ҰЛАНЫМЫН ҰЛЫ ЕЛДІҢ

Өркениетті мемлекеттер халқы­ның ертеңі үшін ең бірінші орынға баланы қояды. Қазақстанда да балалар үшін бар мүмкіндік жасалған. Балалардың болашағының жарқын болуы үшін Елбасының бастамасымен 2011 жылдың 6 шілдесінде балалар мен жасөспірімдердің «Жас Ұлан» ұйымы құрылды.
Ұйым алдында үлкен жауап­кершілік тұрды, бастапқы ұйымдас­тырушылық деңгейден өтті. Көзінде оты бар, өнерлі, дарынды, ақылды, ұшқыр, алғыр балалардың рухани орталығына айналды. Алғашқы болып қабылданған жасұландықтар бүгінде еліміздің белді жоғары оқу орындарының студенті атанып, «Жас Ұлан» идеяларын жалғастырып келеді. Сырбойылық жасұландықтардың алғаш­қы шарасы 2011 жылғы 2 қыркүйектен баcталады. Бұл күн әрбір баланың есінде қалды. Себебі, сол күні орталық алаңда ұйым қатарына қабылдау шарасына облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы қатысты.
Айналамызда болып жатқан барлық іске белсене араласып жүрген 70000-нан астам жасұландықтың қоғамда өзіндік орны бар. Күні кеше Қазалы ауданында Ғани Мұратбаевтың 115 жылдығына арналған V облыстық «Ұланымыз ұлы елдің» атты слет өтті. Соның аясында «Мен Ғанимын, мәңгілік тірі жүрген» атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Онда 50-ге тарта оқушының шығармасы іріктеліп алынып, кітапшаға жинақталды.
Ғани.... Дәл осылай атағың келеді! Себебі, жас ғұмырында өнегесімен бізге үлгі болып қалған Ғани біздің жүрегімізде мөп-мөлдір жастығымен қалды. Сондықтан жақсылыққа құмар әр баланы біз Ғани деп танимыз. Ауқымды шарада тұсауы кесілген жинақ сол сәттен республикамыздың түкпір-түкпіріне жол тартты. Бұл еңбек Сыр ұландарының да серігіне айналары сөзсіз. Шараға Ғани сыйлығының былтырғы иегерлері қонақ ретінде қатысып, Сыр ұландарының игілікті істеріне қуана қол соқты.
Ата-бабамыз тектінің өміршең болатынын айтқан. «Жас Ұланның» ғұмыры ұзақ болатыны сөзсіз. Себебі, оның бойында тектілік те, тарих та, ізгі ниет те бар. Осы орайда Ғани өмірін тәуелсіздік жолындағы күрес тарихының бір парағы, қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қоятын парасаттылықтың баяны, тарыққанды демеп, жабыққанды жебеп, жақсылыққа жетелеген ізгіліктің үлгісі деп таныдық. Сондықтан Ғани рухын құрметтеу – бізге міндет.
Ұлы тұлғаның 110 жылдығында «Ғани – ғұмыр жаңғырып, тарихта қалған мәңгілік» тақырыбында конференция, жыл сайын «Мен Ғанимын...» тақырыбында ақындар мүшәйрасын өткізу дәстүрге айналды. Ғанидың тұлғасын тереңірек тану мақсатында «Шығыстың жарық жұлдызы» сағаттары ұйымдастырылып тұрады. Балалар әлеміндегі игі істер жобасы бойынша дәстүрлі «Ғани жолымен» мейірімділік акциясында ұландар қайырымдылық шараларын іске асырады.
Жастық жалынымен бүкіл шы­ғыстың жарық жұлдызына айналған Ғани Мұратбаев – жас ұландардың темірқазығы. Сыр ұландары қысқа уақытта перзенттік парызын өтеп үлгерген Ғани өнегесін ұлықтайды. Ғаниды жырлау, Ғаниға еліктеу – заңдылық.

Г.АҚМЫРЗАЕВА,
облыстық «Жас Ұлан» ұйымының жетекшісі.
Білім 06 қараша 2017 г. 941 0