САНАЛЫ ҰРПАҚТЫ САПАЛЫ ОҚУЛЫҚ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Осы орайда табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», – деген болатын. Осы орайда, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігі туындап отыр. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Биыл 2, 5, 7-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшсе, келесі оқу жылында 3, 6, 8-сыныптар көшеді. Оқытудың жаңа мазмұны оқулықтың да жаңашылдығын талап етеді, оқулықтар да заман талабына сай өзгеруі тиіс. Осы мәселеге орай еліміздің бірнеше облысында 3, 6, 8-сыныптарға арналған оқулықтарды талдау, сараптау мақсатында семинарлар ұйымдастырылуда. Соның бір көрінісі – «Мұрагер» мектебінде келер оқу жылында қолданысқа енуі тиіс жаңа мазмұндағы оқулықтарды талқылаудың республикалық семинары болып өтті.
Семинарға «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Б.Кәрімова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім институтының директоры Қ.Рахымжанов қатысты. Семинар мақсатына сай оқу құралдарын сарапқа салу үшін 500-ге жуық тәжірибелі мұғалімдер, облыстық, қалалық білім басқармасының өкілдері және оқулық авторлары бас қосты. «Атамұра», «Арман-ПВ», «Мектеп», «Жазушы», «Көкжиек-Горизонт», «Білім», «Кітап», «Келешек-2030», НЗМ, «MACMILLAN», «EXPRES», «CAMBRIDG», «OXFORD» баспаларынан келген бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру пәндері бойынша типтік оқу бағдарламаларын әзірлеушілер, баспа үйінің авторлық өкілдері 17 пән бойынша секция жұмыстарын өткізді. Облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев 17 пән бойынша секциялардағы мұғалімдермен пікірлесіп, семинарға қатысушылардан 6, 8-сыныптарға арналған оқулықтардың мазмұнының білім сапасына сәйкестігі мен жүйелілігін талдап, қажет болған жағдайда тиісті талаптар енгізуді ұсынды. Ал «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Б.Кәрімова: «Оқу басылымдары мен электронды оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер басқа да құжаттар мен оқу материалдарына мемлекеттік ғылыми-педагогикалық сараптама жүргізу арқылы Қазақстан Республикасында білім сапасын жоғарылатуға ықпалымызды тигізейік!» деп қатысушыларға оқулықтардың сапасын көтеру бағытындағы жоспарынан хабардар етті.
Жиынға қатысушылар оқулықтардың барлығы білім берудің заманауи стандарттарына сай жазылғанын айта келіп, басылым кезінде орын алған орфографиялық қателерді түзетуді, сонымен қатар, біршама қосымша мәліметтерді енгізу жөнінде ұсыныстар айтты. Қатысушылар оқулық авторларынан оқу үдерісінде кездесетін өзекті сұрақтарына толыққанды мағлұматтар алды. Семинар жұмысын қорытындылаған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім институтының директоры Қ.Рақымжанов:
– «2017-2018 оқу жылының ІІ тоқсанынан бастап 6, 8-сыныптардың оқулықтары апробациядан өткізіліп жатыр. Одан кейін оқулық авторларына осы оқулықтарды өңдеуге, пысықтауға тағы да уақыт беріледі. Бүгінге дейін келіп түскен ұсыныстар оқулықтарды пысықтау кезінде ескеріледі. Мұның бәрі болашақтың қамы үшін жасалып жатқан жұмыс. Білім министрлігі болсын, Алтынсарин академиясы болсын, осы бағыттағы жұмыстарды және мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуді жалғастырады», – деді.
М.Дулатовтың: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» деген сөзі білімнің қаншалықты маңызды екендігін тағы бір дәлелдейді.
Иә, ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Ал жалпыеуропалық стандартқа сай жаңа білім беру – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.

Гүлшат СМАҒҰЛОВА,
облыстық білім басқармасы оқу орталығының бөлім басшысы.
Білім 27 қараша 2017 г. 962 0