Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласатыны айтылады. Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде «Руханиятты қолдау» қоғамдық қоры «Туған жерге тағзым» жобасы аясында бірнеше байқау өткізген болатын. Қазан айынан бастау алған шара қарашада өз мәресіне жетті. Кеше қаладағы «Дарын» қосымша білім беру орталығында байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өткізілді.
Жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында өткізілген байқауларға 100-ге жуық үміткер қатысқан. «Сыр өңірінің табиғаты» деп аталатын бейнебайқауда 3-орынды Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 3-курс студенті М.Жұмаділдаева иеленсе, 2-орын «Абзал и К» операторы Е.Мұханбетжанға бұйырды. Жүлделі 1-орынды қаладағы №23 мектептің информатика пәні мұғалімі И.Қуан қанжығасына байлады.
«Сыр өңірінің табиғаты» атты фотобайқауда 1-орынды №2 Мұрагер мектебінің 5-сынып оқушысы А.Нұрман алса, одан кейінгі орындарға Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенттері – Т.Кенжебаева мен А.Сейітова жайғасты. «Атаулар сыр шертеді» атауымен өткен үздік пост жариялау байқауында 1-ші орынды Жалағаш ауданындағы «Балдәурен» балабақшасының меңгерушісі Н.Исабекқызы еншілесе, 2-орын қаладағы №7 мектептің 3-сынып оқушысы А.Ахметбекке бұйырды. Бұл сайыста үздік үштікті Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті А.Мұхтар қорытындылады. «Туған жер естеліктері» тақырыбындағы эссе онлайн-конкурсының қорытындысы бойынша 1-орынды Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті Е.Тұрсынқожа, 2-орынды «USIMAS» оқу орталығының мұғалімі Г.Ермекқызы алды. Ал, 3-орын Жаңақорған ауданындағы «Каспий банк» менеджері А.Қайназарованың еншісінде.
Біз өз кезегінде жүлдегерлердің бірін сөзге тартқан едік.
– Мен №2 Мұрагер мектебінің 5-сынып оқушысы Азамат Нұрман боламын. Фотабайқауға қатысып, жеңімпаз болдым. Бұл байқауға 4 фотосурет жіберген болатынмын. Өзім суретке түсіргенді жақсы көремін. Бұл туған жеріміздің табиғатын сүюге тәрбиелейді, – деді балғын жеңімпаз. Ал, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы Аягөз Әбдіразақова мұндай байқаулардың жастарға берері көп екенін жеткізді.
– Жалпы, 9 қазаннан бастау алған шара 10 қарашаға дейін жалғасты. 4 тақырып бойынша өткізілген байқауларға 100-ге жуық жұмыс келіп түсті. Байқау жеткіншектердің рухани жаңғыру жолында белсенділігін байқатты, – деді ол.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.