Сапалы білімді әрдайым алдыңғы қатарға қоятын Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да: «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп рухани жаңғырудың терең білімнен бастау алатынын, ХХІ ғасыр білімге негізделген жаңа экономиканың ғасыры екендігін баса айтты.
Өзінің бастау бұлағын осыдан мыңдаған жылдар бұрын Платон Академиясы, Аристотель Лицейі, Александрия мұражайы сияқты Еуропа жоғары оқу орындарының құрылуынан бастайтын университеттік білім берудің іргетасы Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары қалана бастады. Өткен ғасырдың 40-жылдары Қазақстанда 12 жоғары оқу орны болса, соның бірі Қызылорда қаласындағы педагогикалық институт болатын.
Корей халқын Қиыр Шығыстан жер аудару туралы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 21 тамыздағы аса құпия қаулысы бойынша корей ұлтымен бірге Корей педагогикалық институтының Қызылордаға қоныс аударуы негізінде бүгінгі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің іргетасы қаланды. Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында жоғары білімді мұғалімдер даярлайтын оқу орындары болмағандықтан, Қызылорда педагогикалық институтының ашылуы сол кезеңде тарихи маңызы зор оқиға болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеудің ауыл шаруашылығын механизациялау және электрлендіру, Симферополь медицина институты, Киев, Харковь университеттері Қызылорда қаласына көшіріліп, пединститут базасында жұмыс жасаған.
1952 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен педагогикалық институтқа Николай Васильевич Гогольдің есімі, ал 1992 жылы түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыт Ата есімі берілді. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институты Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті болып қайта құрылды. Білім ордасына Қорқыт Ата есімін беруде және институтты университетке айналдыруда мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовтің еңбегі ерекше.
Отызыншы, қырқыншы жылдардағы қилы кезеңдер біздің оқу орнын да айналып өтпеді. Біз сол ауыр кезеңдерде болаттай берік топтасқан азаматтарға, әсіресе ардақты ұстаздарға қарыздармыз. Олар аштықты, қуғын-сүргінді басынан өткере жүріп, өздерінен кейінгі ұрпақты білім нәрімен сусындатып, олардың болашағы үшін өлшеусіз еңбек етті.
Біздің парызымыз сол ұстаздарды әркез есте сақтап, қалдырған рухани мұраларын жастарға әрдайым насихаттау. Осындай тарихи тағылым ұрпақтан ұрпаққа жалғасса нұр үстіне нұр болмақ.
Университеттің 80 жылдығы қарсаңында бірінші рет «Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітап шығарылды. Кітапта университетте әр жылдары қызмет атқарған, бұл күнде арамызда жоқ аға буын әріптестеріміз туралы естеліктер мен лебіздер жинақталған. Көпсалалы университетті құрып, қалыптастыруға, оның уақыт талабына сай дамып, өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген осындай алдыңғы буын ағаларымыз бен апайларымызға, әріптес, замандастарымызға ризашылығымыз шексіз.
ХХ ғасырдың 60 жылдарының ортасында Кеңес Одағында қабылданған ұзақ мерзімді халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге арналған бағдарламасы аясында Қызылорда облысы көлемінде суармалы жерлер қарқынды игеріле бастады. Бұл өз кезегінде білікті инженер мамандарды қажет етті. Осыған байланысты КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1976 жылғы 13 шілдедегі № 136 бұйрығымен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалы ашылды.
Көп жылғы үздіксіз, мақсатты жүргізілген жұмыстардың және филиал директоры Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаевтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1990 жылы филиал Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты болып дербес шаңырақ көтерді. 1992 жылы институтқа екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың есімі берілді. Институт 1996 жылы ҚР Үкіметінің 7 мамырдағы №573 қаулысымен Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты болып қайта құрылды.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты негізінде еліміздегі жоғары оқу орындарының әлеуетін көтеру, мамандар даярлау сапасын арттыру мақсатында олардың қызметін оңтайландыру тәжірибесі қолға алынып, нәтижесінде көптеген мемлекеттік жоғары оқу орындары біріктірілген болатын. Осы орайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы №256 қаулысымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының бірігуі негізінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрылуы білім ордасы үшін жаңа тарихи белес еді. Бүгінгі күні оған да жиырма жылға жуық уақыт болыпты.
