынша жұмыстар атқарылды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттеріне сәйкес, ең алдымен, «отбасылық бизнес» ұғымы ғылыми теориялық тұрғыда негізделіп, оның негізгі анықтамасы толықтырылды.

Отбасылық бизнес - меншік иесі және басқару ісі бір отбасы мүшелеріне тиесілі және отбасы мүшелерінің бір бөлігі осы кәсіпорында тікелей қызмет ететін кез-келген кәсіпорын.

Біздің елімізде бұл термин кең көлемде қолданылмағанымен, дүние жүзінің көптеген елдерінің экономикасында шешуші рөл атқарады және бұл ақиқат. Соған байланысты дамыған елдер тәжірибелері зерттелді, қазіргі даму тенденциялары қарастырылды.

Жұмыс тобымен Қызылорда облысының ауылдық елдімекендеріндегі отбасылық кәсіп иелері, жалпы өз ісін бастауды мақсат еткен азаматтары арасында жүргізілген анкеталық сауалнамалар нәтижелері мен өңірдегі шағын кәсіпкерліктің даму деңгейіне статистикалық деректер негізінде жан-жақты экономикалық талдау жасалды.

Жоба орындаушыларымен Қызылорда қаласы және оның аудандарында 400-ден астам кәсіпкер, жалпы жаңадан ісін бастауды ойластырып жүрген тұрғындардың қатысуымен сауалнама өткізілгенболатын.

Жүргізілген сауалнама нәтижелері келесідей қорытындылар жасауға мүмкіндік береді:

Өңір тұрғындары «Отбасылық бизнес» ұғымын «Өзін-өзі жұмыспен қамтып, отбасын асырау» деп түсінеді, яғни сауалнамаға қатысушылардың 30,5% осылайша жауап берген. Онан кейінгі 27,7%-ы «Шағын және орта бизнеспен айналысу» десе, 24,7% респонденттер бұл сұұрақтың жауабын «Жеке кәсіпкер болу» деп түсіндіреді.

Мұның нәтижесінде, біз өңір халқының «отбасылық бизнестің» ұрпақтан ұрпаққа берілетін қызмет түрі екендігің, және отбасының барлық мүшелері бір іспен шұғылданатындығын әлі де болса терең түсініп, отбасылық бизнесті басқару мен ұйымдастыру тетіктерін жете меңгермегендіктерін байқаймыз.

Өңір тұрғындарының 42,5%-ы отбасылық бизнеспен шұғылданатындықтарын айтқан, әрине бұл жақсы көрсеткіш. Әсіресе отбасылық бизнеспен айналысушылардың саны Сырдария ауданында және Қызылорда қаласында көп болып отырғандығы анықталды. Керісінше, ең төменгі көрсеткіш Қармақшы және Жалағаш аудандарына тиесілі болып тұр.

 Жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сүйене отырып, біз өңір аудандары мен қаласында тек отбасылық бизнес ғана емес, сонымен бірге шағын және орта бизнестің даму қарқынын, қазіргі таңдағы қалыптасқан жағдайларды (ерекшеліктерін, артықшылықтары мен кемшін тұстарын, бизнесті жүргізудегі кедергілерді, т.б.) шынай бағалап, келесідей қорытындыға келдік:

Қызылорда облысында отбасылық бизнестің дамуын тежеуші факторлар ретінде респонденттер бірінші орынға «Отбасылық бюджеттің тапшылығын» жатқызса, екінші орынға – «Тәжірибенің жоқтығы», келесі-үшінші орында – «Кәсіпкерлік білімнің жеткіліксіздігі» факторларын қояды.

 Ол әрине, облыс бойынша, жалпы республика бойынша шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған іс-шаралардың кеңдігі мен көптүрлілігіне қарамастан, әлі де болса халықтың қаржылық, экономикалық сауаттылығының жеткіліксіз дәрежеде екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, көп жағдайларда несие және қаржы ресурстарының қол жетімділік деңгейінің төмендігі, құжаттар толтыру, банктермен келісім-шарттар жасасу, кепіл-заттар ұсыну секілді мәселелердің ұзақ мерзімге созыуы, тіптен, әкімшілік кедергілердің бар екендігін байқатады.

Қызылорда облысы бойынша барлығы сауалнамаға  400 адам қатысқан, олардың  ішінде 15-29 жас аралығындағылар – 207; 33-35 жастағылар – 80; 35-45 жастағылар – 70 және 45-60 жас аралығындағылар саны – 43 адамды құрады. Облыс бойынша сауалнамаға қатысқандарды жыныстық белгісіне қарай саралайтын болсақ, олардың 251-і – әйелдер болса, 149-ы ерлер. Сауалнаманың «Отбасылық бизнес» ұғымын қалай түсінесіз деген сұрағына жауаптар төмендегідей болды:

- Үй шаруашылығын жүргізу – 66

- Отбасының мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған қызметтер мен өнім өндіру – 69

- Өзін-өзі жұмыспен қамтып, отбасын асырау – 122

- Шағын және орта бизнеспен айналысу – 111

- Жеке кәсіпкер болу – 90

- Шаруа қожалықтарын ашу – 47

- Ұрпақтан ұрпаққа берілетін қызмет түрі – 74

- Отбасының барлық мүшелері бір іспен шұғылданады – 68

- Жауап беруге қиналамын – 11

Қызылорда облысының сауалнамаға қатысушы тұрғындары отбасылық бизнестің қандай түрімен айналысуға болады деп есептейсіз деген сұрақтың 10 жауабынан жиі таңдаған жауаптары – мал шаруашылығымен айналысу- 131, сүт өнімдерін өндіру - 63, бақша өнімдерін өсіру - 58, гүл өсіру - 22, кондитерлік цех ашу - 47, шаштараз ашу - 72, баспалық қызмет көрсету - 21, көтерме сауда - 86.

Сондай-ақ, отбасылық бизнесті дамытуда ұрпақ тәрбиесі, жастарды бизнес жүргізу дағдыларына баулу аса маңызды іс. Жас адамдарда көбіне табысты кәсіпкер болу әлеуеті бар, бірақ жеке ісін ашу үшін бизнес-білімі мен капиталы жоқ.

Елбасымыз 2017 жылғы 31 қаңтарда Қазақстан халқына жолдаған кезекті жолдауының екінші басымдығын – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту деп жариялады.

Сонымен бірге, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру және Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс екендігін атап өтті.

Сондықтан, біздің ойымызша, өңірде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту үшін: тұрғындарды бизнес жүргізу мен қаржылық сауаттылыққа үйрету, жоғарғы, орта  оқу орындарында жаппай кәсіпкерлік білім беруді қолға алу және барлық оқу орындарында «Студенттік бизнес инкубатор» орталықтарын ашу қажет деп ойлаймыз.

Қорқыт Ата атындағы  Қызылорда мемлекеттік университеті

«Экономика және менеджмент» кафедрасының меңгерушісі,

экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Л.А.Казбекова,

экономика ғылымдарының кандидаты А.Е.Муханова

Білім 29 қараша 2017 г. 918 0