Бар ғұмырын балаға арнайтын қазақ атамыз ұрпағымен мерейленіп, болашағын болжап, жақсыға жорып, үміт және сеніммен ғұмыр кешкен екен. Тілі жаңа шыға бастаған балдырғанға жеті атасын үйретіп, ел үшін өмір сүрген жақсы мен жайсаңды әңгімелеп, елжандылыққа тәрбиелегені өздеріңізге мәлім. Ал қазіргі кезде көңілі толған жасөспірімнен мектебін, ұстазын сұрастыру дағдыға айналған. Осындай сұраққа: «1 Май мектебінде!» – деп қуанышпен жауап беретін шәкірттері Отанымыздың түкпір-түкпірінде алуан қызмет атқарып, халқына адал еңбек етіп жүрген Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиямыз – алдыңғы толқын ағалардың аманатын абыроймен алып келе жатқан өзіндік орны бар киелі білім ордасы. Ғасырға жуық тарихы бар мектебіміздің іргетасы 1918 жылы қаланған екен. Жаңалыққа жаны құмар, өз білгенін өзгеге үйретуден жалықпаған сол кездегі зиялы қауым өкілдері Сара Есова, М.Ғазизов, А.Ибрагимов, Ш.Валлиулин, Н.Бекболатов, Ә.Қызылқожаев сияқты білім саласының беткеұстар азаматтарының бастамасымен Ақмешіт қаласында мұсылман мектебі болып ашылып, оқуға қазақ, өзбек, татар жастары тартылған. 1920 жылы қазақ балаларын оқытатын 2 жылдық қазақ мектебі бөлініп шығады да, 1922 жылы оқу мерзімі төртжылдық Абай атындағы бастауыш қазақ мектебіне айналады. Ал 1934 жылдан бастап жетіжылдық мектеп болды. Жергілікті атқару комитетінің ұйғарымымен 1936 жылы жетіжылдық мектеп «1 Мамыр» атауымен атала бастады да, 1973 жылы үшқабатты ғимаратқа көшті. Өскелең өмір талабына сай «1 Мамыр» мектебі 1991 жылдан бастап қазақ орта мектеп-лицей болып құрылды. 2003-2004 оқу жылы мектеп ұжымы мен оқушылары үшін ерекше жыл болды. Мектеп-лицей гимназияға ауысып, аты өзгерді. Мектепке жазушы, драматург, сатирик, осы мектептің түлегі Қалтай Мұхамеджановтың есімі берілді.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» десек, әр мектеп өз түлектерімен көрікті екенін өмірдің өзі көрсетеді. Мектебімізден нәр алып, көктеген талай жас шыбықтың тамыры тереңдеп еменге айналғанына Сыр елі түгел куә. 100 жылға жуық тарихында талай ұрпақ білім алып, тәрбие көріп, болашаққа қадам басты. Берісі – аудан, облыс, әрісі республиканың экономикасы мен мәдениетіне үлкен үлес қосқандары қаншама?!. Солардың ішінде мемлекет қайраткері, белгілі академик Шахмардан Есенов, сөз зергері, жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджанов, Сыр өңіріне ерен еңбек еткен Зейнолла Жарқынбаев, Еламан Жүнісбаев, білім беру саласында өзгеше жаңалығымен, іскер басшылығымен ерекшеленетін Сейтқасым Жүнісов, екі рет Парламент депутаты болған ғалым Әбдіжәлел Бәкіров, медицина саласының білгірі Тұрғанбай Маханов, тағы толып жатқан абзал ағаларымыздың еңбек жолдары бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Осындай ел ағаларының халқы үшін еткен ерен еңбектері еленіп, алғысқа бөленген кездерін мақтанышпен айтамыз, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етеміз.
Ақын-сазгер Ділдахан Торғаева осы мектепте еңбек етті, білім жолындағы алған асуы мен бағындырған биігі, ұстаздық дастаны бізде деп марқаямыз. Шығармашылықпен сабақ беретін ұстаз-ақынның әр сабағы халықтық педагогикаға бай, ұлттық болмысымызды дәріптеген, ана тілімізді ұлықтаған, адалдықты ту еткен, жақсылықты жыр еткен тәлім-тәрбие көзі болатын. Мектеп-гимназия ерекшелігі де осындай шығармашылықпен жұмыс атқаратын ұстаздары мен дарынды шәкірттерінде екенін жұртшылық біледі.