Мерейлі мереке қарсаңында білім ордасының қалыптасуы мен дамуына ерекше еңбек сіңірген оқу орны басшыларының есімдерін атау орынды деп санаймын. Әділ Ермеков, Базарбек Өсербаев, Оралхан Камардинов, Абай Айтмұхамедов, Уәлихан Бишімбаев, Бақберген Досманбетов, Байзақ Момынбаев, Болатбек Абдрасилов – ғылыми-ұстаздық, басшылық-ұйымдастырушылық қызметтерін оқу орындарының өсуі мен өркендеуіне арнады.
Әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатында университет 1998 жылдан бастап Ұлыбританияның, Италияның, АҚШ-тың, Польша, Бельгия, Ресей Федерациясы, Канада, Түркия, Оңтүстік Корея, Австрияның және Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің 70-ке жуық жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен әріптестік байланыс орнатты.
Мамандарды шетелдерде даярлау, халықаралық стандарттарға сәйкес оқу бағдарламаларын жетілдіру мақсатында 1996 жылдан бастап Ресей Федерациясының бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында мақсатты түрде жас ғалымдарды даярлау қолға алынды.
2005 жылдың қыркүйек айының 15 жұлдызында Италияның Болонья қаласында университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойдық. Сөйтіп келешек жас ұрпақтың қалыптасуына мүмкіндік жасап, еліміздегі белгілі жоғары оқу орындарының қатарында халықаралық білім кеңістігіне жол аштық.
Университетте 2000-2001 оқу жылынан бастап аймақтағы алғашқы әскери кафедра ашылды. Осы ретте әскери кафедраның, сонымен бірге құқықтану, дәстүрлі музыкалық өнер-жыр мамандықтарының ашылуына қолдау білдірген сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі, бүгінгі Қызылорда облысының әкімі, университет Қамқоршылық кеңесінің және Байқау кеңесінің төрағасы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа облыс әкімінің білім гранттарын тағайындап, талантты жастар мен университет ұжымына көрсетіп келе жатқан ерекше қамқорлығы үшін зор алғысымызды білдіреміз.
Аймақтық жоғары оқу орнының өсіп-өркендеуі сол аймақтың экономикалық-әлеуметтік, рухани дамуымен тікелей байланысты. Осы ретте бүгін 80 жылдық белесті бағындырып отырған университеттің қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Еркін Әуелбеков, Сейілбек Шаухаманов, Виталий Брынкин, Оңалбек Сәпиев, Сейітсұлтан Әйімбетов, Бердібек Сапарбаев, Серікбай Нұрғисаев, Мұхтар Құлмұхаммед, Икрам Адырбеков, Қожахмет Баймаханов сынды ел ағаларына құрмет сезімімізді білдіреміз.
Бүгінгі 80 жылдық асқаралы белес биігінен білім ордасының тарихы мен жүріп өткен жолына шолу жасай отырып, қандай жетістіктерге қол жеткіздік, алда қандай асулар бар, соған тоқталайық.
Университет 60 бакалавриат, 30 магистратура, 9 докторантура бағдарламалары бойынша білім беру қызметін 2017-2021 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспарының алты бағыты бойынша жүзеге асыруда. Елбасымыздың тапсырмасына сай университет ұжымы бірқатар ауқымды жобаларды қолға ала отырып, оқу үдерісін ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесі негізінде халықаралық білім кеңістігіне интеграциялану бағытында жұмыс жасауда. 2012-2013 оқу жылынан бастап университетте 16 мамандық бойынша үш тілде білім беріліп, алғашқы түлектер аймағымыздың түрлі саласында табысты қызмет атқарып келеді. Үш тілді еркін меңгерген педагог мамандар даярлау бағытындағы жұмыстар да нәтижесіз емес.
«Цифрлы Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде цифрлық индустрияны дамыту, білім саласында цифрлық технологияларды қолдану бағытында оқу орнында «Ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру» басқармасы құрылды. Университет пен қазақстандық робототехника федерациясы арасында робот саласы бойынша мамандар даярлау мақсатында меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер» кафедрасының студенттеріне Робототехника бағыты бойынша дәрістер жүргізілуде. Өз кезегінде оларға кәсіби практикадан робототехника федерациясының Қызылорда филиалының базасын пайдалануға мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге, облыс әкімдігі мен Microsoft компаниясы арасындағы меморандумға сәйкес университетте бірлескен ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізу мақсатында Microsoft академиясын ашу жұмыстары жүргізілуде.
Көрнекті ғалымдар мен ғылымды ұйымдастырушылар, жастарға жол көрсетуші танымал педагогтардың жетекшілігінің арқасында ғылыми мектептердің үлгісі уақыт талабына қарай дамыды. Ғылым мен өндірісті ұштастыруды басты назарға алған университет ғалымдары 2011-2012 оқу жылынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде ғылымның барлық саласында жиырмадан аса ғылыми-инновациялық жобаларды орындап немесе жүзеге асырып келеді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық сананың жаңғыруы ұлт руханиятының терең тамырын түлетумен байланысты екенін атап өткен болатын. Талай тарихтан сыр шертетін Қызылорда облысының аумағындағы мәдени-тарихи мұраларды сақтау, қорғау және археологиялық-этнографиялық ғылыми зерттеулер жүргізумен «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы айналысады. Аталған орталық осы бағытта бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. «Қорқыттану және өлке тарихы» институты, Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығы Сыр өңірінен шығып, есімдері әлемге танылған тұлғалар мен Мұстафа Шоқай мұраларын зерттеуде. Осылайша, университет ғалымдары бірнеше салада ғылыми мектептер қалыптастырды, оқу орны білім, ғылым ордасы ғана емес, Сыр өңіріндегі рухани-мәдени орталыққа айналды. Осы уақыт аралығында мамандар даярлауда өзіндік дәстүр қалыптастырып, еліміздегі іргелі жоғары оқу орындары қатарынан лайықты орынға ие болды.
Ойлы көзбен, шынайы сергек сезіммен қарасақ: киелі білім ордасынан 80 жыл ішінде небір айтулы азаматтар қанаттанған екен. Университеттен түлеп ұшқан мемлекет және қоғам, өнер, әдебиет пен мәдениет қайраткерлері, ұлт руханиятын өркендетуге үлестерін қосқан түлектер Кеңес Одағының Батыры Иван Журба, мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев, аты аңызға айналған бұлбұл әнші Роза Бағланова, академик Рахманқұл Бердібаев, сонымен қатар бүгінгі Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, көрнекті ғалымдар Нәдір Кәрімұлы Нәдіров, Досмұхаммед Кішібеков, Әбдімәлік Нысанбаев, Амангелді Саданов, Юрий Ким, Лесбек Тәшімов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев сынды түлектеріміз тек тәуелсіз Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдердің зиялы ортасы құрмет тұтатын тұлғалар.
Университет түлектері даңқты спортшылар: ауыр атлетикадан төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин, Әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері Александр Зайчиков, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешев, Самбодан Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Жамал Бозова, велосипед спортынан Әлем чемпионы Марат Сатыбалдиев, бокстан Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова, бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және Дүниежүзілік универсиаданың ауыр атлетикадан күміс жүлдегері Рүстем Сыбай – еліміздің мақтаныштары.
Сексенжылдық тарихы бар ұжымның алдына қойған ендігі мақсаты – университетті инновациялық-кәсіпкерлік білім беретін жоғары оқу орнына айналдыру, университеттердің ең беделді халықаралық рейтингтеріне қатысу. Сонымен қатар, білім, ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар және инновацияны дамыту саласындағы Мемлекеттік бағдарламалардың мақсаттарына қол жеткізе отырып, ақпараттық қоғам қалыптастыру ісіне нақты үлесін қосу арқылы өркениет өрісінің жаңа белестерін бағындыру жолында қызмет жасау.
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы,
техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.