Халық ілтипатына бөленген Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясы қала мектептерінің қара шаңырағы саналады. Білім ордасына келесі жылы бір ғасыр, жүз жыл толады. Мұсылман мектебі болып ашылып, өзінің ғасырға жуық өрлеу тарихында талантты, дарынды шәкірттері мен ұлағатты ұстаздары бірлігімен тамаша жетістіктерге жетіп, ынтымағы жарасқан білім ұясы атанды. Осы уақытқа дейінгі тарихы «Жұлдызды мектеп», «Тарихы да, тағылымы да мол мектеп» кітаптарына арқау болған оқу ордасы білікті басшыларымен, білімді ұстаздарымен, дарынды оқушыларымен де ерекшеленеді. Сонау тарихынан білім мен өнер сайыстарынан жүлдесіз оралмайтын мектеп-гимназиямыз 2016-2017 оқу жылында да түрлі білім, өнер сайыстарынан, пәндік олимпиада, ғылыми жобалардан жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін көтеріп, абыройын асқақтатқан тәжірибелі ұстаздар мен жас мұғалімдер өздері де, оқушылары да халықаралық ғылыми жобалар байқауына қатысып, арнайы жүлдеге ие болса, республикалық, облыстық түрлі сайыстардан жақсы жетістік көрсете білді. Қалалық пәндік олимпиададан 18 оқушының 1,2,3-орындарға ие болуы жүйелі білім мен сол білімді орынды қолдана білуде тұрғандығы айқын. Мектебіміздің ардагер ұстазы Ф.Дауытбаеваның оқушысы Маден Мадина математикадан облыстық Асқар Жұмаділдаев атындағы арнайы сайыстан 100 000 теңгелік жүлдені ұтып, ұстаз еңбегінің ақталғандығын көрсетсе, берілген білімді қабылдай білген шәкірт зеректігін де байқатты. Ұжым мұғалімдері де – өз жұмыстарының ерекшелігі мен мағынасын түсіне білетін, шәкірттерін тәрбиелей отырып оқытатын, ұстаздықты өмірлерінің мәні деп ұғатын жан-дүниесімен шынайы ұстаз жандар. Сондай ұстаздардың бірі Сарманқұлова Венера өзі мен оқушыларының ҰБТ көрсеткіштерімен, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардан, Қазақстан бойынша интернет олимпиададан жақсы нәтижемен облыс әкімінің арнаулы 150 000 теңгелік жүлдесіне ие болып, ұстаз еңбегінің ізгі ілтипатқа ие болу мүмкіндігін көрсетті. Осындай білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаз Сәуле Әлденованың еңбектегі жоғары жетістігі мен толағай табысы мектебіміздің 100 жылдығы қарсаңындағы қосқан үлесі мен арнаған сыйы деп білеміз.
Жалпы, мектеп ұжымы мен оқушылар келесі жылғы мерейтойға ішкі, сыртқы, рухани дайындықтарды әлдеқашан бастап та кетті. Мектеп-ана тарихына арналған мұражай жоспарланып, түрлі құжаттар, суреттер, басқа да мектеп өміріне қатысты жәдігерлер жинақталуда.
Осыған орай үстіміздегі жылдың 14 қазанында мектеп-гимназиямызда ашық есік күні өткізілетінін, оған мектеп түлектерінің қатысуын құптаймыз. Бұрынғы «1 Май», қазіргі Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия түлектері білім ордасының келер жылғы 100 жылдығына дайындық шараларынан қалыс қалмайды деп сенеміз.
Мектеп өміріне қатысты әрбір құжаттар, естеліктер рухани жаңғыруға үн қосып, өткен тарихты електен өткізе отырып, өскелең ұрпаққа тағылымды да тәрбиелі шара болады деп білеміз.
Данабек АБДРАЙМОВ,
Қ.Мұхамеджанов атындағы
№ 1 мектеп-гимназия директоры.